• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

Тал еккен талды кеспейді

406 рет
көрсетілді

«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы президенттіктен үміткер Мэлс Елеусізов Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінде болып, аталған құрылымның облыстық басқармаларының басшылары­мен кездесу өткізді. Кездесу барысында Мэлс Хам­заұлы елімізді жасыл желекпен жамылдыру ісімен тек мамандар айналысуы жеткіліксіз, оған бүкіл ел жұмылуы тиіс. Әсіресе, оған өскелең ұрпақ, жас­өспірімдерді тартудың маңы­зы зор, деді. Осыған байланысты елімізде жыл сайын арнайы акция ұйымдастырылуы қажетті­гін айтқан ол еліміз тәуелсіздігінің 20 жыл­­дығына байланысты ак­ция­ны бастауға шақырды. Әрине, Отанымыздың ұлан байтақтығына байланысты, көк­тем далаға әркелкі келеді. Сон­дық­тан қар жамылғысын таста­ма­ған жерлерде оны өт­кізудің тиімді жолы бар, деп Өскемен қаласындағы бір мек­тептің әді­сін ортаға салды. Өскемен­дік оқушылар көшет­терді күн жы­лынғанша ыдыс­тарға салып өсі­ріп, бағып, кү­тіп, ал жер дайын болды-ау дегенде барып қана отырғызады екен. Осы­лайша балалар ағаш күтіміне тартылады, ал тал еккен талды кеспейді, ендеше, біз бұдан ұтатын боламыз. Жасыл желекті күтіп, баптап өсі­ретін буын тәрбиелеп шыға­мыз, деді президенттіктен үміткер. Жалпы, ағаш отырғызуды дәс­түрге айналдыру мәдение­тін қалыптастыру өте маңызды, деген кандидат, мәселен, жас жұбайлар алғаш отау құрған­да­рына, кішкентай бөбектерінің дүниеге келгеніне арнап ағаш ексе қалаларда тұ­тас­тай қала­лық  «Жас жұбайлар» саябақтары да өмірге келер еді, деген пікірін білдірді. Сонымен қатар өмірден озған жақындарымызға арнап неге ағаш отырғызбасқа? Мен өзім дәл осылай жасадым. Көз жұмған досымның құрметіне үйімнің жанына ағаш ектім. Қазір қасынан өткен сайын, бұтақтары кейде өзімді жанап кеткенде досымды әркез есіме түсіреді. Елді жасыл желекке малын­ды­рып қою қазақстандықтардың қо­лы­нан келетін іс, ал осылай жасалса, бұл сіздердің жұмыста­ры­ңызға да оң ықпалын тигізеді. Және мемлекет тарапынан орман шаруашылықтарына көмек қал­дық қағидатымен жасалмауы тиіс. Кең мөлшерде мемлекет көр­сет­кен қамқорлық өртенген ор­ман ал­қап­тарын тезірек қалпына келтіреді, деді президенттіктен үміт­кер Мэлс Елеусізов. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана.