• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2017

«Ұлттық дәстүрдің ұраншысы бола білді»

571 рет
көрсетілді

Кешегі сананы шідерлеп ұстауға ұмтылған кеңестік қоғамда, елдің азаттығы хақында айту түгілі ой­лауға қорқатын кездің өзінде қазақ­тың алғыр жастары жер-жерде халық­тың санасын сілкіндіруге талпы­ныс жасады. Тарих ғылым­дары­ның докторы Жанна ҚЫДЫРАЛИНАМЕН сұхбатымыз осын­дай жастар төңірегінде өрбіді. – Кеңес өкіметі «Алаш» пар­тиясы тура­лы пікірлерге тыйым салғанына қара­мас­тан, оның идеяларын халықтың жады мен санасынан өшіре ал­ған жоқ. Халық­тың ұлттық сана-сезімін өрістетуде Алаш идея­сы үлкен рөл атқарды. Оған мұрағат құжаттары дәлел бола алады. Алаш идеясы 1940-1970 жылдары «Қазақ елін қорғау­шылар одағы», «ЕСЕП» («Елін сүйген ерлер партиясы») партия­сы, «Жас тұлпар», «Жас түлек», «Жас ұлан», «Сарыарқа», бас­қа да жастар бірлестіктерінің әре­кеті ұлттық тарихтың, тіл­дің, мәдени мұраның қайта жаң­ғыр­ғандығын, азат ойдың арпалысын айқын көрсетеді. Бұл дегеніңіз, қазақ жастарының бойындағы азаматтық ерлікті, ұлттық сана-сезімнің асқақ үлгісін танытады. Мың жерден тоталитарлық жүйе шідерлеп ұстағысы келгенімен, жастардың бойындағы ерік-жігер құлдық психологияға, отаршылдыққа қарсы күресін үздіксіз жалғастыра берді. – Сіз мемлекеттік қауіпсіздік орган­­дары­ның мұрағатында зерттеу жұмыстарын жүргіз­діңіз. Жастар ұйым­дары туралы мұрағаттарды ғылыми ай­на­­лым­ға қос­ты­ңыз. Сіздің қолы­ңызға ең алды­мен қандай құжаттар түскен еді? – Бұл жерде, әрине, алдымен «Жас тұл­пар» ұйымының орны бөлек. Арнайы орган­дардың мұрағаттық мәліметтерінде Мұрат Әуезов пен оның жолдас­тарының сөйлеген сөздерінің мазмұны туралы былай делінеді: «1937 жылы және одан бұрын да орасан зор мәдениетті жасай алатын жақсы адамдар, қазақ зиялы қауымының ең көр­некті өкілдері құрбандыққа ұшы­ра­ды.1932 жылы миллион қазақ қаза тапты, оның арасын­да қаншама дарынды адамдар кетті. Біздің жастарымыз осы туралы хабардар болып, олар­ды естерінде сақтауы тиіс. Біз­де бәрі бар, бірақ бізді бірік­тіретін, «дөң­гелек үстел» ба­сын­да пікір алмасуға, әңгі­ме­лесу­ге, ойласуға және ұлттық мәде­­ниет­­тің проблемаларын бір­ле­сіп шешуге, әдебиет, қазақ өмірі туралы айтуға, пікір талас­тыруға шақыратын ең қажетті нәр­се жоқ. Әкелеріміз бен аталары­мыздың дәстүрлері мен салттары ұмытылған. Біздің не сәндік, не ұлттық киімдеріміз де жоқ. Қазіргі заман жастарының өмірі қызғы­лық­ты емес. Олар­дың көпшілігі ауылдық жер­лерде де, қалаларда да көп уақы­тын ішкілікке салыну, төбе­лесумен өткізеді, бар болғаны «нан­табарлықпен» айналысады. Олардың ішінде бір нәрсе тура­лы арман­дай­тындар аз. «Жас тұл­пар­дың» міндеті – жас­тар­дың жүрегінде ұлттық мәде­ниет­ке деген махаббатын ояту, арман­ға жете­леу. Біздің міндетіміз – қазақ әде­биеті, өнері мен музы­касын ауылдағы қазақ­тар мен қала­­лардағы орыс ұлты ара­сын­­да да наси­хат­тау». Осындай мақ­сат арқылы «Жас тұлпар» сол кезде үлкен сілкініске ұйытқы болды. – «Жас тұлпар» азаматтық және азаттық үшін арпалысқан ойларға қанат бітірген тәрізді. Іле-шала жер-жерде қазақ жас­тары топтасып, ұлттық мүддеге қатыс­ты ұйым құра бастады деген дерек­тер де бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Халықтың билікке және коммунистік идео­логияға қарсы­лық көрсетуі жекелеген ашық қар­сы­лықтар, үндеухаттар және басқа да жасырын насихат құжат­тарын шығару арқылы жүзеге асты. Оппозициялық қызметтің ең жоғары түрі бағдарламалар, жарғылар, анттарды құрастыру­дан бастап астыртын топтар мен ұйымдар құру немесе құруға дайын­дық түрінде болды. Осы­лайша, «Жас тұлпар» үлгісі бойын­ша жер­лестік бірлестіктер және топтар рес­пуб­ликаның түк­пір-түкпірінде, сондай-ақ, Қа­зақ­станнан тысқары жерлерде құры­ла бастады. Мұрағаттық құжаттарда атап көрсетілгендей, «қазақ студент жас­тары­ның ішінен ұлттық топтар құру­ды Қара­­ған­ды медицина институты­ның студенті Мұрат Кейкин, Горький су көлігі ин­женерлері институтының студенті Саят Абулхасанов, Мәскеу мұнай инс­титутының студенті Кеңес Орын­басаров ойластырып жүр» деген фактілер бар. Олар мек­тепте бірге оқыған дос­тар екен. Кейкинде Кеңес Орын­басаровтан Мәскеуде М.Әуезов­тің баласы сөз сөйлеген студент-қазақтардың «жерлестік» жина­лы­сында болғанын есті­ген­нен кейін ұлттық топ құру туралы ой туын­дайды. Абулхасанов Кейкиннің ойын құп­тайды және өз тарапынан Горький қала­сында, осында оқитын студент-қазақтардың ішінен ұйым құру туралы әңгімелер жүргізеді. Бірақ, қауіпсіздік органының анық­тама­­сында аталған жастар өздерінің түсінік­­те­­месінде өз әрекеттерінің қателі­гін түсі­не­тін­дігін, мұндай көріністер бұдан әрі қайта­ланбайтынын айтады деп хабар­лана­ды. Қысқасы, қауіп­сіздік органы­ның қыз­мет­­керлері жастардың ұйым құруына мүмкіндік бермеген.  – МҚК-нің бақылауы күшті еді ғой ол кезде. Оның қар­мағына түскендерді неше түрлі жолмен қорқытып-үркітіп, өз дегендеріне көндіретін. Ел­дің ертеңіне алаңдайтын көбі­несе жо­ғары оқу орнын­да оқитын студент-жастар екен­дігі бай­қала­­ды. Қаладағы әділет­сіз­дік­ке көз жеткіз­гендер ғой, сірә? – Студенттер ғана емес, мек­теп өрендері де өздерінің ұлты үшін қалай күресетінін дәлел­деген фактілер де бар. Пав­лодар қаласы мектептерінің бірінде ән сабағының мұғалімі Нұрбасаров айналасына өзіне таныс оқушыларды топтап, қазақтардың ұлттық мәдениеті­нің тоқырауы туралы ойды сана­сына ұялатып, қазақ жас­тары өз ана тілінде оқып, ұлт­т­ық дәстүрлерді сақтап, ана тілін орыс сөздерімен былға­мауы тиіс дегенді айтады. Нұр­басаровтың ықпа­лы­мен Павло­дар қаласындағы мектеп-ин­тер­наттың 9-сынып оқушысы, БЛКЖО мүшесі Арман Қаниев 1969 жылы қазанда «Жас ұлан» астыртын жастар ұйымын құрады. Оған Павлодар және Ермак қалаларынан 29 оқушыны тартады. Кейіннен олар ұйым­ның бес адамнан тұратын «коми­те­тін» ұйымдастырып, төрт жалпы жиналыс және бес «коми­тет» мәжілісін өткізеді. Аталған оқушылар тобының жекелеген қатысушылары ұлт­шыл­дық сипаттағы ой-пікірлерді айтып, өлеңдер шығарып, қазақ­тарға арналған «ата-бабалар туын көтеруге» шақырған үндеу­хаттар құрастырып, оны жазу машин­касында он дана етіп басып, оның үшеуін Павлодар қала­сы мен Павлодар ауданының Кеңес ауылына таратқан. – Республикада жас маман­дар да өз құқықтары үшін кү­ресті деген деректі де бір ма­қа­­ла­­ңызда келтіріпсіз. Бұл қай об­­лыс­­тарда болған оқиға еді? –1969 жылдың қыркүйегінде респуб­лика партия органдарына Өскемен және Лениногор қала­ларында, ішінара Семей және осы облыстардың бірқатар аудандарында жас мамандар 75 адамнан құралған «Ұлттық кадрлар үшін әділдік тобын» құр­ғаны тура­лы жазылған жасырын құжат жіберіл­ген. Жасырын құжатта «Кәсіпорын басшыларының бізді қорлағанының және мазақ­тап күлгенінің бірқатар факті­лерінің куәсі болдық және қазір­­гі кезде бізді жұмысқа ал­май­­ды. Осыған байланысты енді жұ­мысты өзіміз жүргізуге шешім қабыл­дадық, сондықтан астыр­тын баспа ұйым­дас­тырып, сая­си майдан ашуға бел будық», деп көрсетілген. Бұл дерек – Кеңес өкі­меті тұсында қазақ кадр­лары­ның қағажу көр­ген­дігінің тағы бір дәлелі. – Тіпті, тоталитарлық жүйе­нің тұсында жекелеген жастар да өзінің көзқарасын көр­сетіп, жүйеге деген қарсы­лығын біл­діріпті ғой. Бұл жөнінде мұрағат құжаттары не дейді? – Жастардың қоғамдық-саяси жүйеге наразылығын көрсететін мәліметтердің бірі иесі көрсетілмеген құжаттар бо­лып табылады. 