Солтүстік Қазақстан облысына арналған энциклопедиялардың бәрінде Жамбыл ауданындағы, Жалтырша ауылының тумасы Әміреш Дәрменовтің «Даңқ» орденінің толық иегері екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Батырдың өмір жолына үңілетін болсақ, фашистерге қарсы қиян-кескі шайқастарда 139-атқыштар дивизиясының 609-атқыштар полкінің барлаушысы, кейін бөлімше командирі болған ол 1944 жылы 22 сәуірде алғаш рет ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен (№509751) марапатталған. Сол жылдың 28 маусымында Могилев қаласын жаудан азат ету кезінде фашистердің көзін жойып, тұтқынға алғаны үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін кеудеге таққан. Ал 10 тамызда қаһармандық ерлігі үшін екінші мәрте ІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне (№134493) ие болған. 1945 жылы 24-25 наурыз күндері Данциг (Гданьск, Польша) қаласының түбінде жау шебіне ентелей еніп, танкке қарсы қолданылатын гранатамен үш пулемет ұясын талқандапты. Жауды өкшелей қуа отырып, қарамағындағы жауынгерлермен он бес жау солдатын тұтқынға алған. Осы ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ» орденімен (№1285) марапатталған.
Әрине, айналасы бір жылдың ішінде Әміреш Дәрменовтің «Даңқ» орденімен төрт рет марапатталуы қазақ оғланының ерлігін көрсетсе керек. Басқалай айтқанда, «Даңқ» орденінің толық кавалері болумен қатар, орденнің ІІ дәрежесімен екі рет марапатталған. Сөз арасында «Даңқ» ордені КСРО жоғарғы кеңесі төралқасының 1943 жылғы 8 қарашадағы жарлығымен бекітіліп, үш дәрежесімен марапатталғандар Кеңес Одағының Батыры атағына теңестірілгенін айта кеткен жөн. Яғни, Әміреш Дәрменовті батырлар санатына қосуға әбден болады. Екінші дүниежүзілік соғыста «Даңқ» орденін бір майдангер бес рет, 86 жауынгер төрт мәрте алыпты.
Бейбіт өмірдегі ғұмырын кеңшардың малын бағумен өткізген батыр атамыздың дүниеден өткенін биліктегілер білмей де қалған болатын. Араға бір айдай уақыт салып, сиырдың тіліндей ғана көңіл айтумен шектелген. Бүгінге дейін ескерусіз қалып келе жатқан жерлесімізді кеш те болса ұлықтап, бір көшеге атын беретін кез жеткені анық. Басқа да құрмет көрсетіліп жатса, артықтық етпес еді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы