Елімізде соңғы үш жылда жекешелендіру аясында іс жүзінде саудаға 578 нысан шығарылып, оның 394-і сатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде жекешелендірудің «екінші толқынының» іске асырылу нәтижелері және мүлікті жария етудің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Ыбырайымов мәлім етті.
«2014-2016 жылдарға арналған сату кестесіне сәйкес, сатуға 629 нысан жоспарланған. 2017 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша іс жүзінде саудаға 578 нысан шығарылды, оның 394-і сатылды. Республикалық меншік бойынша – 25, коммуналдық меншік бойынша – 201, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бойынша – 97, холдингтер бойынша – 71 нысан сатылды», – деді комитет төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ, ол сатудан түскен қаражаттың қалай бөлінгенін айтып берді.
«Республикалық бюджетке – 8,4, облыстық бюджеттерге – 16,9 холдингтерге – 73,6 және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға – 6,8 млрд теңге түсті», – деп атап өтті Ғ.Ыбырайымов.
Сауда-саттық мемлекеттік портал арқылы электрондық форматта жүргізіледі, бұл жекешелендірудің мөлдірлігін және ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, сауда-саттық жүргізілетін мемлекеттік порталдың қауіпсіздігі аса маңызды болып табылады. Бұл орайда, жүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырушылық және техникалық сипаттарына «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Оспанов тоқталып өтті.
Оның айтуынша, мемлекеттік ақпараттық жүйе ақпараттық қауіпсіздіктің стандарттары мен барлық талаптарына сәйкес аттестаттаудан өткізілген.
«Аттестаттау қорытындысы бойынша ақпараттық жүйенің серверлік және бағдарламалық жасақтамасы барлық талаптарға сай болып шықты. Серверлік алаң сенімділіктің ең жоғарғы 4-ші деңгейіне сәйкес келеді. Жүйе қолданушыларының интернет трафигі қауіпсіздіктің барлық шараларынан өтеді және әрдайым бақылауда болады. Сондықтан да іс жүзінде жүйеге сырттан біреудің енуі мүмкін емес», – деп атап өтті Ж.Оспанов.
Сондай-ақ, ол сауда-саттық қатысушыларының қандай да бір шағымдары немесе ұсыныстары болса, кез келген уақытта Call-орталыққа хабарласуларына болатынын жеткізді.
Бұдан кейін жедел мониторинг басқармасының басшысы Ерлан Сағнаев мүлікті жария ету акциясы аяқталғанын жеткізіп, оның қорытындысы бойынша баяндама жасады.
«Мүлікті жария ету акциясының мүмкіндіктерін елдің 140 мыңнан астам азаматы пайдаланды. Барлығы 5,7 трлн теңгеге активтер заңдастырылды, оның ішінде ақшалай – 4,1 трлн теңге және мүлік 1,6 трлн теңгені құрайды. Жылжымайтын мүліктің 151 мыңға жуық нысаны, сондай-ақ заңды тұлғалардағы қатысудың 213 үлесі жария етілді. Ақшаны жария ету үшін барлығы 11 821 шот ашылды. Ел ішіндегі активтер 5 трлн теңгеге, ал шетелдегі активтер 700 млрд теңгеге жақын, олардың 614 млрд теңгесі ақшамен, 70 млрд теңгесі мүлікпен жария етілді», – деп мәлімдеді басқарма басшысы.
Айдар ӨРІСБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»