Кеше Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Швейцария Президенті – Сыртқы істер федералдық кеңесшісі (министр) Мишлин Кальми-Реймен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында сұхбаттастар қазіргі таңда айтарлықтай оң нәтижеге ие болып отырған екіжақты қарым-қатынастың перспективалы бағыттарын талқылады. Үстіміздегі жылдың көктемінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның мәжілісін өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Онда аталған бағытты одан әрі кеңейту және тереңдету жөнінде нақты шаралар талқыланатын болады.
Қ.Саудабаев сондай-ақ, сұхбаттасын кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық барысымен таныстырып, Қазақстанның алдағы электоралдық науқанды халықаралық стандарттарға сай өткізуге ниетті екенін атап көрсетті.