«Нұр Отан» ХДП бастамасымен құрылған «Қазақстан-2030» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері мен президенттіктен үміткер Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі республикалық штаб өкілдері таяуда Тараз қаласына келіп, облыс жұртшылығы өкілдерімен кездесу өткізді. Коалиция мүшелерінің құрамында Парламент депутаттары, белгілі әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлері, спорт саңлақтары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің және кәсіподақтар өкілдері болды.
Коалиция мүшелерін бастап келген, кандидаттың республикалық штабының төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Н.Нығматулин елдің барлық өңірінде президенттікке кандидат Н.Назарбаевты жұртшылықтың үлкен ынта-ықыласпен қолдап отырғанын айтып, оған негіз ретінде жиырма жыл ішінде ел-жұрт қол жеткізген татулық пен табандылықты, бірлік пен берекені, әлеуметтік және экономикалық толайым табыстарды алға тартты.
Президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келіп, жүзеге асырыла бастаған инновациялық-индустрияландыру бағдарламасы бойынша, мысалы, Жамбыл өңірінде 32 жоба іске қосылып, 10 мың жұмыс орны ашылатын болады. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі облыстың 5 мыңға жуық тұрғынын еңбекке тартқан.
Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясы мүшелерінің екінші тобы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарының оқытушыларымен, студенттерімен, бизнес қауымдастығы өкілдерімен, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелерімен, этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен кездесті. «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы М.Нәрікбаев президенттіктен үміткер Н.Назарбаевтың тәуелсіздіктің жиырма жылында қол жеткізген саяси және әлеуметтік-экономикалық табыстардағы үлесі өлшеусіз екеніне тоқталып, жұртшылық өкілдерін үміткерді бірауыздан қолдауға шақырды. Парламент депутаттары Қ.Сұлтанов, Т.Қосмамбетов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Н.Оразалин, белгілі жазушы Ә.Тарази, Корей ұлттық қауымдастығының презиенті Р.Ким, Еңбек Ері А.Миразова, еңбек сіңірген әртіс М.Құсайынов, «Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Р.Сәрсенбаева, «Ұлттық медициналық холдингі» АҚ төрағасы Е.Біртанов, Сидней Олимпиадасының чемпионы Е.Ыбрайымов және басқалар да президенттіктен үміткер Н.Назарбаевқа дауыс беруге үндеді.
«Қазақстан-2030» Жалпыұлттық демократиялық күштер коалициясының мүшелері «Қазфосфат» ЖШС мен Жамбыл ауданында да осындай кездесулер өткізіп, жұртшылықты кандидат Н.Назарбаевты қолдауға шақырды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.