• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

Еркек айбатты болмай, әйел ұятты болмайды

2839 рет
көрсетілді

Дәл осы жолдарды жазуға қазір әлеуметтік желіні жарып тұрған қазақ қызының ары, өзге ұлттардың ете­гі­не жармасуына қатысты қызу пікірта­лас, бітпейтін дау мәжбүр ететіндей. Осы мәселе әлеуметтік желіде әлсін-әлсін көтерілген сайын, ойлары бір жерден еш­қашан шықпаған екі армия интернетте ат құйрығын кесісіп, тіпті, достықтан кетісіп жатқаны. Бұл айтысқа елдің танымал азаматтары да араласып жүр. Ерлер жағы қыз-келіншектерді күстә­на­лайды. Қыз­дар жағы жігіттердің жасық­тығын, жұмыс­сыздығын, жауапкер­шіліктен жұр­дай­лылығын алға тартады. Жалпы, қазақтың қызы қандай азаматқа бағынады өзі? Осы сұрақ­тың төңірегінде отыз күн ойланып, қырық күн толғанып жатпай-ақ, айна­лаңызға зер салып қарап көріңіз­ші. Аға­йын­дарыңыздың, дос-жаран­дары­ңыздың өміріне үңіліңіз. Әйелін қабағымен ұс­тай­тын үйдің азаматы қандай болады өзі? Әйелдер де қандай азаматқа бағыну керектігін сөзсіз біледі. Әйел қанша тырысса да, ойы жоқ, түсінігі жоқ, жауапкершілікті сезі­ніп өспеген еркекке жұмсақ айт, қат­ты айт, ой кірмейді екен. Еркекте ең алдымен жауапкершілік деген ұғым болуы керек. Сол кезде әйелі, тіпті аузын аш­пайды. Бізде қазақта келін­ді әке­леді, сосын кейбір енелер келін­­­­­ге жын көргендей тиісе береді. Ал еркек әйелінің сөзін сөйледі деп айт­пасын деп, ұрыс-керістен басын алып қашады. Керісінше, мәселені, шие­ленісіп тұрған жағдайды шешудің орнына. Сосын, келін де біреудің қызы, өзіне әділетсіз тиісе берген соң, күйеуі қорғамағаннан кейін амалсыздан өзін қорғауға көшеді. Түбінде кім жаман? Сөз қайтарған келін жаман. Тиіскен ене таза, қорғамаған күйеу де таза. Ер адам таңдап әкелген әйелін қорғауға міндетті. Өзінің таңдауы дұрыс екенін ұрыс-керістен қашпай, түсіндіруі қажет. Күйеуі сыйлап, күйеуі қорғамаған әйелді ешкім де қорғамайды. Ал соңында жүйке де тозып бітеді, бала да тірі жетім. Орталарына от жаққан ененің дымы да кетпейді», дейтін дәйектер де бар. Дегенмен, бұл жерде мәселеге бір жақты қарауға болмайтыны сөзсіз. Ене біткен жауыз, келіндердің барлығы шетінен кесір емес қой. «Егер менен туған ұл өз әйеліне асқар таудай пана бола білсе – онда ол менің мақтанышым! Демек, мен жақ­сы азамат өсірдім. Ал қандай бала тап­қа­ным­ды менің қарттық шағым көрсе­теді», дейтін алтын сөзді аналар да бар. Бірақ, бұл жерде басты кілтипан – ер-азаматтардың өзін сыйлата білуін­де. Ісімен, мысымен отбасын бағын­дыруында болып тұр. Мына жердің бетінде әйелден қу халық жоқ. Махаббатымен өзіне пана бола білетін, асырап сақтайтын, туып берген балаларына жоқтық көрсетпейтін күйеуден өлсе де айырылмақ емес. Әйел адамда аналық түйсік дамыған. Есі дұрыс шеше бірінші кезекте ішінен шыққан перзенттерінің қамын ойлайды. Болашағы не болатынын арнайы жос­парламаса да, сол біз айтқан түйсікпен ақыл тоқтатпаған