• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Өзін өзі басқарудың өзекті қадамы

423 рет
көрсетілді

Халқының саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтерге бюджеттен 110 млрд теңге беру мәселесі оң шешіле ме? Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жүргізуімен палатаның 2017 жылдағы алғашқы жалпы отырысы болып, онда алты мәселе қаралды. Отырысты ашқан Нұрлан Нығматулин жаңа жылда депутаттардың алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген жауапты міндеттер тұрғанын, оларды тек сапалы заңдар қабылдау арқылы ғана тиімді шешуге болатынын айта келіп, «біз аймақтарда болып, сайлаушылармен де кездестік. Осы уақыттарда айтылған барлық мәселелерге алдағы заң шығару жұмысымызда ерекше көңіл бөлетін боламыз», – деді. Отырыстың күн тәртібі бекітілгеннен кейін депутаттар ұсынылған заң жобаларын талқылауға кірісті. Солардың ішінде қызу талқыға түскені де, халыққа барынша керектісі де «Кейбір заңнамалық актілерге жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Бұл заң жобасы бойынша халқының саны 2 мыңнан асатын ауылдық округтердің әкімдіктеріне бюджет енгізіліп, оған кейбір салықтар мен айыппұлдардың есебінен қаражат құйылатыны көзделген. Ондай әкімдіктердің жалпы саны елімізде шамамен 2,5 мың екен, міне, енді осыларға бұрын мемлекеттік бюджеттің басқа деңгейлеріне түсіп келген 110 млрд теңгедей қаражат берілмек. Бюджеттің басқа деңгейлері дегеніміз: республикалық, облыстық және аудандық болып бөлінетін 3 деңгей, енді оларға 4-ші деңгей қосылды. Сөйтіп, заң жобасы қабылданатын болса, Қазақстан бюджеті 4 деңгейлі болады. Бұл өзгеріс ауыл халқының көптен күткен жаңалығы еді. Өйткені, «ауыл әкімі» деген аты дардай болып, су жаңа «Нивамен» құйғытып жүрсе де оның қолында ешқандай ықпалды күш жоқ еді. Жолды қардан тазарту, көктем мен жазда батып қалған машинаны сүйреп шығару сияқты апатты жағдайлардан құтқару, қарттарды құттықтау, ардагерлерге көмек беру, елді мекенді абаттандыру және сол секілді ауыл төңірегінде толып жататын жұмыстарды ұйымдастыратын әкім. Өйткені, халық көмек сұрап әкімге келеді. Ал ол өзінің қолында ешқандай қаражат тетігі болмағандықтан, шаруалар мен фермерлерге жалынып, соларға тәуелді болып жүргені. Бюджеті болса кез келген тракторды жалдап, жұмысын бітірмей ме? Осыны халық та, депутаттар да, журналистер де айтып, талай рет көтерген. Енді, міне, мәселе Президенттің Ұлт жоспарының 98-қадамында берілген тапсырмаға сәйкес шешілуге аяқ басты. Алайда... алайда, нақты іске келгенде басқа емес, депу­тат­тарымыздың өзі осынша қара­жатты ауылдық округке берудің тиімділігі бар ма, деген дүдәмал ойлардың тиегін ағытты. Бәрін басынан бастап айтайық. Заң жобасы туралы баяндаманы жаңа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жасады. Оның айтуына қарағанда, жергілікті өзін өзі басқару бюджеті ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бас­тап халық саны 2 мыңнан асатын әкімшілік бірліктерде ашылса, халық саны бұдан аз округтерде 2020 жылдан бастап ашылады. Осы бюджетті басқару мәселесі жергілікті қоғамдастық жиналысында талқыланғаннан кейін аудандық мәслихатта бекітіледі. Ал бюджетті атқару ауыл әкімінің аппаратына жүктеледі. Сонымен қатар, жергілікті өзін өзі басқарудың коммуналдық меншігі институтын құру да көзделген. Сұрақ беру рәсімі басталғанда аймақтарға барып, халықпен кездесіп, күш алып келген депутаттар қызу белсенділік танытты. Бірінші болып сөйлеген Құралай Қарекен бюджетті ауыл округтерінің бәріне бірдей неге ашпаймыз, өйткені, 2 мың халқы бар округ пен 700 адамдық тұрғыны бар округтің әлеуметтік жағдайында ешқандай айырмашылық жоқ қой деп сұрады. Оған Тимур Сүлейменов тұрғындардың әлеуметтік емес, экономикалық әлеуетін ескеріп осындай қадамға барғандарын жеткізді. Депутат Берік Оспанов 1 желтоқсандағы мәліметке қарағанда, ауылдық округ әкімдерінің есепшоттарында рес­публика бойынша 3,6 млрд теңге игерілмеген күйінде жатқанын айтты. Ал қажеттілік үшін бөлінген жалпы сома 11 млрд теңге екен, ендеше, соның 30 пайызға жуығы игерілмеген деген сөз. Бюджет ашып, оған бөлінген қаражат та осылай игерілмей қалмай ма деген қауіп білдірді. Министр мұндай деректің өздеріне белгілі екендігін айта отырып, есепшотқа аударылған ақша еркін жұмсалатынын, ал бюджет болғанда ол нақты шығыстарды қамтитынын және тиісті органдар оның орындалуын қадағалайтынын жеткізді. Сондықтан бұл ешқандай заң бұзушылық емес, деді министр. Осы арада Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин де сұрақ беріп, өзін өзі басқару бюджетін жалпы мемлекеттік бюджетпен интеграцияландыру үшін сіздерге Қазынашылықтың бүгінгі таңдағы ақпараттық жүйесін кеңейту керек қой. Сіздер осы мәселені шешуге дайынсыздар ма деп сұрады. Оған Т.Сүлейменовтен нақты жауап болмаған соң, отырысқа қатысып отырған Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельеваның жауап беруін сұрады. Қаржы вице-министрі тиісті жұмыстар былтырдан бастап жүргізілді, барлық әкімшілік бірліктер жалпы ақпаратқа қосылды, қазір Қазынашылық жүйесі мен мемлекеттік түсім жүйесі қосылуының шағын жұмыстары ғана қалды, олар да жақын уақытта аяқталады деген еді. Спикер оны өз сөзінен ұстап: «Осыдан біршама уақыт қана бұрын сіздер бізге Қазақстанда жаппай дек­ларация жасаудың мүмкін еместігін айттыңыздар, өйткені, мемлекеттік түсімнің ақпараттық жүйесі ауылдық жерлердегі Интернеттің коммуникациялық қолжетімділігімен үйлеспейді деген едіңіздер. Сол үшін сіздер жаппай декларация жасауды 2020 жылға дейін шегердіңіздер, ал енді 2018 жылдан біздің жүйелеріміз дайын дейсіздер. Осының қайсысына сенуге болады», деді. Алайда, Қаржы вице-министрі өзінің сөзінен қайтпай, жүйелердің үйлесімділігіне қол жеткізілгенін айтты. Осындай мәселелер көп көтеріліп, бюджеттің дұрыс атқарылуына, кіріс пен шығыстың жетілген түрдегі бақылануына күмән келтірілді. Депутат Омархан Өксікбаев заңның іске асуына күмәні барын тура айтты. Өңірлерде бюджеттің орындалуы мен оған бақылау жүргізе алатын мамандар тапшы екенін көзімізбен көріп келдік. Соның ішінде жергілікті мамандар бізге мемлекеттік сатып алу процесінің барлық процедурасын жүргізудің мүмкіндіктерін жасай алмаудың қаупі барын айтты. Өйткені, ауылды жерлерде білгір заңгер жоқ. Сонымен қатар, ол 110 млрд теңге ақшаның дұрыс жұмсалуын бақылауға қаржы-бақылау органдарының күші жете ме, ішкі бақылау қандай деңгейде болады деген сұрақтар қойды. Министр бұл сұрақтардың маңызды екенін мойындай отырып, кадрлық әлеуеттің бар екенін айтты. Сонымен қатар, бюджеттің атқарылуын орындау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Осы мәселелерді қорыта келе, Мәжіліс Төрағасы 2018 жылдан 2,5 мың, ал 2020 жылдан тағы да қосылатын 1,4 мың әкімнің қолына 110 млрд теңгеден артық қаражатты игеру және коммуналдық меншікті басқару құқы  берілетінін атай келіп, оларға осы істі басқаруды оқыту жұмысы қолға алынуы керектігін атады. Бұрын мұндай функцияларды атқарып көрмеген қызметкерлер түсіндірме жұмыстарын емес, оқытуды қажет етеді, дей келіп, Төраға, сонымен қатар, қаражатты бақылау нормаларын да осы заң жобасына енгізу қажеттігін атап айтты. Осындай ұсыныстар мен пікірлерден кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар, кешегі отырыста депутаттар тарапынан оң бағасын алған тағы бір заң жобасы – Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Қазақстанда Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру туралы келісім ратификацияланды. Гляциологиялық орталық ғылыми-зерттеулерді жүзеге асырады, осы бағытта бағдарламалар әзірлеуді көтермелейді, Орталық Азиядағы тау мұздықтарының еруіне байланысты болжамдар мен тәуекелдер мәселелері жөніндегі бағдарламаны ұйымдастырады. Сондай-ақ, «Стандарттау туралы» және оған ілеспе заң жобалары жұмысқа қабылданды. Сонымен бірге, Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкімен Қарыз туралы келісімді, Ислам Конференциясы Ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді ратификациялау бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі тағайындалды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына арналған өздерінің депутаттық сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»