Халқымыздың сүйікті әншісі – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали НҮСІПЖАНОВ 80 жасқа толып отыр. Өмірдің асқаралы асуына қадам басқан өнер иесін мәртебелі мерейтойымен құттықтай отырып, арнайы алынған осы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Нұрғали аға, қоғам өзгерген соң оның қозғаушысы адам да өзгереді, рас қой. Бірақ, мен үшін өнер адамы, оның ішінде, әсіресе, әншілер... өзгермейтіндей болып көрінеді де тұрады. Бұлай дейтінім, сіздің сахнадағы әрбір сабырлы қимылыңыз бен аузыңыздан шыққан әрбір салмақты сөзіңіз осындай ой топшылауға жетелейді...
– Дұрыс байқағансыз, менің мамандығым мен өмірге деген көзқарасым өзгерген емес, өзгермейді. Ол – мәңгілік тура жол. Жыл өткен сайын кәсібің өсіп, тәжірибең жетіледі, өкшеңді басқан өнерпаз іні-қарындастарыңның бет алысы бойыңды бұрынғыдан да тік ұстауға, олармен есептесуге бейімдейді. Адам – ата-ананың, одан соң халықтық тәлім-тәрбиенің шипасымен жетіледі. Екі мыңжылдықтың ішінде қоғам қаншама рет өзгерді, өзіңіз ойлаңызшы, бірақ, адам өзгермейді...
– Жарайды келістік. Ал заманға сай мінез-құлқы өзгеретіндер туралы не айтар едіңіз? Жалпы, өнер адамдарының бекзат мінезі жаратылыстағы сирек құбылыс қой дегенді айтқым келген еді?!
– Атадан қалған «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген сөз бар. Бұдан сәл ертеректе, өнердегі шығармашылық ғұмырымда менің ақиқатын айтамын деп бір министрдің жүрек талмасын ұстатып қоя жаздағаным бар. «Жөні қалай деп өзіңіз сұрадыңыз. Мен сонда өтірік айтуым керек пе? Жалпы, ақылдасқан адам азбайды деген. Бұдан былай да ақыл сұрап тұрыңыз» дедім сонда. Содан сол министр көпшіліктің ортасында менімен жылы жымиып сүйісіп, құшақтасқанымен, «пікір сұраудан» тайсақтайтын болды. Менен алыс жүретінді шығарды. Бұрын мұндай мінезі жоқ еді. Сіздің адамның өзгеруі туралы сауалыңызға айтарым осы. Мен мұның бәрін жеке бір көзқарастардың астамшылдығы ғой деп бағалар едім.
– Рахмет. Жалпы, сіздің өмір жолыңыз қызықты оқиғаларға толы... Қарапайым ауыл баласы консерваторияға қалай түсіп, қалай опера әншісі атанды?
– Оның несіне таңданатыны бар, менің тұстастарымның көбі ауылдың өнер «академиясын» бітіргендер ғой... Біздер кемпір-шалдың тәрбиесін алған адамдармыз. Ауылдан оқу аңсап Алматыға келдік. Консерваторияға түсу үшін музыкалық орта білімің болуы керек екен. Өйткені, консерватория шәкірттерін классикалық ілімге тәрбиелейді дейді. Ал енді, ондай мектеп ауылда қайдан болсын? Бұл арада маған атақты Ілияс Омаров көкемнің көмегі көп тиді. Сол кісінің тапсырмасымен консерваторияның жанынан екі жылдық дайындық курсы ашылды. Сөйтіп, консерваторияңызды еш қиналмай бітірдік. Бағымызға қарай біздің өнердегі өмірде қалыптасуымызға сол кездегі ұстаздарымыз елеулі үлес қосты. Біле-білсеңіз, Мұхтар Әуезов атындағы «Әкем» театр деген оның академиялық атауынан туған жоқ, ол тура мағынасында, яғни өнер ордасының әкелік қамқорлық рөлі болғандықтан солай аталады. Сол театрдан бүгінгі Абай атындағы опера және балет театры бөлініп шықты. Өйткені, академиялық театрда музыкалық спектакльдер де қойылып жүрген. Опера театры соғыс жүріп жатқан 1944 жылы ашылды. Адам санасын тәрбиелеу, оның қадір-қасиетіне әсер ету ешуақытта тоқтамауы керек. Ашсың ба, жалаңашсың ба, өнер өз орнын табады. Атылардың алдында әнін айтып тұрып көз жұмғандар бар, білесіз ғой?! Өнердің құдіреті сонда.
