• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2017

Өскеменде «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған кітап көрмесі ашылды

2120 рет
көрсетілді

Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай «Алаш қозғалысына - 100 жыл» атты кітап көрмесі  ашылды. -Бұл көрмеге екі ай бойы әзірлендік. Кітапханадағы алаш тарихына қатысты дүниелердің барлығын сүзгіден өткіздік. Арнайы тапсырыс беріп, алаш арыстарының портреттерін жасаттық. Мұның бәрі жұрт олар туралы біліп жүрсе, ең болмаса, суреттерін көріп, көкейлеріне түйсе деген игі ойдан туындаған еді, - дейді кітапхананың өлкетану секторының жетекшісі Зиза Мұхтарханова. [caption id="attachment_95370" align="aligncenter" width="560"] Алаш қаласы, 1917 жыл[/caption] Көрмеде халқымыздың біртуар тұлғаларына қатысты шығарылған үкімдердің көшірмелерімен қатар алаш қайраткерлерінің алақандарының табы қалған құнды құжаттарға молынан орын берілген. Алаш автономиясын құру туралы қаулы, 1917 жылғы 5-18 желтоқсанда Орынборда өткен жалпықазақ сьезі мәжілісінің хаттамасы, Алаш Орда төрағасының шығарған өкімдері, 1917 жылғы 21-қарашада «Қазақ» газетінің  газетінің №215 нөмірінде жарияланған «Алаш» партиясының жобасының фотокөшірмелерін осы жерден көруге болады. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың 1918 жылдың 25 маусымында Семей уездік земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровқа шекесіне «Экстренно» деп қол қойып жолдаған қатынас құжатында Алаш полкына уездің әр болысынан 30 адамнан алу туралы нұсқау берілген. [caption id="attachment_95377" align="aligncenter" width="560"] Алашорда төрағасының өкімі[/caption] Көрмеден Әлихан Бөкейхановтың Семейде Райымжан Мәрсеков, Тұрағұл Құнанбаев, Көкбай Жанатайұлымен, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың Шәуешекке барар сапары алдында әйгілі балуан Қажымұқан, Тұрағұл Абайұлы, Көкбай Жанатайұлы, Елдос Омаровпен кездескен сәттеріндегі, Ресейдің Мемлекеттік думасында анкета толтырып жатқан қос қазақ - Бақытжан Қаратаев пен Темірғали Нүрекенов (Санк-Петербург, 1907 жыл), тұрғыластарымен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып отырған Мәннан Тұрғанбаев, Мұхтар Әуезов пен Ахметжан Қозыбағаровтың суреттерін тамашалауға болады. Бүгінде жұрт көп біле бермейтін кезінде «Қазақ» газетіне демеуші болған Хасен Ақайұлы мен осы басылымға автор болған Исмайл Бәйтеновтің сирек суреттері де осында. Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Жаһанша Досмұхамедов сынды алаш қайраткерлерінің абақтыдағы атылар алдындағы соңғы суреттері де келушілер назарына ұсынылған. [caption id="attachment_95379" align="aligncenter" width="560"] Алаш қаласында берілген анықтама[/caption] Кітап көрмесіндегі ерекше, тарихи суреттердің бірі – Алаш Орда үкіметінің Семейдегі ғимараты. Бір қарағанда қытай үлгісіндегі үйлерді еске салатын бұл ғимарат 1918 жылы суретке түсірілген екен. Әуелде Заречная Слободка, кейін Алаш аталған қаланың сол кездегі келбеті (1917 жыл, 11 мамыр), сол тұстағы Семейдің картасы, ондағы Алаш деген жазу көзіңізге оттай басылады. [caption id="attachment_95384" align="aligncenter" width="560"] Алашорда үкіметінің Семейдегі ғимараты, 1918 жыл[/caption] Арнайы стендттерге топтастырылған мұрағаттық құжаттарды Өскемендегі облыстық мемлекет мұрағат ұсыныпты. Кітапхана қызметкерлері бұл көрменің жыл соңына дейін жалғасатынын айтады. Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан» Өскемен Суреттер - автордікі