Ана мен баланың өлім-жітімін азайту Һәм олардың денсаулығын жақсарту мәселесі қазір қоғамдағы ең бір өзекті мәселелердің қатарында тұр. Міне, соңғы төрт-бес жылда бірінен кейін бірі өзгеріп отырған денсаулық сақтау министрлері әр жылдың басында өткен жылға есеп бергенде ең алдымен осы туралы айтатын болды. «Ана жылмен салыстырғанда мына жылы өлім-жітім пәлен пайызға азайды, пәлен пайызға денсаулықтары жақсарды». «Жақсы сөз жанға азық» демекші, біз де «төмендегеніне», «жақсарғанына» қуанып-ақ отырамыз. Бірақ, қағаздағы сөз бен нақты өмірдің арасы кейде тым алшақ кетіп жататындықтан көкейімізде сенімсіздік те бар. Өйткені, тұрмыс түзелгенде ғана ананың денсаулығы жақсарып, сосын сау ұрпақ дүниеге келе бастайды. Сондықтан ана мен бала өлім-жітімі немесе денсаулығы дегеннен гөрі ана мен баланың тұрмысы дегенге ден қою керек шығар.
Қазіргі таңда қоғамдағы ең бір қорғансыз жандардың қатарында ана мен бала бар. Біреуі баласы өскенше жұмыс істей алмаса, екіншісі анасының бауырынан тыс өмір сүруге қабілетсіз. Сондықтан екеуі де мемлекеттен бөлінетін жәрдемақыларға қарап жәудіреп отыр. Әкенің табысы қайда деңіз! Оның табысы отбасындағы көп шығынды жабуға бірде жетіп, бірде жетпей жататындықтан, қаузамай-ақ қояйық. Оның үстіне түрлі жағдайларға байланысты баласын жалғыз асырап отырған аналар да жеткілікті. Бұл туралы жуырда Абай.кz сайты «отбасын жалғыз асырап отырған әйелдер саны Қазақстанда жарты миллионға жетті» деп жазды. Ал Үкімет жыл сайын «жәрдемақыны мынанша пайызға көбейттік» деп есеп береді. Бірақ, мемлекеттен алатын болар-болмас көмектің үстіне пайыз қосылды дегенше, азық-түлік, киім-кешек қымбаттады дей беріңіз. Болар-болмас деп отырғаным, елдегі жәрдемақы мөлшері ішкі жалпы өнімнің 0,13 пайызын ғана құрайды екен. Бұл өте аз. Неге десеңіз, 2007 жылдың өзінде Елбасымыз өзінің кезекті Жолдауында «90-шы жылдардағы құлдыраудан соң, 2000 жылдан бастап біздің экономикамыз ІЖӨ-нің 9-10 пайыздық өсімімен дамып келеді. Биылғы жылы елдегі ІЖӨ жан басына шаққанда 7 мың доллардан асып түсетін болады», деп айтқан еді. Солай болды да. Тіпті бұл көрсеткіш жылдармен бірге еселеніп, Үкіметтің есебі бойынша 2008 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімнің мөлшері 8,45 мың АҚШ долларына, 2009 жылы 8 мың АҚШ доллары көлеміне жеткен. Ал 2010 жылы Еуразиялық даму банкінің мәліметіне сәйкес, еліміздегі ІЖӨ-нің мөлшері жан басына шаққанда 11500 АҚШ долларына тұрақтап, ТМД елдері арасында Ресей мен Беларусьтен кейінгі үшінші орынға шығыпты. Біз келтіріп отырған осы көрсеткіштер еліміз егемендік алған алғашқы жылдардағы, яғни 1993-1994 жылдардағы 700 АҚШ долларынан он есе көп. Бірақ, неге екені белгісіз, жәрдемақылар мандымай-ақ қойды. Салыстырмалы түрде алғанда біз жәрдемақыны Ресей (0,22), Украина (0,36), Беларусь (0,80) секілді ТМД мемлекеттерінен әлдеқайда аз аламыз. Соның ішінде бала күтіміне тағайындалған жәрдемақының мөлшері мына нарықтық қоғамға түк те сәйкес емес.
Сонымен биылғы жәрдемақының жайы қалай болды деген сұраққа жауапты тез-ақ алдық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналарға 6 айлық есептік көрсет-кішпен 9.240 теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Балаларға арналған бір реттік жәрдемақы 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасында бірінші, екінші, үшінші бала туылған жағдайда 30 айлық есептік көрсеткішпен 45.360 теңге, төртінші және одан көп бала туылған жағдайда 50 айлық есептік көрсеткішпен 75.600 теңге болады. Егер төртінші тума егіз бала болған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішпен, яғни 151.200 теңге (әр балаға 75.600 теңгеден) төленеді. Егер де төртінші тума үшем болған жағдайда 150 айлық есептік көрсеткішпен 226.800 теңге төленеді. Бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен бірінші балаға 5,5 айлық есептік көрсеткішпен – 8316 теңге, екінші балаға 6,5 айлық есептік көрсеткішпен – 9828 теңге, үшінші балаға 7,5 айлық есептік көрсеткішпен – 11.340 теңге, төрт және одан көп балалар үшін 8,5 айлық есептік көрсеткішпен 12.852 теңге мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады. Жұмыс істейтін әйелдерге бір жылға дейін жалақысының 40 пайызы төленеді. Бұл мәліметтердің былтырғы, алдыңғы жылғы мәліметтерден қара үзіп тұрғаны шамалы. Себебін жоғарыда айттық. Жәрдемақымен бірге барлық нәрсенің бағасы өседі. Осы тұрғыдан келгенде жәрдемақы көбейіп емес, азайып бара жатыр десек те қисынға сыяды. Өйткені оны тағайындайтын министрлік өкілдері ақ қағазға әлгі сандарды түсіргенде сырттағы қайнаған тіршілікпен санасып жатпайтыны белгілі болды. Әйтпесе, сәби туылғанда бір рет алатын 40-45 мыңның төңірегіндегі қаражаттың нәрестені перзентханадан алып шығуға, одан қалса, бірнеше ондаған дана жаялықтар мен жейдешелер алуға ғана жететіні соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұрған жоқ па? Ал ай сайын алатын 8 мың, тіпті 9-10 мың теңге болсын, бейнелеп айтқанда, «өлмегенге өлі балық кездеседінің» кебі. «Жалақының 40 пайызы» ақ қағазда тұрғанда әжептеуір ақша сияқтанғанымен, егер жұмыс істегенде 50 мың жалақың болған болса, соның 20 мыңы деген сөз. Бірақ, екі әйелдің бірі 50 мың жалақы алмайтыны тайға таңба басқандай ақиқат. Сондықтан жәрдемақы атаулыға ешқандай отбасының кем-кетігі бүтінделіп, жыртығы жамалмайды. Ата-аналар ең құрығанда сәбиіне ай сайын қажет болатын заттардың жартысын да сатып әпере алмайды. Жасыратын не бар, қалада тұратын менің замандастарымның көбі: «Сәбиімізге киімді ата-анамыз, туған-туыстарымыз әпереді. Одан қалса құтты болсын айта келген жолдастар ала келеді. Сөйтіп білінбей кетеді», дейді. Әрине 25-30 аралығындағы баспанамен қамтылмаған жас отбасылардың жалақыларының жартысы пәтерақыға кетсе, жартысы азық-түлікке кететіні, там-тұмдап қана киім-кешекке жұмсалатыны үйреншікті жәйтке айналғалы қашан? Бұрынғы заманды білмеймін, осы заманда нәрестенің киімі өте қымбат. Сапасы орташа дейтін бір дана жаялық Астананың кез келген дүкенінде 400-500 теңге тұрады. Жаңа туған нәрестеге кемінде он жаялық керек екенін бала тапқан аналар жақсы біледі. Бір пар жейделі-шалбар 1500-2000 теңге (4-5-уі керек), бас киім, қолғап, байпақ дегендердің әрқайсысы 300-500 теңге (кемінде 7-8-ден керек), қыстық тоқыма күрте-шалбарлар 2000-3000 теңге (2-3-уі керек), күртешелер 5000-7000 теңге, қыстық бас киім, мойыншалмалар 1500-2000 теңге көлемінде. Бұл бір жасқа толмаған балалардың киімінің құны. Ата-анаң мен жолдастарың қашанға дейін киім әкеледі. Киімі құрғырды өзің алмасаң да, балаң үшін күндердің бір күнінде алып беруге тура келгенде дүкен араласаң көзің сонда шықты дей бер. Бір ғана сәбиді киіндіруге шашыңнан көп ақша керек. Ал, әсіресе, қалалықтар көптеп пайдаланатын бір қалта «памперстің» (20 дана) орташа бағасы 1200 теңге. Оны бір ай кәдеге жарату үшін кемінде үш қалтасын сатып алуыңыз қажет. Баланың жеке гигиенасына арналған заттардың қымбаттығын айтсаңызшы! Оған толып жатқан заттар кіреді: емізік, құты, сабын, сусабын, крем, май, түрлі дәрілік шөптер, т.б. Сосын сәбиін кез келген әйелдің жарытып емізбейтіні тағы шындық. Сәбиге қосымша тағамдар керектігі түсінікті. Бұл үшін дүкендерде, дәріханаларда арнайы қоспалар, ботқалар, езбелер, шырындар сатылады. Мысалы бір ғана «Nestle» компаниясының өнімдерін алайық. Құтыдағы «Nan» атты қоспа 1300 теңге тұрады. Құрамында 22 түрлі зат бар. Қазір ананың сүтін ауыстыра алатын бірден-бір тағам ретінде ұсынылып отыр. Сәбиге қосымша берілетін болса, айына екі құты, ал омырауды мүлде ембейтін сәбилерге төрт-бес құтысы қажет. Оның арасында берілетін «Малютка», «Малыш» деген ботқалар (250г) 700-800 теңгеге бағаланған. Негізінен үш айдан бастап беріледі. Айына кемінде екі қорабы қажет. Алда-жалда бала ауырып қалса, оған дәрі-дәрмек қажет. Дәрі-дәрмектің бағасы «ұшып» тұрғанын елдің бәрі біледі. Әріге кетпей-ақ, қызу түсіретін Панадол 700 теңге, тұмау-сұмаудан сауықтыратын «Амбрабене» 1200 теңге тұратынын айтсақ, жеткілікті шығар. Енді осының бәрін ой елегінен өткізіп алып, ай сайынғы жәрдемақымен салыстыра есептегенде ғана жағдайдың шындығына көзіңіз жетеді. Өз басым әлгіндегі бағаларды орташа, қарапайым отбасылар тұтынатын тауарлардың бағасына сәйкес түздім. Ал байлардың баласын өсіру үшін қанша қаражат кетеді десеңізші!
Жәрдемақы туралы соншалықты таусылып жазып отырғанымның себебі, адам баласы туыла сала ойнақтай жөнелетін бұзау не лақ емес. Оған аяққа тұрып кеткенінше күтім керек. Күтіп, мәпелеп өсіру үшін міндетті түрде соған сай қаражат қажет. Күтімсіз өскен баланың әлжуаз, аурушаң болатынын көзіміз көріп жүр. Сенбесеңіз, ауруханаларды аралап байқаңызшы, бір жасқа да толмаған сәбилер пневмониямен, анемиямен, гемолитикалық аурулармен ауырады...
Бұны барлық қара қазақтың мұңы деп түсініңіз. Тәуелсіздік алмай тұрған тұста, яғни Кеңес өкіметі тұсында ашаршылықтан, репрессиядан, соғыстан әбден мезі болған халқымыз тірі жүргеніне ғана шүкіршілік етіп, бертінге дейін бала-шағасын «тістеп» жүріп өсіргені жасырын емес. Біздің алдымыздағы буынның бірінің киімін бірі киіп, бірінің затын бірі пайдаланып, тіпті қара нан мен қара суға риза көңілмен жетілгені мақтанарлықтай нәрсе болмаса да, ол кезде ол жалпыға ортақ көрініс еді. Енді тәуелсіздік алған тұста тағы да сол драма қайталануда. Бірінің киімін бірі киген, тамаққа тоймайтын, керек нәрсесін түгел ала алмайтын, еске түсірерлік бақытты балалық шағы жоқ, қаладағы ортаңқол, арзан пәтерлердің жалғыз бөлмесінде өскендіктен, тым құрығанда қиялын кеңітетін кеңістік көрмеген балалардың обал-сауабы сонда кімнің мойнында? Осы кезде кішкентай бір нәресте түгілі, үлкен адамның өмір сүруі қымбатқа түсіп тұр. Баласына қорған болып жарытпайды деңіз. Сонда нәрестеге қорған болмаған отбасының несі отбасы? Сондықтан жәрдемақыға жәй, салғырт, тамаққа тойып алған керенау пиғылмен қарамау керек. Бұл күн тәртібіндегі ең өткір мәселе. Жәрдемақы жәй қаражат емес, оның артында тағдыр тұр, бірдің емес, бүкіл ұлттың тағдыры тұр...