• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

Арал апатына арашашы

1126 рет
көрсетілді

Арал апаты. Арал қасіреті. Бұл жайында айтылған әңгіме көп. Бұл әңгіме өткен ғасыр ортасынан ауғанда басталып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Сол әңгімеге қарағанда, кейде бұл апаттың емі жоқтай, сол қасіретке кезіккен жұрт оңала алмайтындай көрінетін. Сол аймақта халық өмір сүріп жатыр. Болашаққа жарқын көңілмен қарайды. Ешкімнің де басқа жаққа көшіп кеткісі жоқ. Мұны сол қасіретпен, қиындықпен күрестің арқасы, қамқорлық пен қайырымдылықтың арқасы дерсің. Осы ретте сол   күрестің бел ортасында жүрген Халықаралық Аралды құтқару қоры ұйымы атқарушы комитетінің төрағасы Сағит ИБАТУЛЛИНМЕН әңгімелесуді жөн көрдік. – Сағит Рахматуллаұлы, сіз атқарушы комитетін бас­қарып отырған қор сол апат­тың, қасіреттің зардабын жою­ға байланысты құрыл­ға­ны бел­гілі. Сірә, әңгімені сол апат­тың қалай пайда бол­ға­ны­нан бастаған қисынды сияқты. – Бұл апат адамның қаты­суы­мен жасалды. 1960 жылдан 1988 жылға дейін Арал теңізінің бассейнінде жаңа жерлерді кеңі­нен игеру жүрді де, суа­ры­ла­тын жер көлемі және суды пайдалану екі есе артты. Соның сал­дарынан те­ңізге құйылатын су 1961 жыл­ғы 55 мың текше километрден 8-10 текше километрге азайды. Сөй­тіп, 90 жыл­дардың басында Арал те­ңізі өзі­нің көлемінің 85 пайы­зын, аума­ғы­ның 65 пайы­зын жо­ғалт­ты. Дәл қазір Арал теңізінің ай­ды­ны 13 шаршы километр, бұ­рын­­ғы­ның 17 пайызы, ал су кө­ле­мі 90 мың текше километр, бұ­рынғының 9 пайызы ғана. Теңіздің көлшікке айналуы, судың тапшылығы әлеуметтік-эко­логиялық сипаттағы проблемалар тудырды. Климаттың өз­ге­руіне, өзендердегі сулардың са­па­сының төмендеуіне, Арал теңіздегі балық кәсібінің жо­йы­луына, 4 миллион гектардай жер­дің құнарсыздануына байланыс­ты миллиондаған доллар эконо­ми­калық зиян келумен қатар, Әму­дария және Сырдария өзен­дері­нің сағасындағы өмір сүріп жатқан 5 миллиондай халықтың өмір деңгейі мен денсаулығына қатты әсер етті. Мұндай эколо­гия­лық дағдарыстан, ең алдымен балалар мен аналар жапа шекті. – Енді сол апаттың қасіретін азайтуды мақсат еткен қордың қалай құрылғанына келейікші. – Су – Орталық Азия елдері үшін ең өзекті мәселе. Бұл жерде үлкен келісім керек. Келіспейтіндерге қа­тыс­ты «Ба­сын­дағы су ішеді, аяқ­та­ғы у ішеді» деген мәтел шық­қан. Бұрын өзі Арал теңізі бассейні деп ата­латын Әмудария мен Сырдария өзен­дері­нен су ішетін елдер ара­сын­дағы суға бай­ла­нысты мәсе­лені белгілі дәрежеде Мәскеу реттеп отырса, енді өздері реттеуге тиіс. Осы жерде мен мына бір жайды атап айтқым келеді. Бұл елдер өз­дері­нің егеменді дамуы­ның ал­ғаш­қы қиын күндері­нен-ақ су­дың мемлекетаралық көз­­дерін пайдалану мен қорғау, басқару ісімен келісімге келіп, көре­ген­дік таныт­ты. Қазір біреулер өмір бары­сын­да кездесе беретін азын-аулақ кемшілікті, келіс­пеушілікті бады­рай­тып көрсетуге құмар. Шын мә­нінде Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Тә­жік­стан, Түркі­мен­стан жә­не Өз­бек­стан, біреулері осы­нау су ре­сурс­тарын пай­дала­ну­да қолай­лы жағдайда тұрғанына қарамай, келісімге қол қойған­да­рын жақсы ниеттің көрінісі болды деп баға­ла­ғанымыз жөн. Және бұл одан кейінгі уақыттарда да жал­ғасын тапты. Бұған көптеген мы­сал­дар келтіруге болады, оның жарқын бір көрінісі деп Халық­аралық Арал­ды құтқару қорының құры­луын айтар едім. Мұның алдында 1992 жылы Орталық Азия елдерінің басшы­лары су ресурстарын басқару жө­нін­дегі мемлекетаралық орган – Мемлекетаралық үйлес­тіру­ші су шаруашылық комис­сия­сын құрған болатын. Келесі жылдың алғашқы күндерінде Ташкентте басқосқан бес елдің басшылары Халықара­лық Арал­ды құтқару қорын (ХАҚҚ) құру жөнінде шешім қа­бы­лдады. Бұл мемле­кет­аралық ұйым­ның мақ­саты Арал апа­ты­ның зардабына ұшы­ра­ған аймақ­тар­ды эколо­гия­лық сауықтыруға бағыт­тал­ған эколо­гия­лық және ғылыми-тәжіри­бе­лік жобалар мен бағдар­лама­лар­ды әзірлеп, оны қаржы­лан­дыру­ды көздейді. Содан бері бұл ұйым, міне, 18 жыл бойы, елдердің қиын­дық­қа қарсы бірлесіп кезде­суі­нің, өткір мәселелерді ынты­мақ­та­са шешу­дің жақсы нышаны болып келеді. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Оның белсенді ара­ласуымен талай су шаруа­шы­­лығына, гидр­о­энер­гетикаға қа­тыс­ты, эколо­гия­лық сипаттағы мә­селелер шешіліп, ха­лық­аралық ұйымдардың ара­­сын­да ынты­мақтастық орнық­ты. – Сөзіңізге қарағанда, бұл қор мемлекетаралық қарым-қаты­нас­­тың жаңа бір ныса­нын­дай көрі­не­ді. Сондықтан да, оның құры­лы­мына азырақ тоқ­тала кетсеңіз. – Мемлекетаралық дегенде, шын мәнінде де ол ең жоғарғы деңгейдегі қарым-қатынас. Оны ел басшылары жүргізеді. Қордың ең жоғарғы органы – Арал теңізі бассейнінің проблемалары бо­йын­­ша мемлекет басшыларының кеңе­сі. Одан бір саты төмен – қор бас­қармасы. Оған қорға мүше елдер үкіметтері басшыларының орынба­сар­лары кіреді және негізгі саяси шешімдерді әзірлейді, оны ел бас­шы­ларының бекітуіне ұсынады. Қор­дың үйлестіруші органы – ат­қарушы комитет, оған әр елден екі өкілден кіреді. Түрлі шешімдерді әзірлеу, оның орын­да­луын қадаға­лау осы буын арқылы жүзеге асады. Қордың құрылымына кіретін басқа да біршама буындар бар. Олар Арал апатының зардап­та­рын жоюға бағытталған түрлі жо­балар мен бағдарламаларды ғы­­лыми негізде әзірлеп, оны жү­зеге асыруды жоғары деңгейде жүр­гізу­ді қамта­ма­сыз етуге жұ­мыл­дырылады. – Арал апаты, Арал қасіреті дегенде, теңіздің тартылғанын, со­ған байланысты экологиялық қиын жағдайдың қалыпта­сқа­нын айтамыз. Соны оңалтуға бай­ланысты қор не жұмыс ат­қар­ды дегенде, не айтар едік. – Әрине, Аралды бұрынғы қал­пына қайта келтіру мүмкін емес. Оған келіп қосылатын судың кө­беймейтіні де белгілі. Соған қара­май теңіз орнынан ұшатын тұзды шаңды азайту жолында