• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Берекелі «Бәйтерек»

607 рет
көрсетілді

Қасиетті қазақ топы­ра­ғына, тарихи ата­жұр­тына сағына жеткен аға­йын­дарымыз мемлекет тарапынан жасалып жат­қан қамқорлыққа зор ең­бек құлшынысымен, ұйым­шылдық үлгісімен, ұлттық дәс­түрлерге беріктігімен жауап беруді басты парыз санайды.

«Еліме не беремін?»

дейтін қандастардың көптігі қуантады

 Қазақстан жылнамасында 1991 жылдың алатын орны ерекше. Дәл осы жылы «Ұлы көш» деген атаумен тарихқа енген керуен легі атажұртқа бет бұрды. Әлемнің төрт бұрышына тарыдай шашылып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған сырттағы туғандарымыз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруын қабыл алып, ашық қабақпен, емен-жарқын көңілмен орала бастады. Бабаларымыздың талайдан бергі арманы орындалып, кейін­гі ұрпағы бақыт шуағына бөленді. Осындай сағынышты сәт­терге толы қауышуларды сол­түс­тік­қа­зақ­стандықтар да бастан өт­керіп, алыстан аңсап жеткен ағай­ын­дарға жылы құшағын айқара ашты. Моңғолияның Байөлке ай­мағынан қоныс аударған екі жү­з­­- ге жуық отбасы мүшелері қиян түк­пірдегі Тимирязев ауданының Белоградов ауылына шаршап-шалдығып жетсе де, нұрланған жүздері, ұшқын атқан көздері әлі күнге көз алдымызда. Қазақтың тау шынарындай мұқалмас биік рухы Қызылжар аспанын шарлап кеткендей болып еді сол кезде. Бұған дейін тек орыс тілінде білім беріп келген мектептің аралас білім шаңырағына айналуының өзі үлкен жеңіспен пара-пар еді. Имандылық үйі – мешіт ашылып, ұлттық қолөнеріміз, салт-дәстүріміз жанданып, қазақтың қазыналы көші жоғымызды түгендеп, төрт құбыламызды теңестіріп, ұлттың ұлы мұраты жолындағы естен кетпес, жадыдан өшпес оқиғалардың бірегейі болды. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан бергі уақытты ойша шолып, сырттай бағамдап қарасақ, қасиетті Қызылжар же­рі­не он мыңдай отбасы ат басын бұр­ған екен. Ұлы көшті бастап берген Моңғолиядан келген ағайын­дарымыздың қатарын кейін Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан қоныс аударған қан­дастарымыз толықтырып, бірге туған бауырдай бірден жарасып кетті. Қысы қатал, жағ­ра­пиялық орналасуы ерекше, де­мографиялық жағдайы бөлек орта­ға тез сіңісті. Төрт түлік өсі­рудің, жермен жұмыс істеудің кә­нігі шеберлері теріскейде ерекше серпіліс тудырды. Саяси жә­не зор әлеуметтік маңызы бар мем­лекеттік мәселе бір ауыл, бір аудан кемерінен асып, таси аққан өзен құсап арнасына сыймай кете барды. Көші-қон үдерісі шапшаң қарқынмен жүргізіліп, көптеген шаруалар тындырылды. Қазақстан әлемдегі отандас­тарын өздерінің тарихи отанына шақырған үш елдің қатарында өрелі қадамдар жасады. Бүгінде Елбасы айтқандай, ата­мекеніне оралған бауыр­ла­рымыздың арасында «Елімнен не аламын?» деп емес, «Еліме не беремін ?» деп келгендердің көп­­тігі бек жарасып тұр. Еге­мен­дігіміздің елең-алаң ша­ғын­да ата-баба қонысына орал­ған Жаңабай Пір­манов өткен күндерді былай еске алады: – Алғаш көшіп келгенде қат­ты қиналсам да, туған жер­­ге аяқ басып, ауасымен ты­ныс­т­а­ғаннан кейін өзімді керемет жеңіл сезіндім. Айыртау баурайына орнығып, атакәсіппен шұғылдандым. Бәрі– еңбектің, ту­ған жер құдыретінің арқасы! Өзбекстанның Тамды облысынан көшіп келген бұл азамат фермерлік қожалық құрды. Түйе шаруашылығын өр­кен­детті. Кейін 30 отбасының осын­да қо­ныс­тануына, қазақ сы­нып­та­ры­ның ашылуына ұйытқы болды. Жаңабай сияқты табыстың тайқазанын тасытып жүрген Тайынша ауданында тұратын Орынбай қажы Әлжановтың же­тек­шілігіндегі серіктестік жүз үйлі Теңдік ауылының тұр­ғын­дарын жұмыспен қамтып, қам­қор­л­ық жасап отыр. Мектептегі оқушылар санының азайып, жабылу қаупі төнгенде Орекең не амал тапты дейсіз ғой? 1998 жы­лы Қызылорда облысынан 16 отбасының суыт көшіп келе жатқанын естіп, темір жол бекетінен мың жылдық құда­сындай күтіп алған. Ауылға орналастырып, үй-жаймен қамтамасыз еткен, алдарына мал салып берген. 2003 жылы Өзбекстаннан келг­ен 14 отбасын аттай қалап ал­ған. «Елге ел қосылса – құт» деген осы. Теңдіктегі оқушылардың саны 80-ге жетіп, қазақ мектебі сақталып қалған. Төлеу қажы Ахмуддиновтың Омбыдағы жылы орнын, беделді қызметін тас­тап, алтын бесік ауылына ора­луының сыры еліме қызмет етсем деген тілек-ниеттен туғаны анық. Мұндағы айтпағымыз, жырақ­та жүрсе де, сағы сынбаған, рухы асқақ, еңсесі биік ағайындарымыз бо­сағадан сығалатпай, төрге оздыру құрметінің қайтарымы ре­тінде бойларындағы барлық қажыр-қайратын, күш-қуатын елдік мүдделерге арнаған. Өсер елдің ұл-қызына тән сабырлы, ұстамды мінез көрсетіп, аспады-таспады, кергімеді, міндетсінбеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жасампаз Қазақстанның жарқын келешегі жолында бір­ауыздылық, ұйымшылдық, жо­ғ­ары еңбек үлгісін танытып ке­леді. Соның бір мысалына ерке Есіл­дің жағасында орын тепкен Бәйтерек елді мекенін келтіруге болады.  

