• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

Наурыз Қазығұрттан басталған

648 рет
көрсетілді

Қазығұрт тауы Қазықжұрттың қара нарындай тебіреніп тұрыпты. Түркі кезіміздегі, Орхон-Енисейдің байырғы бәдіздеріндегі Тоныкөк пен Күлтегіннің тас таңбалы жазбалары да қара тас жібіп, көк тас еріген, бүкіл таулар балбырап-балқыған Әз Наурызда өрнектелген болар-ау. Наурыз Қазы­ғұрт­тан ­басталған. Осыдан он үш мың жыл бұрын. Нұр Наурызыңыз Нұқ пайғамбар кемесі тоқтаған тұста мереке­ленген. Аңыз түбі – ақиқат. Ерен этнограф Жағ­да Бабалық ағамыз және басқалар дәйектеген. Былтыр, Нұр Наурызды Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық мейрам ретінде ресімдеп, ЮНЕСКО адамзаттық мәдени мұра деп жариялаған жылы ұлысыңыздың ұйытқысы Оңтүстікте дәстүрге айналған «Ырыс алды – ынтымақ» жиыны тап осы Қазығұрт баурайында өткен еді. Міне, мұнда биыл да ең ежелгі, ешқашан ескірмейтін мәңгілік мейрам, Жаңа Күн – Әз Наурыз айрықша айшықты аталып жатыпты. Қазығұрт бауыры. Келес өзенінің оң жағы. Майлыошақ жазығы. Көне дәуірлерде сақ сардарлары мен сарбаздары, бертініректе түркі түмендері, қарашаңырақ иелері – қазақтардың хандары мен би-батырлары, қалың халқы Наурызды талай-талай тойла­ған тегістік. Тәуелсіздіктің жиырма жылды­ғына орай жиырма ақ үй тігіліпті. Жиырма жерден қазан-ошақ кешендері жасалыпты. Жиырма мың адам болады деп болжанған екен. Жиналған жұрт одан да көп секілді. Күн елжірейді. Келес айдыны бетінде ақ сәуле ойнайды. Күні кешегі нәуірзектің ұлпа қары астынан жыпырлап бой көтерген бәйшешек пен буы бұрқыраған топырақ иісі көкірегіңізді аша түседі. Ән әуелеп, күй күм­бірлейді. «Кеше ғана облыстық «Ырыс алды – ынтымақ» жиыны Оңтүстіктің күнгейі – Мақтаралда өтіп еді, бүгінгі Қазығұрттың Наурызы соның жарасымды жалғасындай» деп сөз бастаған аудан әкімі Тұманбек Әлиев жұртшылықты қызу құттықтады. Тәуел­сіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында аудан жадыраңқы, жаңа жетістіктерге жеткен. Жеті жаңа жобаның біразы жүзеленіп үл­герген. Тұңғыш рет аудан бюджеті жеті миллиард теңгелік биік­ке қол артқан. Бірнеше ауылға таза су құбыры барған. Үш жылдың ішінде бар­лық елді мекендерге таудың таза суы мен табиғи газ жеткізілетін болады. Қазығұртыңыз мал бордақылау мен құс өсіруден және жылыжай жасаудан алдыңғы сапта келеді. 2010 жылдың барлық көрсеткіштері жөнінен облыс бойынша бірінші орынға шыққан. Мәслихат хатшысы Аманбай Омаров пен әкім ауданның Құрметті азаматтары атанған кісілерге тиісті куәліктер тапсырып, иық­та­ры­на көгілдір ленталар тақты. Олардың ара­сында күллі қазақтың қалаулы қызына ай­налған кәсіпкер Рәшкүл Оспанәлиева, белгілі бизнесмен Ережеп Мейірманов, мемлекеттік қызметкер Нұржан Әжіметов, айтулы ұс­таз Салдарбек Серкебаев, тағы басқалар бар. Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің өзгеше дүлдүлі һәм бұлбұлы Нұрғали Нүсіпжанов «Өз елімді» шырқаған сәтте шығыс тұста шуаққа бөленіп тұрған Қа­зығұрт тауының өзі әнді толғана тыңдағандай әсер еткен. «Наурыз Қазы­ғұрт­тан басталған» атты мереке осылайша жал­ғаса түскен. Ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін көрініс керемет-ақ. Әне, әжелер өтіп ба­рады. Міне, орта буын, одан соң жастар, бүлдіршіндер. «Наурыздағы ғашықтық», «Күн мен түннің теңелуі» деген дүниелер де аса мазмұнды. Абылай ханның 300 жыл­дығына арналған театрландырылған көрініс басталды. Абылайымыздың дүниеге келуі, ер жетуі. Ақ киізге шығарып, хан көтеру. Халық алдында ант беріп, халық қамы үшін жан аямай қызмет етуі. Азапты айқастар, ала­пат шайқастар, қан-қасап қырғындар. Азат­тық жолындағы ұлы жорықтар... Барша­сы жалғаса келе Желтоқсан көтерілісіне ұласты. Тәуелсіздіктің көгілдір туларын желбіреткен ұландар. Шат-шадыман қуанған жастар. «Жаса, Қазақстан» және «Атамекен» әндері жиырма мыңнан астам жанның әрқайсысын мақтаныш сезіміне бөледі. Рух асқақтатты. Бүкіл қойылымның алтын арқауы – Ынтымақ пен Бірлік. Әрбір киіз үйдің алды, орталық алаң мен биік сахна – бәрі де Наурыз-думанға оранды. Арқан тарту, қазақша күрес, тоғызқұмалақ, қол күресі, кір тасын көтеру, түйеге, атқа мініп серуендеу, әзіл-қалжың қағыстыру – бәр-бәрі бөлекше жарасымды, ұнасымды. Құшақ айқастырған адамдар. Майлыошақ жазығы мәре-сәре күй кешулі. Қазығұрт аспаны тазара түскендей, айналадағы ауылдар ажарланып, жаңарып кеткендей. «Әз Наурыз бүкіл байтағымызға бақ-береке, ырыс-құт әкелгей, – деседі батагөй, ардагер ағалар. – Аллаға шүкір, Тәуелсіздікке тәубе!» Мархабат БАЙҒҰТ. Суреттерді түсірген  Құралбек Ергөбек.