– Ойыңызды жалғап жіберейін. Қазіргі жағдайда да, еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері Астана мен Алматыда талай-талай театр, талай-талай өнер ғимараттары ашылды...
– Жаңа театр ашылуы тиіс. Меніңше, Үкімет оның негізгі қызметі мен міндеттерін назарында ұстауы керек деп ойлаймын. Театр – ұлттық тәрбиенің көшін бастайтын өнер, ол бүгінгінің идеологиясы, үгіт-насихаты. Саналы адам тәрбилеуде өнердің қолынан келетіні көп. Қазақтың санғасырлық әні мен күйінің, жырының өзі тұнып тұрған тарих пәні емес пе? Халықтың елге, жерге деген тағылымын, педагогикалық тәрбиесін қазақтың өнері атқарып келген. Өнер – өте нәзік дүние. «Тойшыл боп кеттік» деп кейитін әңгімелерді құлағымыз естиді. Ол дұрыс емес, өнер – еріккеннің ермегі деп кім айтты? Дегенмен, қазақ өнерінде, оның ішінде ән саласында талғампаздық қалып барады. Қазақ ежелден барлық ұлттың әнін талғамай айта береді, орындайды. Оның оң жағы да, теріс жағы да бар. Сырттан келіп сіңіп жатқан саз иірімдері, мәтіндері біздің төл өнерімізге кесапатын тигізіп кетеді-ау деген жағын ойластыра бермейміз. Ол – қазақтың ән өнері үшін қасірет дер едім. Көп жағдайда ақ пен қараны ажыратуға, жақсы мен жаманды бөлуге, сараптама жасауға икеміміз келмей қалады. Жекелеген өнер отаулары да базарлар секілді сансыз өлшемде ашылып кетті. Оның асылы қайсы, жасығы қайсы – сараптау Үкіметтің еншісінде дер едім. Өйткені, зияны өнер жолында жүрген бейкүнә жастарға тиіп жатыр...
– Бүгінгі өнердегі жастардың жайынан хабардармыз. Жалпы, бүгінгі өнер адамдары арасындағы салалық ынтымақтастық, ауызбірлік, серіктестік қандай, бұрын қандай еді?
– Бұрын... ол міндеттердің барлығын Үкімет атқаратын. Кеңес заманын айтып отырмын. Бізге өнер адамдарына қойылатын идеологиялық талап күштік құрылымдарға қойылатын талаптардан да зор, өте жоғары болатын, иә... оны біреу білер, біреу білмес. Біз оны жүрегімізбен сезіндік. Еліміздің, халқымыздың талғамы биік тұрса, алдымен өнер гүлденеді. Елімізде нөпір концерттер болып жатады. Өз минис-
трлігімді жамандағаным емес, сол концерттерден не министрліктің, не әкімдіктердің бір де бір қызметкерін көрмеймін. Ал ертеректе билік өкілдері біздің репетициямыз аяқталғанша талмай тыңдап, қатысып, керекті жерінде ойын бөлісетін...
Ал қазір жастарды, кешіріңіз, «көше» тәрбиелеп жатыр. Буырқанған жылдам уақыт. Қазақтың кеңдігін, дарқандығын пайдаланатын ұйымдар мысықтабандап келіп ішімізге кіріп кетті. Жем болып та жатқан жайымыз бар. Жастардың барлығы бірдей олардың жетегінде кетті деуге де тілім бармайды. Өз орнын біліп, қандай қамалды болса да бұзып алғы шепке шыққан жастарымыз да баршылық. Олар дегенде көңілім тасып қалады. Ал сіз айтып отырған біздің тұстастарымыз арасындағы ынтымақтастық тек қоғамдық негізде жүруде. Ондай бірлестіктерге әркім өз еркімен бас сұғады, қаламаса, бармайды да. Солай.
– Сіздің радио мен теледидардан төгілген әніңізбен тербеліп өскен буынның бірі алдыңызда отыр. Сіздің айтқан әндеріңіздің әуезділігі жүрек толқытып, дауысыңыздың тартымдылығы жанға жайлы болып келеді. Ерекше. Сіздің дауысыңыз...
– Ендеше, мен оған кінәлі адамдардың атын атап, тізіп шығайын... Олар – Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев және басқалары... Дауыс жайына келсек, әр адамның мінезі, өзіне тән іс-қимыл әрекеті секілді өзіне тән дауысы болады емес пе? Мен бар болғаны сол жоғарыдағы атақты кісілердің әндерінің насихатшысымын. Олар әнді жақсы жазды, мен жақсы орындауға тырысамын...
– Өзіне тән «дауысы жоқ» әншілер туралы не айтамыз?
– Шыңғыс ханға қаруластары «Төңіректің бәрін жайпап барамыз, жететін де шығар» дейді. Сонда Шыңғыс хан «Күш-қуатым барда өзім жаулайын, кейін жауларымды менің дақпыртым жаулайды» деп айтыпты дейді. Біздің өнер саласында қазір сол аңыз керісінше реңк алған, алдымен әншінің дақпырты шығады, содан соң тыңдарманының жүрегін жаулайды... Дейтұрғанмен де, жастарға тілекшімін. Жұлдыздары жанса деймін. Жоғарыдағы өзім айтқандай мықты композиторларға кездессе, әннің сөзін жазған ақындары талғамды болса екен деймін.
– Мансапқа көзқарасыңыз қалай?
– Ол енді адамына байланысты. Кішкентай болса да орынтақты жақсы көретіндер бар. Мен ол қатарда жоқпын. Менің сахнада жүргеніме 60 жылдан асыпты. Бұйырған дүниені көріп келе жатырмыз. Өзім қызметте жүрген Жамбыл атындағы консерваторияда мерейтойлық бір концертті екі оркестрмен өткізіп жіберу ойымда болған. Бірақ, қала басшылары «Ақпанның 21-інде 80 жылдығыңызды Абай атындағы опера және балет театрында өткізіп берейік» деп қолқа салып отыр. Алдымен мына бүкіләлемдік Универсиаданы өткізіп алайық дейді. Спорттық ол шара да оңай іс емес. Еліміздің абыройына сын.
– Консерваториядан соңғы өнердегі өмір жолыңыз қалай жалғасты?
– Консерваториядан соң Қазақ радиосында жұмысқа тұрдым. Ол жерде екі оркестр бар еді. Ауылда жүргенде Қазақ радиосына шығып ән айту қол жетпес армандай еді, бір-ақ күнде орындалды. Әуелде музыкалық редакцияның редакторы қызметін атқардым. Музыка өнерінде қалыптасып, тіпті, толысуыма радионың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Екінші тынысым сол жерде ашылды, радиожурналистика дегеннің не екенін білдім әрі сөз қадірін түсінуді бастадық. Аты белгілі авторлар, әншілер, композиторлар бәрі сол радиоға келеді. Ол жерде көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Ал Үкімет ол кезде радиодан қаламақыны аямады... Жаспыз, атақты бір кісімен таныссаң, бұрын оқымаған бір кітаптың бетін ашқандай әсерде жүреді екенсің. Ән айтуды да тоқтатпадым. Демалуды білмедім. Оқуға түсерге дейін ауылда қой баға жүріп, елеулі еңбегім үшін Коммунистік партия қатарына өткенмін, радиодағы қызметте оның пайдасын көрдім. Коммунист адамда жауапкершілік ерекше болады, мен бөлімде басшылық қызметтер атқардым. Тәжірибе алмасудың жолымен Мәскеуге жиі барып тұрдым. Үлкен мектептен өттім. Радиодан соң, мемлекеттік бір комитетте болғандықтан да кейін мені телевизияға шақырды. Сол жерде мемлекеттік комитеттің төрағасымен «сөзге келіп қалып», содан соң Құрманғазы атындағы оркестрге қызметке ауысуға тура келді.