Шоғырлана қоныстанудың шоқтығы биік

 Бір жерге топтастырып орнықтыру өзін-өзі ақтаған үрдіс

Жапан далада бой көтерген Бәйтерек ауылының аты да, за­ты да бүгінде мүлдем өз­гер­ген. Жұртшылық оған тәуел­сіз­ді­гі­міздің символы ретінде де қа­рай­ды. Осыдан сегіз жыл бұрын «Нұр­лы көш» бағдарламасы шең­­берінде бой көтерген елді ме­­кен бүгінде сәулеті мен дәу­леті жарасқан қалашықты көз ал­дымызға елестетеді. Ел де­се, емешегі үзілетін шеттегі бау­ыр­­ларымыз үшін арнайы са­лын­ғанын біреу білер, біреу біл­мес, «Бәйтеректе» алғашқыда жаңа үлгідегі жобамен 23 үй салынса, келесі жылы 140, сосын 100 үй, 50 жылыжай тұрғызылды. Қазір тұрғындардың саны екі мыңға жуық. Жыл сайын орта есеппен 30 сәби дүние есігін ашады. Бәй­терек Қызылжар ауылдық окру­гінің орталығы ретінде бел­гіленіп, көшелерге Астана, Қазақстан Конституциясы, Ба­тыр Баян, Бейбітшілік секілді құ­лақ­қа қоным­ды, жүрекке жылы тиет­ін ата­у­лар берілді. Көшелер асфальтта­лып, су құбырлары тартылды. Елді мекенге кірер жолдың қос қапталына егілген қарағайлар адам бойынан асады. Аудан әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, әлеуметтік мәселелер өз шешімін біртіндеп тауып келеді. Мәселен, Үкіметтің қаулысымен тұрғын үйлер жергілікті коммуналдық меншіктің қарауына берілген. Тұрғындар бұдан былай жал­гер­лік-коммуналдық төлемге ғана есеп айырысады. Электр қуа­тымен, таза ауыз сумен қам­ту жайы да жақсара түскен. Ауылдың 300-ге тарта баласы бұ­ған дейін аудан орталығына қа­тынап оқып келген. Арнайы көлік бөлінгеніне қарамастан әжептәуір проблемалар туатын. Былтыр екі қабатты заманауи ғимарат құрылысын жүргізуге жергілікті қазынадан 827 миллион теңге бөлініп, қысқа мерзімде тұрғызылды. 24 орынды автобус сыйға тартылды. – Жаңа мектеп табалдырығын 302 оқушы аттады. Бірінші сы­нып­қа 42 бүлдіршін қабыл­данды. Ша­ғын орталық, мектепалды даяр­лық сыныбы жұмыс істейді. 72 адам тұрақты жұмыс тапты. 22 кабинет, компьютер сыныбы, спорт залдары, асхана, спорт алаңы, хоккей корты, жылыжай бар,–дейді мектеп директоры Сәудат Сұлтанғазина. Моңғолиядан көшіп келген ауыл тұрғыны, бес баланың ана­сы Алмагүл Партизан мемле­кет қолдауына дән риза. Өзі де, жұ­байы да осында жұмысқа орна­лас­қан. Алғашқы жылдары тә­жі­ри­бенің аздығы ма, әлде асы­ғыс­тық салдары ма, шеттен кел­ген ағайындарымызды топтап қоныстандыруға онша мән бе­рілмеді. Шенеуніктер тарапынан әйтеуір баспана алса болды ғой деген салғырт ниет басым жат­ты. Қолдан жасалған бюро­крат­тық кедергілер де кездесіп, аяққа шырмауықша оратылды. Әсіресе, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңда жіберілген олқылықтар тығырыққа тіреп, кейбіреулердің басын дауға іліктірді. Қандастарымызды елге орал­ту–мәселенің бір жағы. Олар­дың тұрақтауына, түпкілікті қо­ныстауына жағдай жасау – бас­ты міндеттердің бірі. Көрші өз­бек елінен Новокаменка ауылына ат басын тіреген 30 шаңырақ бір жерге орналасудың арқасында бір-біріне жәр­дем­десіп, демеп отырды. Көкөніс өсі­ру­дегі тәжірибелері адам қы­зы­ғарлықтай. Әр отбасы телімі жер­­лерді бірігіп сатып алған тех­­никалармен игеріп, асар ар­қылы баспаналар тұрғызып алды. Осы бір жақсы дәстүрді жал­ғастырған бәйтеректіктердің өзін өзі жұмыспен қамтамасыз ету тәжірибелері де үйренуге тұрарлық.  

