• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

«Өмір – мүмкіндіктер кезеңі!»

728 рет
көрсетілді

Суретші Жанұзақ Мүсәпірдің көрмесінен кейін осындай ойға келуге болады Оның көргенін сенің де көргенің даусыз. Сол тау, сол дала. Тіпті, Ұлы Қытай қорғаны көзтаныс. Біразын бала кезіңде, талайын ес біліп сапарға шыққан шағыңда көргенсің. Бала кезіңнен білетінің: бесік, келі мен келсап, қол диірмен, әжелердің кимешегі. Киіз үйді іш жағынан қымтаған шымши. Құрт жаятын өре. Бәрі таныс. Астананың абын-күбің тірлігінен бір сәтке аулақтап, кейбірі көңілге қонымды, кейбірі қисынсыз салынған зәулімдердің арасынан қашып шығып, осы бір таныс, жанға жақын әлемге қайта кіргенбіз. Суретші Жанұзақ Мүсәпірдің көрмесі, сол көрмедегі картиналары арқылы. Біз аралаған екінші көрмесі екен. Елордада өткен. Бұрындары айттық па, жаздық па, әйтеуір жақсы суретші болу үшін құмның ішінде туу немесе өсу, ең болмаса оны жиі көріп тұру керек. Жаркенттің құмы Әбілхан Қастеевке небір өрнекті көрсетсе керек. Қызылқұмның сағымы мен шексіздігі Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбаев бастаған бір топ суретшіге тән. Марқұм Сәкен Ғұмаровтың әрбір суретінің астарында арнайы салынбаса да Нарынның құмы айшықталып жататын. Қапшағайдың маңындағы шағылдан Алпысбай Қазығұл шыққандай. Құмды өлкеден көкейге көп суретті түйгеннің бірі – біздің кейіпкеріміз Жанұзақ Керімбекұлы. Оның туған өңірі – Балқаш көлінің Алатау жақ беті. Жағырапия бойынша Жетісуға жатқанмен ауылынан әрі қарай құмды алқап басталады. Атақты Ақкөл көтерілісі болған жер. Отызыншы жылдар басында кәмпескенің дүрбелеңі мен аштық қаупінен ашынған халық аудан орталығы Ақкөлдегі кеңсені басып алып, «осымен Кеңес өкіметін құлаттық» деген. Арада апта өтпей Боралдайдан жеткен жазалаушы отряд халықты қанға бояған. Көптің көңілінен көтерілісті өшіру үшін ауданның аты мен орталығын өзгертеді. Қызу оқиғалардың ортасында тұрған Ақкөл енді қиырдағы ауыл болып қалды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында қазақ даласының батысы мен шығысында, солтүстігі мен оңтүстігінде ел зердесіне осындай қиянат жасалды. Жанұзақтың жері мен біздің аймақтың тарихындағы ұқсастықты қараңыз: кіндік қанымыз тамған аудан отызыншы жылдарға дейін Қызылтас аталған. Атақты Қызылтас көтерілісінен кейін аты Ақсуат деп өзгертілген. Орталығымен бірге. Созақ көтерілісінен кейін аудан орталығы осы аттас қаладан бұрын белгісіз Шолаққорғанға ауыстырылды. Қазіргі саяси-әкімшілік картадан Торғай-Қостанай аумағындағы Бетпаққара аталатын ауданды да таппайсыз. Саясаттың сананы өзгертуінің мысалы жетерлік. Бірақ, өзгерту жылдамдығы жағынан құмдақ даладағы желге ештеңе жетпейді. Даланың тынбас желі төңіректі ертеден кешке дейін сан рет өзгеше өрнектеп қояды. Күнде солай. Мұндай өлкеде суретші болып тусаң арманың жоқ. Бір тұста ауыздан шыққан осы ойымызды Жанұзақ Мүсәпір мен Әділғали Баяндиннің «Суретші бақыты – еркіндік» атты көрмесін қызықтау үстінде тағы қайталауға тура келген. Көрмені бірлесіп ұйымдастырған соң екі суретші ортақтаса салған картинаның болуы – заңдылық. «Ықылас қобызшы» полотносында ұлы күйші ойлы қалыпта бейнеленген. Киелі аспабын ыңғайлап ұстапты. Беріде Ысқақ Біләлге дейін жеткен «күй» аталатын ұлы өнердің ата жанын барынша кернеген сәтін қапысыз аңғарасыз. Әрі қалай қазақ даласының табиғатын тамашалау басталды. Мынау – мұзбалақ Мұқағалиға шабыт берген Хан тәңірі шыңы. Сонау студент шағымызда бір маусым бойы сүйсіне қарағанымыз еске түскен. Қазақ даласының әр шетіндегі Хан тәңірі, Мұзтау, Тазтау сияқты шыңдар адамды тазалыққа шақырады. Соны кенеп бетіне түсіру арқылы Жанұзақ Керімбекұлы көпті тазалыққа үндеп тұр. Қарлы шыңдары аспандап тұратын қазақ даласында сусыған құм да көп. Оның ішінде ерекшесі – «Айғайқұм». Туристердің талайы тамсанған жер. Біздің Сапарбай Парманқұл әріптесіміз етектей мақала жазғаны есте. Ар жағында Оралхан Бөкей еске түссін. «Ән салады шағылдар». Енді суретші досымыз кең аңғардан жел ескенде өзгеше сыңситын өлкеге қайтара алып келгендей. Иә, көрмені саралау – туған даланы аралау сияқты. Іленің Балқаш көліне құяр сағасы да қылқаламға ілігіпті. Қара жер мен көк судың шектесер, шендесер тұсының шиеленісі ересен. Әсіресе, үстінен ұшақпен ұшып бара жатқанда қапысыз аңғарасың. Суретші қаржасуды аспанға көтерілмей-ақ, жермен бірдей деңгейде тұрып та жеткізіпті. Өнер адамындағы көңілдің биіктігі осы шығар. Абай мен Мұхтардың кіндік қаны тамған «Шыңғыстау» картинасынан кеңдікті сезінесің. Көденің түбі, селеудің селкеуі, тастың көлеңкесі сонау шексіз кеңістікте ұласып жатыр. Өзіміз зиярат еткен Оғыланды тауындағы киелі орын да суретшіні айрықша тебірентсе керек. «Бекет Ата басындағы кеш» атты картинаны қарап тұрып, әулиенің жер асты үңгіріндегі ересен әсермен қатар, ащы топырақты аймақтағы тұщы бұлақ, адамдармен қатар сол бұлақтан сусындаған тауешкілер ойымызға оралды. Сосын әлбетте «Мұнайлы өлке». Талай мақаламызға арқау болып еді. Суретшінің қылқаламы да қалт жібермепті. Табиғатты армансыз аралатқан Жанұзақтың көрмесінің келесі бөлімі адамдар арасына әкеледі. Таныс тіршілікке кіргізеді. Көріністері ауыл арасынан алынған. Арғы планда ара-тұра түйе кездесетіндіктен құмды аймақтың ауылы екені аңғарылады. Бұл картиналардың тәрбиелік мәні зор. Ұлтыңды ұмытпау үшін. Ұмытпау не, ұлықтау үшін. «Мейірім» атты картина әлбетте, ананың нәрестеге деген ғажайып сезімін көрсетеді. Суреттегі бесік көзге ерекше ыстық. Ұлттың қорғаны сияқты. Айтты-айтпады, 2017 жылдың қаңтар айының алғашқы онкүндігінде Шымкентте газ жарылысынан тұрғын үй құлағанда бір жастағы сәби бесікке бөленгендіктен еш жарақатсыз, аман қалыпты. Жанұзақтың бесігі ерекше оюсыз. Ағаштан жонылып, қайыспен бекітілген. Қандай да болмасын суреттің құндылығы – деталінде. Ақ кимешектегі ана келесі суретте тағы алдыдан шығады. Киіз үйдің ішінде диірмен тартып отыр. Жаңағы бесіктегі бала төрт-бес жасқа келіп қалыпты. Ананың ақ кимешегі бұрынғыдан биіктей түсіпті. Сол кіршіксіз қалпы. Қол диірменнің жанында дәнге толы қап тұр. Атамыз қазақтың «қаптың аузы – жоғары» деген мақалы еске түскен. Ежелгі ауылдың және бір сипаты келі мен келсап шығар. Жарылып кеткен тұсы сыртынан қаңылтырмен жамалған үлкен ағаш келі біздің үйде де болған. Шешеміз бидай қуырып берерде жарысып түйіп жататынбыз. «Келі түйген қыз» – Жанұзақтың келесі картинасының арқауы. Аналар тақырыбын портрет түйіндепті. «Шолпан апа». Ақ жаулықтың шетіне зерлі кесте төгілген. Қара өлеңге өзек болатын құлақтағы ай сырға анау. Камзолдың жасыл түсі, ұлттық сипаттағы көйлектің жағасы... бәрі жарасымды. Бұл Шолпанға бутикте тұрған бір сәнқойдың көйлегін кигізсе, керісінше үйлеспей қалар еді дейсің. Киім, сырға – сыртқы белгілер ғана. Портреттің күші – ананың бет-бейнесінде. Тұнық, ойлы, өмірдің сырын түйген жанарында. Маңдайға, еріннің маңайына түскен әжімдерде. Қазақ аналарының жиынтық тұрпаты осы – «Шолпан апа». Ер адамдардың жиындық түрі «Балуан Шолақ» картинасында тұр. Қазақ әйелдерінің бейнесін жинақтай салынған «Шолпан апаға» қарағанда өмірде болған тұлғаны салу қиын. Көпшілік белгілі балуанның тұлғасын тануы тиіс. Бұл картинаны салудың өзіндік тарихы бар. Суретшілікпен қатар журналистикада жүрген Жанұзақ Мүсәпір «Қазақстан» телеарнасының Жаңалықтар мен сараптама дирекциясын басқарып тұрғанда қарамағындағы қызметкерлерге Балуан Шолақ туралы деректі фильм жасауды тапсырады. Сонда ғана балуанның не фотосы, не картинасы таптырмай, қатты назаланыпты. Олқылықты толтыру үшін Балуан Шолақты қылқаламмен бейнелеуге кіріседі. Балуанның немересін табады. Соған қарап қас пен қабақты келтірген. Шоқша сақал, қою мұртты кітаптағы естеліктерге қарап қосқан. Балуанның күшін сырт келбетінен емес, түйілген көзінен білгізеді. Білеу-білеу денені құндыз жағалы ішік жасырып қалатындықтан, бұл дұрыс шешім шығар. Көрменің төрінде «Автопортрет» тұр. Біздің түсінігімізде, өзін суретші санайтындар үшін екі сынақ бар. Біреуі – натюрморт. Құтыдағы гүл, ыдыстағы жеміс. Немесе шарап пен көзе. Тақырып аясы тым шектеулі. Тек гүл мен жемістің түрі көптігінен әркімге шеберлігін танытуға мүмкіндік табылады. Жанұзақтың көрмесінде бірнеше натюрморт барын біз де жаза кетейік. Бірінші сынақтан әлдеқашан өткенінің айғағы ретінде. Екінші сынақ – автопортрет. Өнертанушылардың айтуынша, суретшінің өз суретін салуы сонау Мысыр мәдениетінен бері келе жатыр. Еуропадағы Қайта өрлеу дәуірінен бастап, автопортрет жанры жанданды. Өзін-өзі салу арқылы даңқын шығарғандар бар. Альбрехт Дюрердің, Антонис ван Дейктің, Густав Курбенің бұл жанрдағы жұмыстарды талай рет таңдай қақтырған. Өнер ғана емес, ғылымның шыңына шыққан Леонардо да Винчи де талапты айналып өтпеген. Сөз реті келгенде айта кетелік, осы нағыз Ұлы тұлға туралы қырық жылдай дерек жинаппыз. Басында қайшымен қиып алып, кейін көшірмесін жасатып, беріде компьютердің жадысына сақтаған материалдарымыз жеткілікті. Әлде жүрек дауаламайды, әлде ұзақ толғауға уақыт таппаймыз, әйтеуір әлемдік өнерде Леонардо да Винчи, қазақ әдебиетінде Мұхтар Мағауин туралы қырық рет толғансақ та, қаламды көсілте алмай жүрген жайымыз бар. Сонымен, Ұлы суретші бір рет өзінің келбетін салыпты. Онысын өнертанушылар «Туриндегі автопортреті» деп атайды. Туындыдан әрі данышпан, әрі ізгі болғаны аңғарылады. Тағы бір атақты суретші Рембрандтың Вашингтондағы Ұлттық өнер галареясында сақталған «Автопортреті» алдында тұсалып тұрғанбыз. Берет киген басынан будақтаған бұйра шашы көрініп тұрған. Леонардо да Винчи өзін салғанда ашық бояуды таңдаса, мына мықты қою, күңгірт бояулармен кескінделіпті. Шеберлік сайысы ма, жоқ мінездің белгісі ме, оны өнертанушылар анықтамаса, біздің дәргейіміздегі мәселе емес екен. Автопортреттің көкесі Винсент Ван Гогта ғой. Құлағын дәкемен ораған суреті. Қазақта «өз қолыңды өзің кесермісің» деген сөз бар. Амалсыздық кезінде айтылады. Сұңғыла суретші талас үстіндегі шарасыздықтан өз құлағын кесіп тынған. Сосын бұл туралы суретті салып тыншыған. Шамасы, 30-ға жуық автопортретінің ішіндегі айтулысы болып, өнер тарихын еніпті. Қазіргі заманда да автопрорет көп. Уорхолдың өзін-өзі салғаны неге тұрады. Ол қызыл жарықты қолданған. Картинада суретші жалын іспетті алаулап тұр. Сахнада, сауық орындарында таңдай қақтыруға қолайлы жарықтың мүмкіндігін Уорхол қапысыз қолданыпты. Мұның барлығын тәптіштеп кетуіміздің себебі бар. Жанұзақ Мүсәпір өнер тарихында кездеспеген, кездессе де біз көрмеген «Автопортрет» салыпты. Құлағын кеспеген, суретші атаулының бас киім үлгісіне айналған берет кимеген. Тек бір суретте өзін төрт жағынан бейнелеген. Алдынан, артынан, сосын екі қырынан. Бетінің бір жартысына қарасаң, қарсы келе жатқандай. Екінші жартысындағы желкесі болса, әріге кетіп бара жатқанын аңғартады. Бірінде алды сәл ашылған костюмінен галстугі көрініп тұрса, екіншісінде арқасын беріп тұр. Осының мойын тұсынан екі иегінен шашына дейін екі қырынан көрінеді. Өткенде бір жерден оқып қалғанбыз, адамның оң жақ беті мен сол жақ беті симметриялық бірдей болмайды екен. Оған мысал ретінде адамның сол жақ бетін екі рет жасап, бір-біріне кіріктіріп, тұтас кескін жасайды. Сосын оң жағын да екі рет шығарып, бір-біріне қосады. Мына ғажапты қараңыз, оң жақ беттерді қосу арқылы жасалған сурет сол жақ беттерді қосып жасаған суреттен өзгеше болып шығады. Бұл туралы оқыды ма, әлде айнадан қарады ма, Жанұзақтың оң жақ пен сол жағы қырлары өзгешерек салыныпты. Суретші өзінің автопортретін «ХХІ ғасыр адамы» деп атайды. Қазақ «төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Суретші өз картинасы арқылы мына қоғамның түгелдігін емес, қайта қоғамдағы бір адам болмысының өзі төртке бөлініп кеткенін аңғартса керек. Қалай десек те, қылқалам өнеріне өзгеше өрнек келді. Желдің өзі құмның бетіне бедерлей алмас өрнек бұл. Қайнар ОЛЖАЙ Астана