бойжеткендердің өзі кейде саналы және санасыз түрде табыс­кер азаматтың етегінен ұстауға тыры­сады. Әйелде ұлттық мүддеден гөрі, ана­лық инстинк басым екені айдан анық. Бірақ, осының бәріне қарамай, аз сөйлеп, көп іс тындыратын, малтабар, айналасына сыйлы азаматтардың кейде өз ошағының басында қадірі болмайтын жайттар да кездесіп жатса, онда не болмақ? Өмірдің мұндай мысалдары да бар. Азаматтың қадірін білмейтін шайпаудан, ерінің абыройын ойламайтын мінезсіз әйелдер­ден де қашып құтыла алмай жүр­ген жігіттер қаншама? Жар таңдауда жіберген қателік өміріңнің соңына дейін ілесіп жүреді. Ал дұрыс, иманды адам пешенеңе кез келді ме, онда, ей, еркек, сен де өзіңе аманатқа берілген жартыңның жанын жаралама . «Ер адам Алланың тыйымдарының шеңберінен шыққан күні әйелінен мінез шығады» деседі. Өйткені, әйел де адамның баласы. Сатқындықты кешірмейді. Ер-азаматының жеңіл жүрісін кешірмейді. Әйел де адамның баласы, қорлағанды кешірмейді. Бөтен адамға да айтуға болмайтын былапыт сөздердің өзіне айтылғанын кешірмейді. Осы арада мына бір тәмсіл еске түседі. Бір күні ұстаз шәкірттерінен: – Неге адамдар дауласқанда дауыс көтеріп сөйлейді? – деп сұрады. –  Себебі, адам ұрысқанда сабырдан айырылады, – деді бір шәкірті. – Ендеше, неге адам дәл қасында тұрса да айқайлайды? – деп қайта сұрайды ұстаз. – Жәй сөйлесе болмай ма? Неге ашуланған адам даусын көтереді? Шәкірттер әртүрлі жауаптар бергені­мен ұстаз ешбір жауапқа қанағат­танбайды. Ақырында өзі былай түсіндіріпті: «Адамдардың бір-бірінен көңілі қал­ғанда, ашуланып ұрсысады. Бұл мезет­те жүректер алыстайды. Сол арақа­шықтықта жақындау үшін, бір-бірін есту үшін, дауыстарын көтеріп сөйлеуге мәжбүр болады. Ғашықтарды мысалға алайық. Ғашық­тар неге дауыстарын көтермей­д­і, керісінше, сыбырлап қана сөйле­седі? Себебі, олардың жүректері жақын, арада қашықтық жоқ. Адам ғашық­тық­тың тереңіне бойлаған сайын сыбыр­ға көшеді. Махаббат лаулайды. Ақы­рында, тіпті  сыбырласудың да қажет­тілігі болмайды. Олар бір-біріне қарағаннан-ақ ыммен түсінеді. Мұндай жағдай шын жақсы көретін адамдар арасында болады. «Айтпағым, тіпті дауласқан жағ­дайда да жүректерің алыстамасын, араны одан әрі алыстатар сөздер айтпаңдар. Себебі, бір күні араларың жақындасар жол да қалмайтындай қашықтыққа дейін алыстап кетуі мүмкін». Бұл осы тәмсілдегі ұстаздың сөзі. Біздің айтпағымыз, қарапайымдылық пен ар-ұят кімнің үйінде болса Алла соның үйінде. Небір тамаша отбасылар бар. Әкелері дауыс көтеріп, зіркілдеп жатпайды. Түзде ісі берекелі, үйде бала-шағасын мейірімімен үйіріп отыра­ды. Әдемі бір әзілімен-ақ әйелін зыр жүгіртеді. Отағасы деген сол! Әйел де адамның баласы. Өтірікті кешірмейді. Оны өз балаларының әкесі өкіндіретін болса, өзгелер онда оған не істемейді?! Сондықтан да еркектің айбаты – адалдығы, бір сөзділігі мен жауап­кершілігі және иманы! Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