 Солтүстіктің суығы сылтау емес

 «Еңбек бәрін де жеңбек» деген қанатты сөзді өмірлік мұрат еткен

Жасыратыны жоқ, ішкі миграция мәселесінде шешімін табатын шетін мәселелер аз емес. Көбіне еңбек ресурстары туралы әңгіме қозғалғанда небір түйткілдер андыздап қоя береді. Иә, жүгірсе аңның тұяғы, ұшса құстың қанаты талатын Қазақстан – кең-байтақ, жеріміз кең. Бес Франция еркін сыйып кететін шетсіз де шексіз дала­мыздың теріскей ай­мақ­та­­рында тұрғындардың де­мог­ра­фиялық құрамын, жұ­мыс күштерін сырттан келген ағай­ын­­дардың есебінен реттеу, то­лықтыру кешенді ойластырылса, құба-құп болар еді. Бұл пікірді Бәйтерек ауылының қадірменді тұрғыны, ақсақалдар алқасының мүшесі, көзі қарақты, көкірегі ояу Қайролла қажы Сүлейменов те қолдайды. Ол Құдай қосқан қосағы Мариям апай екеуі 2009 жылы Түмен облысынан көшіп келіпті. Ұл-қыздары да атамекенге қуана оралған. – Елбасымыз Қызылжар өңірі­не келген сапарында Бәйтерек ауылына арнайы келіп, бізбен кездесуінде ғасырлар бойы замана дауылымен жөңкіле көшіп, ғасырлар тоғысында туған елдің төріне табан тіреген ағайындар үшін қажетті жағдай жасалып жат­қанын айта келіп, соның жар­қын үлгісіне бәйтеректіктер өмі­рін келтірген болатын. Ра­сын­да да, дәл бүгінгідей мемлекет құрып, төрткүл дүниеге танылып отырған шақта «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» деген халықтық ұлағатты естен шығармаған жөн дейді ақсақал. Бәйтеректе жас отбасылар көп. Еңбектің, жердің қадірін бі­л­е­ді. Олар жылыжайларды тиімді пайдалану арқылы «Жұмабеков», «Қалдыбаев», «Әбдірайымов», «Әбдірахманов» сияқты жеке кәсіпкерліктер құрып, өздерінен артылған өнімді саудаға шығарады. Осындай елгезек жандардың мемлекеттің жеңілдікті бағдарламаларына көбірек тартылғаны дұрыс. Неше түрлі кедергілердің кездесуінен, құ­жаттарды ресімдеу бөгесін­де­рі­нен, банкке қоятын мүліктік кепіл­дің болмауынан тауаны шағылып, меселі қайтып жатады. Құрдастарының Сайдислам Әбдірайымовтың алдынан жұмыс үркіп отырады деген қалжыңы себепсіз айтылмаса керек. 3 сотық аумақты алып жатқан екі жылыжайдан жалғыз отбасы ғана емес, өзгелер де нәпақасын айырып отыр. Несие алмай-ақ шаруасын дөңгелетіп жүрген ол облыс орталығынан жеке үй салып алыпты. Сол сияқты, Жанат Отын­­шиев те жұмыс десе, жанын салатын еңбекторының бірі. Осында көшіп келісімен үш бөл­мелі үйдің бір қанатын азық-түлік және тұрмыстық заттар дүкеніне айналдырған. Қоғамдық монша, шаштараз, техникалық қызмет көрсету стансасы жұмыс істейді. Ендігі ойы дәмхана ашу. Мұсабай әулетін де мәуелі шаңырақ­тар­дың біріне ұқсатасың. Хал­қы­мыздың әдет-ғұрпына, салт-дәс­тү­ріне, қолөнеріне деген құр­мет пен дәстүр жалғастығын қа­пы­сыз аңғарасың. Үйдің егесі Жұпархан­нан бастап тәлім-тәр­биеге айрықша мән беретіні бай­қа­лады. Иә, алыс-жақын шетелдердің әр қиырынан жиылса да, бәй­те­рек­тіктердің ауызбірлігі мықты. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы