• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

«Көп халық жоғалмайды көп­­тігімен»

496 рет
көрсетілді

Ана бір жылы парламенттік делегацияның сапында үнді еліне арнайы сапармен барғанымыз бар. Делиде қазақстандық депутаттар Үндістанның басшыларымен, үнділік әріптестерімен кездесіп, достық рәуіштегі емен-жарқын әңгіме өрбіді. Әлемге әйгілі Бомбей қаласына да ат басын бұрдық. Сонда ғой қазақстандық делегацияның басшысы, Парламент Мәжілісінің сол кездегі төрағасының ағынан ақтарылатыны. Еліміз туралы, байлығы мен дәулеті жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп, жер аумағы жағынан әлемде 9-шы орын алатынынан үнділіктерді құлағдар ете келіп, халық санының 17 миллионды төңіректейтінін кәдімгідей ауыз толтыра айтқан-ды. Қонақтың әңгімесін құлақ қоя тыңдап отырған Бомбей қаласының мэрі сол сәтте: «біздің шаһардың халқы да 17 миллион шамалас», деп сөз қыстырғаны... Қазақ халқының көрмегені жоқ қой, тарих жадына жазыл­ға­­нын айтқан күннің өзінде қа­лай­­ша жер бетінен жойылып кет­пегеніне жағаңды ұ­с­тап, Жа­ра­тушыға мың мәрте шү­кір­­ші­лік айтатын кездерің бо­ла­ды. Әйт­песе, саны жағынан қа­зақ­­ты сан орап алатын, алайда тәу­­ел­сіз­д­ікке қол жеткізе алмай отыр­­ған халық аз дейсің бе бұ дү­ниеде. Болмаса, жоңғар дегенің де кезінде кімнен кеммін деп еді, бүгінде тарих сахнасынан ізім-қайым жоғалды емес пе. Ен­дігі жерде олардың аты аталса, қа­зақ­тың тарихы арқылы ғана ата­ла­ды... Арғы кезеңді, өткен тарихтың ащы сабағын еске алғандығымыз, бүгінгі «барымызға» барлау жа­са­ғалы отырғандықтан ғой. Әң­гі­меміз халық санына қатысты өр­битін болса, қайдағы бір жайсыз оқиғалар еске түсетіні бар. Өткенге салауат, ендігісі бү­гі­німізді бүтіндеп алайық та, ке­лешегіміз кемел болуы үшін. Со­нымен, 2015 жылдың басында 9-шы территорияны мекендеген халықтың саны 17 417 673 адам болса, халық ең көп шоғырланған өңір – Оңтүстік Қазақстан облысы (2 788 404), ке­лесісі – Алматы облысы (1 922 107), үштікті Алматы қаласы (1 642 334) түйіндейді. Халық са­ны аз өңірлердің қатарына Сол­түс­тік Қазақстан облысы (571 759), Атырау облысы (581 473), Маң­ғыстау (606 892) және Батыс Қазақстан облыстары (629 951) жа­тады. Бізді көп мазалайтын түйт­кілді мә­селе – халық саны­ның аздығы. Әсі­ресе, оның ішінде қазақ саны­ның аздығы қабырғамызды қа­рып, бүй­регімізді бүлкілдетеді. 2009 жыл­дың басына жекеле­ген этностардың жалпы санын­да­ғы қазақтың үлесіне көз жі­беретін болсақ, айбындана түсу үшін әлі біршама уақыт пен демографиялық саясатқа басымдық беру керек екенін аңғарамыз. Осыдан тура сегіз жыл бұрын мемлекет атын иеленген халық саны 60,47 пайызды дөңгелектепті. Әрине, екінші орында – орыс диаспорасының өкілдері – 24,53 пайыз.Үшінші орында өзбек диаспорасының өкілдері (2,94 пайыз) болса, төрттікті украиндар (2,68) түйін­дейді. Жалпы, халықтың бір пайы­зынан жоғары пайызды құ­райтын диаспора өкілдерінің са­натына ұйғырлар (1,53), татарлар (1,44) және немістер (1,40) ене­ді. Әрине, одан бергі жеті жыл ішін­де атажұртқа атбасын бұрған ағайын­дардың есебінен қазақтың қара­сы көбейгені де белгілі. Әйт­се де, қазіргідей алмағайып за­манда, оның үстіне санының көп­тігімен-ақ жаһанды жаулап алар­лық деңгейге көтерілген ха­лық­тар бар кезде аталған өсімнің аз­дық ететіні тағы мәлім. Бар қазақтың өзі де 9-­шы территорияда қойдың құмалағындай шашырай орна­лас­қа­ны өз алдына, теріс­кей өңірде се­леудей селді­реп қалғаны тағы бар. Алаш баласының ортасын тол­тырып алаңсыз орналасқан, ата дәстүрін ардақтап отырған өңір­лер – Қызылорда (95,78), Атырау (91,32), Маңғыстау (86,04), Ақтөбе облысы (77,96), Батыс Қазақстан (70,94) және Оңтүстік Қазақстан (70,11) облыстары. Әуелі патшалық Ресейдің, кейін­нен КСРО-ның сорақы сая­сатының ізі қазақ даласында әлі күнге дейін сайрап жатыр. Сай­рағаны сол, қазақ халқы әлі еңсесін тіктей алмай, жалпы халық санының жартысына жетпейтін өңірлер әлі де бар. Масқара болғанда, ұлт қайраткері Смағұл Сәдуақасов туған өңірде қазақтың саны 33,71 пайыз ғана. Сол­түстік өңір халқының үш­тен біріне жетер-жетпес халде. Ахмет, Міржақып ой қа­зы­­ғын үкілеген өңірде алаш ұр­па­ғы 35,61 пайыздың айналасын­да. Қос­танай қазағының жыртығы қа­зақы рухты Торғай арқылы жа­ма­лып отырғандығын не­сіне жасырамыз. Әйтпесе, қ­алың орыс­­тың ортасындағы қос­та­най­лық қазақтардың мем­ле­кеттік тіл­ге, ұлттық мүддеге де­ген солақай көз­қарасы тәуелсіздік алып, тілімізді төрге оздырып отырған күннің өзінде де байқалады. Бөкейхановтың кіндік қаны там­ған Қарағандыда да қазақтың саны көңіл көншітерліктей емес, 44,14 пайыздың шамасында. Қазақ жерінің тұтастығы үшін кү­рескен қайраткер Жұмабек Тәшеновтің өмірге қадам басқан об­лысында да жергілікті халық 44,60 пайыздың төңірегінде. Орыс тіліндегі атауынан құтыла алмай келе жатқан Павлодарда да қазақтың саны облыс халқының жартысына да жетпейді. Бар бол­ғаны 45,72 пайыз. Осындай демо­графиялық ала-құла деректер­ге қарамастан, оңтүстікте, батыс­та қалың қазақтың ортасында отырған ағайындар ұлттық мә­се­­ле­ге келгенде «аттан!» са­лу­ға құш­т­ар-ақ. Қазақтың са­ны жарты­сына жетпейтін өңір түгілі 70 пайыздан асқан аймақта мем­ле­кет­тік тілдің тасы өрге дома­лап, ұлттық мәселенің түйіні толыққанды тарқатылып болды ма екен?! Қашанда кісінің көңілін қал­ды­р­­майтын қазекең солтүстікте, орта­лықта әлі күнге көп халық­тың ыңғайында, солардың ық­па­­­лында өмір сүріп келеді. Ұр­­­пағы әлі күнге дейін орыс ті­лін­­де білім алады, өздері де орыс тілінде сөйлеп, орыс мә­де­­­ниетінен сусындайды. Сол се­­беп­ті, солтүстіктегі алаш ұр­па­ғының саны артып, қай­нар бұ­­ла­ғына біржола бас қой­май, бір жарлықпен «қазақ» болуы не­­ғайбыл. Әрине, қазақ аз жерде орыс жұртының өкілдері басым екендігі белгілі. Орыс диаспорасының өкіл­дері Солтүстік Қазақстанда (48,35), Қостанайда (40,85), Шы­ғыс Қазақстанда (41,04), Қарағандыда (39,56), Павлодарда (38,56) және Ақмолада (35,78) әлі де мұрты бұзылмай отыр. Егер де олар­ға өздерін орыстілділер сана­тына қосатын диаспораларды қосқанда 50 пайыздан асып жы­ғы­лады. Мәселен, Қостанайда украиндар 11,64 пайызды құраса, Солтүстік Қазақстанда – 5,63 пайыз, Павлодарда – 6,52 пайыз. Демография туралы әңгіме қоз­ға­ғаннан кейін, көші-қон төңірегінде қалыс қала алмаймыз. Сыртқы көші-қонға назар аударатын болсақ, Қазақстаннан көршілес Ресейге қоныс аудар­ған­дардың басым екендігі бай­қа­ла­ды. 2010 жылы – 23 499, 2011 жылы – 29 850, 2012 жылы – 26 998, 2014 жылы 23 859 адамды құ­раған. Бела­русьқа 2013 жылы 1052 адам қоныс аудар­са, 2014 жылы 1605 адам болыпты. Алыс шет ел арасында Қазақстаннан Гер­ма­нияға көшушілер саны әжептәуір. 2011 жылы – 971, 2013 жылы – 1206, 2014 жылы 2179 адамды құраған. Израиль­ге ат бұрғандар да бар: 2011 жылы – 104, 2013 жылы – 80, 2014 жылы – 91 адам. Қиырдағы Қанаданы таң­да­ған­дар да ұшырасады. 2012 жылы – 168, 2013 жылы – 92, 2014 жылы 112 адам Оттаваға қа­рай көш басын бұрыпты. Жаһандану заманында кімнің қай елде тұрамын десе де еркі бар, тек өзіміз ортамызды толтыра алмай отырғанда қазекеңнің ұр­пағы Асан қайғы бабасының ізімен Жерұйықты жатжұрттан із­деп кетсе, сонысы жан ауыртады да. Өйткені, жатжұртқа қоныс аударғандардың арасында қазақтардың да өзіндік үлесі бар. Басқа мемлекеттерге қоныс аударғандар арасындағы қазақтардың үлесі 2009 жылы 5,0 пайыз, 2011 жылы 4,5 па­йыз, 2013 жылы 4,3 пайыз, 2014 жы­лы 4,2 пайызды құраған. Өт­кен замандарда кіндігі туған же­ріне байланған алаштың ХХІ ға­сырдағы ұрпағы жаңаша өмір сү­руге бейімделіп, жаһандану ке­зеңінде нанын басқа жұрттан теріп жеуге мүдделі. Кінәлауға бол­мас та. Бірақ, бабалар ар­ман­даған тәуелсіздігімізге қол жеткен тұста оның іргесін бе­кі­тіп, ны­ғайту үшін қараның молдығы, ха­лық санының көптігі айбын мен қаһар болатыны айқын. Әрине, қоныс аударғандардың басым бөлігін орыстар құрайды: 2012 жылы – 74,2 пайыз, 2013 жылы – 70 пайыз, 2014 жылы 70,1 пайыз болған. Украиндардың да үлесі жоғары: 2012 жылы – 7,2 пайыз, 2013 жылы – 7,8 пайыз, 2014 жылы – 7,2 пайыз. Неміс диаспорасы да эмиграцияның басты кейіпкерлерінің санатында. 2012 жылы – 5,9 пайыз, 2013 жылы 6,9 пайыз болса, 2014 жылы тұп-тура 8 пайызды дөңгелектеді. Бауырлас татар халқының өкілдері де жыл са­йын бірыңғай шамада қоныс аударып жатыр. Сыртқа көшкен татарлардың саны 2012 жылы – 2,3 пайыз, 2013 жылы – 2,4 пайыз, 2014 жылы 2,3 пайызды құрады. Деректерде, оның ішінде ұлтқа қа­тыс­ты демографиялық деректерде тағ­дыр бар. Керек десеңіз, біз сөйлеткен де­­рек­терде тұтас этностардың тағдыры бар. Бір ғасырдың ішінде қазақ даласы қу­ғын-сүргінге ұшыраған халықтардың та­­бан тіреген жері болғаны өз алдына, сол арқылы жергілікті халық әп-сәтте аз­­шы­­­лыққа айналып шыға келді емес пе? «Көп халық жоғалмайды көп­­тігімен, Мықты болмай бол­­майды, ал біздерге!» деп жыр­лаған еді кезінде қазақтың Қа­­дыры, Мырза Әлінің ақын ба­ла­сы. Ен­деше, 9-шы тер­ри­торияның төрі төрт түлікке ға­на емес, төрт құбыласы түгел жан­ға толуы  тиіс! Сонда ғана қауіпсіздік бұлты сейіледі, ал әзір­ге Қадыр айт­қандай, алаштың «мықты болуына» тура келіп тұр. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»