• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2011

Ұлыстың ұлы күні өз ерекшелігімен келді

397 рет
көрсетілді

22 наурызды бірқатар Шығыс халқымен қоса Қазақ елі де қуана қарсы алып жүр. Ал соның ішінде биылғы көктемнің, яғни жаңа жылдың үш түрлі ерекшелігі бар екенін айтқымыз келеді. Бірінші ерекшелігі – 60 жыл­да бір айналып келетін ақ қоян жылының кезегі биылғы көк­тем­нің еншісінде, екінші ерекшелік – елімізде кезектен тыс бас сай­лаудың өтуі. Бұл – президентті таң­дай­тын, яғни елдің келешек тағ­дырын таңдап, белгіленген ұзақ жылдық бағыт-бағдары­мыз­ға қол жеткізетін сайлау. Үшінші ерекшелік – биыл өз тізгінімізді қолға алып, көк туы­мызды кө­тер­генімізге, торқалы да мерейлі, әр жылы ғасырға татитын тәуелсіздігімізге 20 жыл толғалы отыр. Жер шарының әр бұрышына көз салсақ, алуан түрлі жағдай­ды көреміз. Таяу Шығыс пен Араб елдері және Африка құр­лы­ғындағы кейбір елдер кезінде бірінен кейін бірі аңсап жүріп әрең қолдары жеткен тәуелсіз­діктерін жарты ғасыр өтер-өт­песте толық түсіне алмай, әлек­ке түсуде. Экономикасын тұрақ­ты дамытуға шамалары келмей, білімін, мәдениетін жоғары деңгейге жеткізуге күштері жетпей, ұлттық табыстың жан ба­сына шаққандағы төменгі саты­сынан көтеріле алмай, жоқшы­лық пен жұмыссыздықтан, қайыр­шылықтан еңселері түсуде. Сонымен қатар, дүние жүзін­дегі ең халқы көп және өркендеп өскен мемлекеттердің қатарында есептелетін Қытайдың Шэнси провинциясында әлі тауда, жарларда, үңгір үйлерде жүздеген жылдар бойы мыңдаған адамдар тұрып, өмірлерін өткізіп жатыр. Ал Үндіс­танда үй-жайлары жоқ көп адамдардың қоқыстардың ма­ңын­да өмір өткізіп жатқан жағ­дайлары бар, олардың сол қал­дық­тарды жуып, сатып күнделікті тамағын тауып жүр­гені жа­сы­рын емес. Айта берсек, ғарыш­тық даму жолына түскен жиыр­ма бірінші ғасырда да ашар­шы­лық, жоқшылық жағ­дай­да өмір сүріп жатқан халықтар көп. Әрине, бұл жерде біз ешкімді табалап отырған жоқпыз, қайта осындай келеңсіз, кесірі үлкен бәледен аулақ болуды әрқа­шан­да ойымыздан шығармауымыз керек. Осы күнімізге шүкіршілік айта отырып, жиырма жылдың ішінде ұйымшылдықпен, шы­дам­дылықпен, сабырлылықпен елі­мізде жүйелі де тиімді өз­ге­рістер жасалғанын білуіміз керек. Бізде заң шығарушы, ат­қару­шы және сот билігі тар­мақ­тары қалыптасып, ұлттық қауіп­сіздік жүйесі мен ұлттық әскер құрылып, орнықты. Демо­кра­тия­лық жүйеде Президент инс­титуты, қос палаталы Парламент, көп партиялық жүйе, Қа­зақстан халқы Ассамблеясы сияқ­ты бұрын болмаған азамат­тық және саяси институттар берік қалыптасты. Көрші елдермен арадағы сыйластық, әріптестік байланыстың арқасында мемлекеттік шекарамызды бекітіп ал­дық. Соның нәтижесінде біз бүгін әлеуметтік салада да, адам мен адамзаттың құқығы, ұлттық қауіпсіздікті сақтау бағытында да Азия, Африка, Латын Аме­рикасы елдерінен әл­де­қайда көш ілгеріміз. Ашар­шы­лық, жоқшы­лық­тан аулақпыз, аманбыз. Бүгінгі Қазақстанды мойын­да­майтын, құрметтемейтін ел жоқ десе болады. Осындай дең­гейге көтерілуіміздің басты себептері бар. Ол – экономиканың нақты дамуы, индустриялық-инновациялық жолға түскен қоғамның жаңа технология­лар­ды игеріп, жан басына шақ­қан­дағы ұлттық табысты жоғары мөлшерге көтере білуі, білім деңгейінің өсуі және т.б. Біздің еліміздің өзіндік таң­даулы даңғыл жолы бар. Ол жас мемлекеттердің мінезінде сирек кездесетін, айқай-шу шығармай, көрші елдермен әдемі мәміле жағ­дайында, қарым-қатынасты қиыннан қиыстыра білу деп ата­лады. Ата-бабаларымыздан мұра болған қанымыздағы тектілік, қырағылық, түсіністікпен қарал­ған дипломатиялық мәдениеттің де күші бар бойымызда. Қазақ қай мезгілде болса да қызын күң, ұлын құл болудан сақтап, елін-жерін жауға бермеген, ел арасында шыққан дауды данагөй қарияларымыз ақылмен шешіп, жөніне салған. Бүгінгі ұстаны­мы­мыз да елдің бірлігі, ынты­мағы мен татулығы Өзімізге белгілі, елдің ірге­тасы берік нығая беруіне негіз болар­лықтай экономикалық жаң­­ғыру, жаңа әлеуметтік саясат – білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік тілді дамыту, жұ­мыс­пен қамтудың жаңа жолы, тұрғын үй, сапалы ауыз су, ел табысын арттыру мә­се­ле­лері және сот, құқық қорғау жүйе­­сін­дегі өзгерістер толық қам­тылып, алдымызға нақты міндеттер қой­ып отырмыз. Енді осы құнды құжаттарымыздағы көрсе­тіл­ген бағыт-бағдардан, атқаратын кешенді жоспарларымыздан ауыт­қы­май, ерінбей еңбектеніп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын арман күніміздің қадірін арттыра берейік. Құрманғали УӘЛИ, Мәжіліс депутаты.