жұмыстар жүріп жатқанын айтпағанда, Кіші Аралға байланысты жүргізіліп жат­қан шаралар ауыз толтырып айтар­лық­тай. Осыдан үш жыл бұрын «Сыр­­дария арнасын және Арал те­ңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жо­басының бірінші фазасы ой­да­ғыдай жүзеге асты. Оған 86 миллион дол­лар қаржы жұмсалды. Жо­ба­ның екінші фазасын жүзеге асыру жүріп жатыр. Арал теңізі эколо­гия­лық жағ­­дайын жақсарту жөніндегі бағ­дар­ламаның 8 компонентін орын­дауға 191 миллион доллар қаржы бөлінген. Әйтпесе, Көксарай су реттегішін пайдалануға берудің өзі не тұрады. Ол Қызылорда өңірінде көктемде су тасу қаупінен құт­қаруы өз алдына, жазда егіндікке мол су жеткізумен қатар, Кіші Арал­дың айдынын кеңейтеді. Қордың алғаш құрылып, оған біздің еліміздің Президенті бас­шы­лық еткен кезеңнен қалып­тас­қан дәстүр бар – аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуы еске алына отырып, «Арал теңізі бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту жө­ніндегі таяудағы 3-5 жылға ар­нал­ған нақты істердің бағдарла­ма­сы», қысқаша АТББ жасалып, оны жү­зеге асыру қолға алынады. «АТББ-І» деп аталған бағдарламаны қорға мүше мем­лекет басшыларының кеңесі 1994 жылдың басында бекітті. Оны әзірлеуге қорға мүше ел­дер­дің мамандары мен ғалым­дары­мен қатар, БҰҰ ұйымдары, БҰҰДБ, ЮНЕП, Дүниежүзілік банк, GEF, ЕҚДБ, АДБ, ТАСИС, KfV неміс банкі, Кувейттік ЭРА қоры, ЮСАИД және басқалары қатысты. Бағ­дар­ламаның негізгі мақсаты ретінде мына бағыттар белгіленді: Арал теңізі; Арал ай­ма­ғы бұзылған эколо­гиясын қал­пы­на келтіру; бассейннің су және жер ресурстарын басқару әдіс­терін жетілдіру және бағ­дар­лама шараларын жоспарлау мен жүзеге асыру үшін барлық деңгейде басқару құрылымын жасау. Сол АТББ-І бағдарламасының жұмысы екі кезеңге бөлінді: 3 жылдан 5 жылға дейін созылатын дайындық кезең және 10 жылдан 15 жылға дейін созылатын жүзеге асырылатын кезеңі. Бағдарламаға жобалар негізінде сегіз компонентте енгізілді. Оның әрқайсысы жан-жақты зерттеліп, жүзеге асыру жолдары белгіленген. Айталық, «Та­за су, санитария, денсаулық» жо­балар компонентіне апатты өңір­ге жақын елдер Өзбекстан, Түркі­менстан және Қазақстан енгізілген. Ал 2003-2010 жылдарды қам­титын «Арал теңізіндегі эколо­гия­лық және әлеуметтік-экономи­ка­лық жағдайды жақсартудың нақ­ты істер бағдарламасы», яғни АТББ-2 алдымен ХАҚҚ-ның басқарма­сын­да бекітіліп, қорға мүше елдер басшыларының 2002 жылдың 6 қазанында Душанбедегі кездесуінде мақұлданды. – Әрине, жоспардың дұрыс жасал­ғаны жақсы. Бірақ біздің көңі­лімізде, ең алдымен ат­қа­рыл­ған істер қандай деген сұ­рақ тұрады. – Жоспар дұрыс негізделсе, оның орындалуы кепілді болады.  Орындалған іске келсек, АТББ-2-нің қазақстандық бөлігінде қалай орындалғанына тоқталайық. Қызылорда облысында 2002 жылы екі аудандық аурухана және Қызылорданың өзінде 76,6 млн. долларға көпсалалы ауруханалық кешен салынып, бұл бұрын­ғы­лар­ға қосылғанда, халықтың қажетін өтеуге мүмкіндік туып отыр. Сол жылы айтарлықтай проблемаға айналған Қызылорда қаласы тұ­сын­да Сырдария өзенінде бағасы 1744,7 миллион теңгеге түскен көпір пайдалануға берілді. Бағдарламаны жүзеге асыру ау­қымында Сырдария өзенінің ар­насы бұрынғы 350 орнына 700 м3/с су өткізу деңгейіне жеткізілді, яғни екі есе артты. Кіші Арал 42 метрлік дең­гейге көтерілді. Оның су кө­лемі 15,6 текше километрден 27,1 текше километрге жетті. Ал су айдыны 2414 шаршы километрден 3288 шаршы километрге артып, 870 шар­шы километр құрғаған теңіз таба­нын су басты. Су көбейген соң балықтардың түрі көбейді, бекіре балығын өсіруге мүмкіндік туды. Ал балық аулау 0,4 мың тоннадан 2 мың тоннаға өсті. Арал апатынан көбірек зардап шеккен Арал және Қазалы ау­дан­дары ғой. Осы аудандарда АТББ-2 бағдарламасындағы 54 жоба жү­зе­ге асырылыпты. Оның ара­сын­да таза су, көлдерді суға толтыру, жа­йы­лым­дарды сулан­дыру, білім, ден­сау­лық саласы нысандарын салу, құрғаған теңіз табанына ағаш егу, коммуналдық қызметті техникамен жарақтандыру сияқ­ты мәсе­ле­лерге байланысты жобалар бар. – Жөн екен. ХАҚҚ ая­сын­да екі үлкен жоба жасалып, ол негізінен жүзеге асыпты және асып та жатқан көрінеді. Енді алдағы жұмысқа назар ау­дарсақ. – Алдағы жұмыс дегенде, ол ең алдымен осыдан екі жыл бұ­рын, нақтырақ айтсақ, 2009 жыл­ғы 2 сәуірде өткен Алматы саммитінде ХАҚҚ қызметіне жоғары баға берілді. Алдағы уақытта да Арал те­ңізі бассейніндегі дағд­а­рыс сал­да­рын жою жолындағы ын­тымақ­тас­тық әре­кеттерді үй­лес­тіруде оның жұмысын ширата түсу қажеттігі ай­тылған. Мәлім­де­медегі «Тараптар Мемлекет­ара­лық үйлестіруші су шаруашы­лы­ғы комиссиямен, Мем­лекет­аралық ХАҚҚ-ны тұрақты да­­мыту жө­нін­дегі комиссиямен бір­­­лесе отырып, ұлттық сарап­шы­лар мен донор­лар­ды қатыстыра оты­­­рып, атқару­шы комитетке ХАҚҚ-ның мем­ле­кет-құрылтай­шы­­ларының қарауы­на және бекітуіне ұсыну үшін 2011-2015 жылдар мерзіміне ар­нал­ған Арал теңіз бассейніндегі ел­дерге көмек көрсету жө­нін­дегі іс-қимыл бағдар­ла­масын (АТББ-3) жасау тапсы­рылсын» деген талап біз­ге үлкен міндет жүктеді. – Қордың халықаралық ұйым­­дармен байланысы мәсе­ле­сіне кеңірек тоқталсаңыз екен. – Арал апаты аймақтық си­пат­тағы дағдарыс емес, ол әлем жұрт­шылығы мойындап отырған дағ­да­рыс. Бұл апаттың салдары басқа аймақтарға да тиіп отыр. Сон­дық­тан да, оның зардаптарын жоюға халықаралық ұйымдардың да ара­ласуын заңдылық санауымыз керек. Бүгінге дейін қордың атқару­шы комитеті олармен өз мүм­кін­дігінше қоян-қолтық жұмыс істеуге ерекше мән беріп келді. Осы жерде атап өтетін бір жайт бар. Қордың халықаралық ұйы­м­­дармен белсенді қарым-қа­тынас жасауы ескеріліп, 2008 жы­лы ХАҚҚ-ға БҰҰ Бас Ассамблея­сындағы бақылаушы мәртебесі бе­рілді. Бұл БҰҰ-ның түрлі инс­титуттарымен ынтымақтасуды да­­мыта түсуге жағдай жасайды. Жалпы, ХАҚҚ қызметі де ха­лықаралық қарым-қатынас си­па­тында. Бір аймақтағы мемлекет­тер­дің, оның құрылымдарының тығыз байланыста жұмыс істеуін қамта­ма­сыз ететін қор өз қыз­метінің ауқымын кеңейте түсуге, жетекші халықаралық ұйымдар­мен бірлесе жұмыс істеуге міндетті де. Бұл ретте қордың атқарушы комитеті БҰҰ-ның түрлі құры­лым­дарымен тығыз байланыс жасап тұрады. БҰҰ Бас хатшы­сы­ның орынба­са­ры Ян Кубиш екі рет ХАҚҚ атқару комитетінің кеңсесінде болып, ор­тақ шараларға қатысты. ­Қордың жұмысына біршама жетекші халықаралық ұйымдар жоғары баға беріп отыр. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ның тұрақты ке­ңе­сінің мәжілісінде ХАҚҚ ат­қару комитетінің төрағасы сөй­ле­геннен кейін Еуроодақ өкілі Аралды құтқару қоры атқарып жатқан жұмысты айрықша баға­лап сөз сөйледі. Оны көптеген елдердің өкілдері қолдады. Әсіресе, қордың атқарушы ко­митеті донорлық қызмет көр­се­тетін халықаралық басты қар­жы­лық мекемелермен – Дүние­жү­зілік банкпен, Еуразиялық Даму банкімен, Герман ынты­мақ­тасу жө­нін­дегі техникалық қо­ғамы­мен, АҚШ халықаралық көмек агент­тігімен, Швейцария техни­ка­лық ын­тымақ жөніндегі агенттігімен, Француз ғаламдық эколо­гия­лық қо­рымен тығыз бай­ла­ныс­та. Бұл АТББ-3 бағдар­ламасын жүзеге асы­рудың игі нәтижесін беретіні сөзсіз. – Атқарылып жатқан ай­тар­лықтай жұмыстар бар екен. Дегенмен, осынау ау­қымды жұ­мыс­­­тың арасында көңілге кірбің үйі­рер кемшіліктер де бар шы­ғар. Осы жайында не айтар едіңіз? – Өмір ғой, жұмыс болған соң, кемшіліктер де болып жатар. Оны жоқ демейміз де. Әң­гіме елдердің арасындағы ортақ іс жайында бол­ған соң, бар­лы­ғы­мыз да бір ниетпен жақ­сы­лық­қа жұмылып жұмыс істеп жат­қанда, көңілге алды­мен жақ­сы істер ора­лады. Арал апаты бір емес, бірнеше елдің басына түскен ортақ ауыртпалық. Соны жоюды ортақ міндет санап, Ор­та­лық Азиядағы туысқан бес ел ор­тақ қор құрды. Соның бірі ма­ған түскен ауырт­палық аздау, мен бұған кірмеймін деп, одан бас тартқан болса, басқа елдердің мүд­десін ескермеген болса, ХАҚҚ бүгін атқарып отырған жұмысын толық жүзеге асыра алмас еді. Қол байлайтын талай кемшілік табылады. Көбіне қаржы жетпей жатады. «Жомарттың қолын жоқ­тық байлайды» деген де бар. – Арал аймағының бола­ша­ғын көз алдыңызға қалай елестетесіз? – Былтыр Арал, Қазалы ау­дан­­дарында оқушылардың шы­ғар­­ма­ларының, балалар суреті­нің ха­лық­аралық «Арал: кеше, бүгін, ертең» деген көрмесі өтті. Балалар сезімі пәк қой, ойын­дағысын бейнелейді. Кеше дегенде, суал­ған жерді бейнелесе, ертең дегенде, көркейген аймақ­ты көреді. Сол балалардың пәк сезіміне сенемін. Мен Арал өңірінің ертеңіне жарқын көңілмен қараймын. Со­лай болсын деп елдердің бас­шы­ларынан бастап, қара­пайым адамдар да ойларын он саққа бөліп, түн ұйқыларын төртке бө­­ліп жүр. Оның жемісі бола­тыны заңдылық. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Мамадияр ЖАҚЫП.