Соңғы кездері ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы әр жарыстарда кем дегенде екі-үш алтын жүлде алатын жағдайға жетіп отыр. Бұған Бейжің Олимпиадасы, 2009 және 2010 жылдары өткен әлем чемпионаттары мен Азия ойындары дәлел бола алады. Қытайда Қазақстан құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қола иеленсе, Гоянг пен Антальядағы әлемдік додада алты алтын және бір қола медаль жеңіп алды. Ал былтыр Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында спортшыларымыз үш алтын және күміс пен қола жүлделер әкелді. Бұл Ауыр атлетика федерациясының жарыстың осы түрін жылдан жылға дамыту үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап келе жатқанын көрсетеді. Жақында біз осы жағдайды білу үшін Азия ауыр атлетика конфедерациясының вице-президенті, еліміздің ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат ТҰРЛЫХАНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Қайрат Болатұлы, былтырғы жылғы жарыстарға қандай баға берер едіңіз? Өткен жылға өкпеңіз жоқ па?
– Өкпем жоқ. Былтырғы жұмыстар жоспарлы, жүйелі түрде өтті. Бүгінде Қазақстанның ауыр атлетикасын бүкіл әлем біледі. 2010 жылы біздің спортшылар жақсы өнер көрсетті. Енді алдағы басты мақсатымыз – Лондон Олимпиадасында екі-үш алтын жүлде жеңіп алу. Ар жағында күміс, қола медальдар болатыны анық.
– Екі-үш алтын бізге аз болмай ма?
– Біз алтынға дәнігіп алған сияқтымыз. Лондон Олимпиадасында алтын алу оңай болмайды. Сондықтан бізге қазірден бастап чемпиондарға көп үміт арта бермей, көптің арасында көрінбей жүрген жастарды шығару керек.
– Бізде жаңа есімдер шығып жатыр ғой. Олар туралы не айтар едіңіз?
– Әлем чемпионатына Алмас Өтешов пен Дәурен Шәутеевті апардық. Жаңа жыл алдында Шымкентте өткен Қазақстан кубогында жастарымыз жақсы жағынан көрінді. Жастар ішінде тағы Жазира Жапаркүл, Рүстем Сыбай, Роман Русяновский, Қуаныш Рахатов, Ерболат Жоламанов, Айбол Алдабергенов, Александр Зайчиков, Ербол Мейірманов пен Сәуле Сәдуақасованы айтуға болады. Қазір жастарға қолдау көрсетіліп жатқаны тек федерацияның ғана емес, ол Туризм және спорт министрлігі мен бапкерлер командасының бірігіп істеп жатқан жұмысы. Ауызбірлік, тәртіп болса бәрі болады.
– Шет ел мамандары сіздерге қандай кеңес беріп жүр?
– Афина Олимпиадасынан кейін сол кездегі Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов Түркиядан Энвер Түркелериді шақырғанын білесіздер. Осы кісі бізге көп көмектесуде. Бізге дейін де ол 2-3 Олимпиада чемпионын дайындаған. Білікті бапкер жасы өзінің әріптестерінен үлкен болғанымен бәрін біліп отырады. Спортшының деңгейін, кімге қандай тамақ жағатынын, қандай витаминизация керек екенін бәрін біледі. Оның Қазақстанда тұрып жатқанына 10 жылдан астам уақыт болды. Келесі жылы бұйырса, екінші Олимпиадасы болады. Қазір біздің бапкерлер соған қарап көп нәрсені үйреніп жүр. Жақында оның ұлы Семейдің қызын алды. Енді ол қазаққа құда болып отыр.
– Өткен жылы жарыстарда қателіктер болды ма?
– Антальяда өткен әлем чемпионатына көңілім толмады. Гуанчжоуда бұдан да жақсы өнер көрсетуге болар еді. Бірақ оған бар күшімізді салмадық. Өйткені, алдағы жарыстарға дайындалу үшін өзіміздің құпияларымызды ашқымыз келмеді. Оны тактикалық әдіс, айла-тәсіл дейді ғой. Оларсыз жарысқа қатысуға болмайды.