1970 жылы сту­­дент­­терге үндеу түрінде жазыл­ған, қазақ жастарының бірігуі және қазақтардың мүд­десін қорғау үшін ұйым құру­ға шақырған «Ойлан, қазақ» жасырын құжатының ав­торын айтуға болады. Кейін бел­гілі болғанындай, үндеу авторы, Целиноград медицина инс­ти­тутының студенті Гүл­нәр Бейбітова былай деп жаза­ды: «...Бүгінгі күні барлық ұлттарды орыстандыру саясаты жүріп жатыр... Біз ұлтымыздың таза­лығы үшін, Конституция бо­йын­ша өз құқықтарымызды қор­ғауы­мыз үшін күресуіміз керек. Тіл үшін, қазақтардың мәдениетті деңгейі үшін күресу қажет». – Тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамастан, қазақ жастарының билік деңгейін­де жоғары талаптар қойға­ны туралы деректер де бар көрінеді... – «Ұшқын» қазақ жас­тарының ұйымы аты­нан КОКП Орталық комитетіне жол­дан­ған «Талап» деп аталатын жасырын құ­жат­­­тың авторы Гурьев облысының тұр­ғы­ны, ҚазМУ-дің заң факуль­тетінің сту­денті Жа­ңа­бай Кемелханов екен­дігі кейін мәлім бол­ды. Ол жазған хатта. «...ешқандай да Қазақ рес­­публикасы жоқ. Меке­мелерде іс жүр­­­гізу қазақша емес, орысша жүргізі­леді. Жоға­ры оқу орындарында оқу – орыс тілінде. Қазақ жерлерінің атаулары қай­та­дан орыс­ша ата­лып жатыр», дей келіп Кемелханов Консти­ту­ция­­­ға сүйене оты­рып, Қазақ­стан­ның КСРО құра­­мы­нан шы­ғарылуын талап етеді... – Мұрағат құжаттары елдің азатты­ғын аңсаған алаш перзенттерінің жабық қоғам­ның өзінде күресті жалғастыр­ғаны­на айғақ болып табылады емес пе? – ҚазКСР МҚК-нің Қазақстан ком­пар­тия­сы­ның Орталық коми­тетіне жіберіл­ген ар­на­йы хабар­ламасының бірінде 1973 жылы 3 қаңтарда Алматыда М.Әуезов атын­дағы Қазақ дра­ма театрында қойылым бас­та­­лар­дан бұрын көрермендерге «Сары Арқа» ұйымының атынан «Қазақ халқына үндеу» атты үндеухаттар таратылғандығы, онда қазақ халқы орыстануға ұшырап, оның тілі, мәдениеті мен дәстүрлері жаншылып жатқан­дығы айтыл­ған деп көрсетіледі. Үндеу­хат­тар­дың барлығы жазу машинкасында орыс тілін­де басылған. «Сары Арқа» ұйы­мы 1972 жылы ҚазМУ-дің тарих факуль­тетінің 1-курс студент­терінің бас­тамасымен құрылған еді. Ұйымның бағдарламасы мен жарғысы қазақ жастары арасында мәдени-ағартушылық жұмыс жүргізу, қазақ тілі мен мәдение­тін насихаттау, ең соңында Қазақ­станның КСРО-дан бөлініп шығуын көздеді, осындай топ­тарды республиканың басқа да қалаларында құру қажеттігі атап көрсетілді. Мұрағаттық материалдарда көрсетіл­геніндей, «Сары Арқа» ұйымының қатысу­шылары­на жүргізілген тергеуден кейін «қатысушылардың көпші­лігі жас­тардың саяси пісіп-жетіл­меген­дігінен пайда болған өз идея­лары мен көзқарастары­ның іске аспайтындығын мойын­да­ған және қате­лік­терін түсінген». 1973 жылдың аяғында «Сары Арқа» ұйымы ыдырап, оның бағ­дар­­ламасы мен жарғысы, мә­жі­ліс­терінің хаттамалары жойылған. Қорыта айтқанда, тота­литар­лық жүйе қарсы әрекет­тер ұйым­дастырып, қуғын-сүргінге салса да, қазақ жас­­тарының ұлт­­тық рухын сын­дыра алған жоқ. Әңгімелескен Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан» P.S. Жабық қоғамда азаттық үшін ар­палыс­қан алаш жастарының әреке­ті туралы деректер МҚК-нің мұ­ра­ғат­тарында жабу­лы күй­де сақталды. Ел тәуел­сіздік ал­ған соң ғана сол деректер қолға тие бас­тады. Бұл алаш ұрпағының тәуелсіздік үшін, азаттық үшін күресті қай уақытта да тоқтатпағандығын көрсетеді. Азат ойлардың арпалысы осының айғағы!