Кейде Қадағаңның айтқанына қосылғымыз келмейді-ақ. Бірақ, қазекеңнің болмысын тап басып айтқан соң амалсыз мойындауға мәжбүр боласың. «Қазақ осы: Қарасың ба, Ақсың ба, Қоңырсың ба, Жатырқауды білмейтін». Қазақтың Қадыр ақыны жатырқауды білмейді дегенде, кең пейілді қазақтың даралығын, дарқандығын айтып отырғанында сөз жоқ. Әйтсе де, соның екінші жағы да бар тәрізді көрінеді бізге. Өйткені, «жатырқауды білмегеннің» арқасында жатжұрттықтардың қандай ниет-пиғылы бар екеніне қарамастан, босағасынан аттағанның барлығын құшақ жая қарсы алады. Алғашқыда ештеңе байқалмайды, ал зардабы кейінірек, жылдар өте шығып жатады. Кеңес Одағының тұсында қазақ жерінің «Ұлттар лабораториясына» айналып, өз жерінде алаштың ұрпағы азшылыққа айналғаны да сол себепті ғой. Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың барлығын өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары қарсы алып, барымызбен бөлісіп, өзі тар баспананың бір бұрышын соларға босатып бердік емес пе. Ал 50-ші жылдарғы көштің жөні бөлек. Тың көтереміз деп Хрущевтің желпілдеген желөкпе мінезі қазақ даласының теріскейін тағы да интернационалдық көшке ұластырды. Миллиард пұт астық аламыз деп аттан салудың ақыры құнарлы топырақтың эрозияға ұшырауына әкелді. Ана тіліндегі 700 мектептің жабылып, қазақтың «коммунизмге жету үшін» ұландарын жаппай орыс мектепке беретіні де сол тұс. Қырық жылдан кейін Жұбан ақынның Колбиннің алдында қасқайып тұрып сөйлегенінде сол тың игеру кезіндегі ұлтты тұқыртқан жағдай да қамтылған еді-ау. 1986 жылдың 31 желтоқсанында Жазушылар одағы үйінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинмен кездесуде ақын көкіректе шемен болып қатқан шерді ақтарған еді: «…Соғыс жылдарында қазақтар Отанымыздың адал әрі қаһарман қорғаушыларының бірі болды. Осы ер, кеңқолтық, жомарт, өршіл әрі кәдімгі аңқау, ұлттық шектеушілік мүлде жат халық өзінің кеңдігін тың игеру кезінде де көрсетті. Тыңға сан түрлі адамның келгені ешкімге құпия емес, оның ішінде бұрынғы қылмыскерлер де, ақша қуған уақытша құлқынын тойдырушылар да болды. Осындай адамдардың байырғы халықтың ұлттық намысына тиетін әрекеттер жасағаны аз емес. Бірақ қазақтардың партия шақырып отырған істің ұлылығын түсінуге ұстамдылығы жетті. Қазір басқаша жағдай орнады. Республикада ұлттық арасалмақ өзгерді. Бұның өзі тыңдағы көп жерде қазақ мектебінің саны күрт кеміп кетуіне әкеп соқты, ал қалалардағы істің жайын айтпаса да болады. Тіпті Алматыдағы қазақ мектептерінің саны, егер қателеспесем, екеу не үшеу. Ал балалар бақшасының мәселесі бұдан да өткір. Және де ана тілін меңгеру дәл осы балалар бақшасынан басталатыны бізге белгілі. Кейбір қазақ ауылдары, тіпті кей жердегі аудан орталықтарының әлеуметтік жағдайлары тең емес. Тыңда – әдемі жаңа үйлер, ал бұларда – тоқал тамдар, оларда – асфальт жолдар, ал бұларда – бабаларынан қалған баяғы керуен жолы». «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың рухын өлтірмеуге жанталасқан қайсар ақынның осыны айтқанына да бүгінде отыз жыл толды. Құдайға шүкір, одан бергі жерде Қазақ елі тәуелсіздігін алып, әлемге таныла бастады. Шет мемлекеттермен барыс-келіс көбейіп, байланысымыз нығая түсті. Әрине, қарым-қатынасы бар болғырдың екі жаққа тиімді болғанына не жетсін. Бірақ та, маған тауарлардың экспорты өз алдына, идеологиялық экспорт көбірек ойландырады. Былай қарағанда, ашық қоғам болғаннан кейін мәдениеттердің өзара байланысы заңды сияқты. Бразилияның, Үндістанның, Қытайдың, Корея мен Түркияның киноларын тамашалағанда ештеңе тұрған жоқ тәрізді. Өскелең ұрпақтың санасына фильмдердің қимылдары бірден ұялайтынын ешкім жоққа шығара алмасы анық. Ендеше, кейіпкерлердің әрекеттерін жанына жақын қабылдайды деген сөз. Мысқалдап кірген кеңес идеологиясын батпандап шығара алмай отырғанда, жаһан жұртының қырық құрау идеологиясын бойға сіңірер болсақ, Алаш өзінің табиғи болмыс-бітімінен ажырап, рухани дәстүрінен алшақтап кетпей ме? Олай болса, кімге өзіңнің қазақ екеніңді сөзбен дәлелдеп жүрмексің?! Басқа жұрттардың идеологиялық экспансиясына қызығушылық немесе жылдам бейімделушілік идеологиялық иммунитетіміздің әлсіздігін көрсетеді. Ұлттық иммунитеттің қарсылығын күшейту дегеніңіз үлкен де ауқымды мәселе. Ол мемлекеттік деңгейден басталып, қарапайым жандарға барып тіреледі. Өркениеттің өрісі Батыста немесе басқа елдерде деген көзжұмбайлық сенім құлдық психологияның кезекті бір көрінісі. Олай болса, ғасырлар бойы тіні үзілмей келе жатқан ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртып, Алаштың бүгінгі ұрпағының бойына сіңіре білу ғана қазақтың табиғи болмысын сақтап қалады. Сонда ғана идеологиялық иммунитеттің сыртқы идеологиялық экспансияға қарсылығы күшейіп, ұлттық «меннің» соңғы кезде тілге жиі тиек етіп жүрген «Мәңгілік Елге» айналуына мүмкіндік береді. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
•
19 Қаңтар, 2017
Идеология һәм иммунитет
644 рет
көрсетілді