– Қазір ауыр атлетикаға «Самрұқ-Қазына» қорының көп көмектесіп жатқанын білеміз. Былтыр сіздерге қор қанша қаржы бөлді?
– «Самрұқ-Қазына» қорының төрағасы Қайрат Келімбетовке, оның жанынан құрылған «Самрұқ-Қазына-Астана» корпоративтік қорына көп рахметімді айтқым келеді. Ондағы азаматтар жарысқа барып, ауыр атлетиканың жағдайын өз көздерімен көргеннен кейін бізге көмектесіп жатыр. Осының бәрі бірігіп істеген жұмыстың арқасы деп білемін. Ал былтыр қор ауыр атлетикаға 1 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлді. Биыл Алматы облысында салынатын ауыр атлетика орталығына 4 млн. АҚШ долларын бөлейін деп отыр.
– Осы орталық жөнінде айтсаңыз, онда не болады? Қандай жағдай жасалады?
– Бұл ғылыми зерттеу орталығы болады. Ол Алматы облысының Қарасай ауданы мен Жамбыл облысының түйіскен жерінде Үшқоңырға қарай салынады. Онда дүние жүзінің мамандары оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, бапкерлермен тәжірибе бөліседі. Орталықтың әкімшілік корпусы, бассейн, футбол, баскетбол алаңдары, қонақ үйі, 30 шақты помост, медициналық бөлмелері болады. Ол жерге Қытай мен Ресейдің медициналық мамандарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Қытайда 8 млн. адам ауыр атлетикамен айналысады екен. Біз де солардан үлгі алсақ деп ойлаймын.
– Қытайдан Майя Манеза мен Зулфия Чиншанлоны шақырып едік қой...
– Иә, оларды біз нәтиже үшін, екеуіне қарап біздің спортшыларымыз бой түзесін деген оймен, екеуі зілтемір көтеріп жатса, біздің спортшылардың осыны мен неге көтере алмаймын, олардан қай жерім кем деп ойландыру үшін алдық.
– Енді нәтиже көрініп жатыр ма?
– Нәтиже бар.
– Келесі Олимпиадаға кім барады?
– Оны айту әлі ерте. Алдымызда әлі Парижде өтетін әлем чемпионаты тұр.
– Қазір Қазақстанға келіп, еліміздің атынан сынға түсіп, спорттық карьерасы біткен соң өз елдеріне кетіп жатқандар бар ғой. Ресейден келген Светлана Подобедованы айтамын. Оның қайтып кету ойы жоқ па?
– Шынын айту керек, біз оны іздеген жоқпыз. Ол бізді өзі іздеп келді. Қазір Қазақстанның жағдайын көріп, бізге келгісі келетіндер көп. Өте көп. Оларды алу ойымызда жоқ. Біз өзіміздің спорт мектептеріндегі ұл-қыздарымызды көтеруіміз керек.
– Кезінде өзіңіз Семейдің әкімі болдыңыз ғой. Жергілікті жерде спортты дамыту үшін алдымен не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ол үшін әкімдікте, спорт басқармасында жергілікті спортты жақсы білетін адам отыруы керек. Бұл спортқа қана емес, барлық салаға байланысты. Мысалы, Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов өзі спорт маманы болғаннан кейін спортты жақсы біледі. Спортқа жауапты адам соның ішінде жүруі керек, ол адамның ішкі дүниесі болуы керек. Кейде ол кісі бізге келіп, неге бұлай болды, оның себебі неде деп сұрастырып жатады.
– Жоғарыдағы сауалды қойып отырғанымыз барлық өңірде ауыр атлетика бірдей дамыса деген тілек қой біздікі.
– Оның дұрыс, әрине. Ол үшін жергілікті спорт басқармасының басшысы әкіммен тығыз байланыста жұмыс істеуі керек. Әкімге сауатты түрде жағдайдың бәрін түсіндіріп, өз ойын нақты дәлелдермен жеткізетін болса, ауыл, аудандағы спорттың дамитыны сөзсіз. Осы жерде ауыр атлетиканың Алматы облысында жақсы дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Облыс әкімі Серік Үмбетовке көп рахмет, ол кісі жалпы барлық спортқа қолда бар жағдайдың бәрін жасап жатыр.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.