Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарында ақылы білім алып жатқан 2 мыңнан астам студентке тегін білім грантын бөлген екен. Әрине, гранттарды беру үшін министрлікте арнайы комиссия құрылып, оқуға деген ынтасы мол, болашағы зор жастар іріктеліп алынғаны белгілі. Нәтижесінде еліміздегі 70 жоғары оқу орындарында ақылы білім алып жүрген 11 615 студенттің 2206-ы мемлекеттік тегін білім грантына лайық деп танылды. Олардың қатарында біздің облыстан да студенттер бар. Ал, жалпы, білім гранттарының басым бөлігі агрономия, техника және спорт мамандықтары бойынша оқып жатқан жастарға бөлініпті. Ал, бұл өндірісті өңір үшін және қазақ жастарының жаңа техниканың тілін тауып, үйреніп, зауыт, кәсіпорындарға жұмысқа келулері көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Жуырда облыс орталығындағы «Достық» үйінде тегін білім гранттарын жеңіп алған студенттерге куәлік тапсыру салтанаты өтті. Олардың қатарында облыс орталығындағы Инновациялық Еуразия университеті «Көліктің эксплуатациясы және тасымалдауын ұйымдастыру», педагогикалық институттың «Дене тәрбиесі және спорт», Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университеттің агрономия, Екібастұздағы Қаныш Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институты «Көлік, көліктік техника және технология» мамандықтары бойынша білім грантын жеңіп алған бір топ студенттер бар. Грант иегерлерінің атынан студенттер Сабина Сағынаева мен Асқар Тыныбаевтар мемлекет көрсеткен бұл қамқорлықты ақтап, алдағы уақытта сенімнен шығатындарын жеткізді.
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар.