• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Туризм сапалы қызметпен ұштасқанда ұтымды

316 рет
көрсетілді

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жылдары бірқатар халықаралық шараларды өткізіп, өзінің ұстанымы мен жауапкершілігі бар ел екендігін әлемге паш етті. Қазір Көк байрақты елімізді әлемдік қоғамдастық мойындайды және құрметпен қарайды. Ал саяхатсүйер қауым, яғни туристер қаншалықты еліміз туралы хабардар әрі келуге дайын? Туризм арзан да сапалы қызметті қажет ететінін ескерсек, бұл бағытта бәсеке қыза түскендігін көреміз. Әрине, туризм саласы өздігінен дами беретін сала емес. Оған қомақты қаржы құю және технологиялық жетістіктерді ендіру керектігі уақыт талабы. Осы тұрғыдан келгенде, бұл мәселе мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі негізінде шешуді қажет етеді. Мысалы, Оңтүстік Кореяда бірқатар тау-шаңғы базалары мемлекет қаржысына салынып, жекеменшікке берілген. Олай болса, кореялықтардың бұл озық үлгісі Қазақстан жағдайына жарап жатыр. Өйткені, еліміздегі көптеген туристік операторлардың табысы мардымсыз. Олар өздігінен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қауқарсыз болуы да сондықтан. Жазы аптап ыстық, ал қысы аязды келетін Қазақстан жағдайында туризмнен табыс табу оңай емес екені де түсінікті. Қысқы азығын жазда жинап алатын туристік операторлар амалсыз өз қызметтерінің бағасын өсіруге мәжбүр. Қыста қарлы боран жолдарды жауып, аяз бетті қаритынын ескерсек, кез келген адам осында келмес бұрын табиғаттың қолайлылығын зерттеп алатыны рас. Астананың өзінде жылы аялдамалардың енді ғана қойылып жатқандығын ескерсек, сырт жақтарда ол атымен жоқ. Онда да елордада мұндай аялдамалар толық қойылып үлгерілмегендігін айта кеткен орынды. Солай десек те, бұл салада айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. Соңғы жылдары көптеген қонақ үйлер мен мейрамханалар салынып, қызмет көрсету сапасы айтарлықтай артты. Және қалалықтар мен қонақтарға арнап демалатын орындар мен жағажайлар салынып жатыр. Еліміздің екі басты қаласында – Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін, ал Алматыда қысқы Универсиада өткізу туризм саласының дамуы­на өзіндік серпін береді деп күтілуде. Қазірдің өзінде бірқатар халықаралық туристік операторлар мен басылымдар Орталық Азияны, соның ішін­де Қазақстанды тартымды бағыттардың қатарына қосуы осындай игі істерді ескер­гендіктен деп айтуға негіз бар. Атап көрсеткенде, амери­калық The New York Times газеті 2017 жылы баруға болатын әлемдегі 52 елдің тізімін жария­лады. Соның ішінде Қазақстан 26-орында көрсетіледі. Бұл ретте, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің «Болашақтың энергиясы» атауының да өзіндік ықпалының болуы ғажап емес, оның үстіне мұны ЮНЕСКО-ның Әлемдік құндылықтар тізіміне еліміздің бірқатар нысандары кіріп отырғаны да тартымды еткені түсінікті. Мұның алдында канадалық «G Adventures» туристік операторы Орталық Азия өңірін тартымды етіп көрсетіп, бірінші орынға шығарған-ды. Қалай болғанда да, еліміз туризм саласын дамыту бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып келе жатыр. Мәселен, 2015 жылдың соңына таман кейбір туристік компания­ларды лицензиялауды алып тас­тау орынды саналып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы туристік рынокты дамытуға серпін берді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Гүлнәр Құрбанбаева сала туралы былай дейді: «Туризм – бұл, ең алдымен, еліміздің имиджі. Бірақ артық рәсімдер, шығындар аталған саланы дамытуға кедергі. Бұл процесті жеделдету үшін қуатты бәсекелестік орта құру керек». Сұраныс болған жерде, әрине, бәсекелестік те жүреді. Бірақ та, қызмет көрсету мәдениетінің қалыптасуына да мемлекеттік қадағалау мен қолдау жетпей жатқандығын айта кеткен орынды. Әсіресе, жол бойы қызмет көрсету орындарының санитарлық талапқа сай еместігі талай айтылып та, жазылып та жүр. Еліміз аумағының кеңдігін қаперге алсақ, жол бойындағы қызмет көрсету орындарында су тапшылығы мен көгілдір отынның, не болмаса электр қуатының жетпей жатқандығы үнемі сезіліп келеді. Туризм саласының инфрақұрылымын толық салып алмай, жоғары деңгейлі қызмет көрсету де мүмкін емес. Қорыта айтқанда, еліміздің туризм саласын дамыту үшін, ең алдымен, осы салаға деген көзқарасты түбірімен өзгерткен орынды дер едік. Шет елдерде қымбатқа түсетін қызылды-жасылды роуд-шоуларды қанша көрсетсең де, туристер арзан баға мен сапалы қызмет түрін таңдайтынды қаперден шығармаған жөн. Сондықтан да, туристік бағыттарды тартымды етудің тетіктерін қарастырып, инфрақұрылымды жөнге келтірген орынды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»