– Шынымды айтайын, сізді «сөзге кеп қалады» дегенге қимай отырмын.
– Менің өмірімдегі ең бірінші әрі соңғы тәжікелесуімнің өзі де сол шығар. Комитеттің жаңа басшысына менің қызмет орным керек болды-ау деймін. Тиісіп қоймады. Содан бір жиналыста ішек-қарнымды ақтарып тастадым, «Баланы ұра берсе батыр болады» дегендей, жиналыстың үстінде «Жолдастар, рұқсат етіңдер, мен бұл кісімен комитеттің басшысымен емес, коммунист пен коммунисше сөйлесейін» деп алдым да, бар кемшілігін бетіне бастым. Соның ақыры, оркестрден бір-ақ шықтым. Сонда 30 жылдай еңбек еттім. Кейін «Қазақконцерт» өзіме арнап жеке мобильді «Жазира» атты ансамбль құрып берді. Оның қатарында жүріп 10 жылдай ән салдым. Тұңғыш рет Түркияға, Қытайға сапарлап барып, концерт қойып қайттық. Басшыларға базарлық беруді білмеппін, кейін ұқтым. Заман өзгеріп келе жатқан екен. Содан халықтың қалауындағы әлгі топ оңтайланып, қысқарып кете бардық. Қазір өнердегі дара тұлға Нұрғиса Тілендиев ағамыздың «Отырар сазы» оркестрінде қызмет істеймін.
– Қазақстан өнерінің білікті мамандарын дайындайтын Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында сіздің қызыңыз Бибігүл Нүсіпжанованың ректорлық қызмет атқаратынын білеміз. Отбасыңызда Бибігүлден басқа өнерге атсалысып жүргендер бар ма?
– Бибігүлден кейінгі қызым Алма да, күйеу бала да – дәрігер, үшінші қызым Дариға өз отбасымен бизнесте жүр. Нұргүл – Парижде өткен Рубинштейн атындағы халықаралық пианистер байқауының жеңімпазы. Кенже қызым Нұрзада да өнер жолында, жүрегі мүсіншілік кәсіпті қалады. Қазір Испанияда, өнер академиясында оқиды.
– Сіздің бұл сұхбатыңыз «Егемен Қазақстанның» жаңаша пішімде шығып жатқан нөмірлерінен орын алады...
– Мен – ел газеті «Егеменді» сонау «Социалистік Қазақстан» кезінен бері қарай, өмір бойы жастанып оқып келе жатқан тұрақты оқырманның бірімін. Қоғамдық барлық өзгерістерде де бас басылым қалтамыздан түспеді. Газеттің жаңа жылдан бастап өзгерген пішімі маған ой салды. Былайша айтқанда, бірден ұнады. Сымбатты жігіттей болып жарасып тұр. Заман жақсыға қарай өзгеріп барады емес пе?!. «Егеменнің» бұл өзгерісін әлемдік стандарттарға сай екенін де жақсы білемін. Ұлы көштен қалмағанымыз жақсы. Қазақстан жас мемлекет. Республикамыздың дүние жүзінің озық елдерінің қатарынан көрінгенін құптаймын, қуанамын. Бұл арада бас газетіміздің атқарар рөлі қомақты. Сондықтан да, сүйікті газетіме, оның ұжымына жаңа жылда жаңа табыстар тілеймін. Газет бетінде жағымды жаңалықтар көп болсын деймін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суретті түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