2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында мемлекет норма шығармашылық үдерісті жаңа сапалы кезеңге шығаруға мүмкіндік беретін шараларды қамтамасыз етті деп көрсетілген. Бұл деңгей нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге тәуелсіз сарапшыларды, үкіметтік емес сектор өкілдерін неғұрлым көп тарту, осы саладағы озық білімді пайдалана отырып, салалық ғылыми сараптамалар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамаларды жүргізу негізінде норма шығармашылық үдерістегі кәсібилікті арттыруға байланысты болып отыр. Аталған бағыттарды іске асыру мақсатында тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңдармен жыл сайын заң жобаларын әзірлеуге және олар бойынша ғылыми сарапталар жүргізуге қаражат бөлініп келді. Соңғы екі жылда нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен оларға сараптама жүргізуге мемлекет 2,6 млрд.-қа жуық теңге бөлді.
2011 жылдан бастап қаржылай қаражат нормативтік құқықтық актілердің жобаларына және заң жобаларының тұжырымдамаларына ғылыми сараптама жүргізуге ғана бөлінетін болады. Бұл мақсатқа «2011-2013 жылдарға арналған бюджет туралы» Заңмен 5,5 млрд. теңге қарастырылған. Сондай-ақ ағымдағы жылдан бастап барлық заң жобаларына ғылыми экономикалық сараптама жүргізуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу көзделеді. Бұл қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз етуге мемлекеттің қаржылық көмекті барынша көрсетіп отырғанын айғақтайды. Алайда, мемлекеттік шығыстардың ұлғайғанына қарамастан, әзірленетін заң жобаларының және олар бойынша жасалатын сараптамалардың сапасы жақсарған жоқ. Заң жобаларында Парламент қабырғасында түзетілетін кемшіліктер жыл сайын қайталанады, заң жобаларының жартылай, ал жекелеген жағдайларда толық көлемде қайта жасалатын кездері аз емес. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелерде адамдарды ұстау мәселелері жөніндегі және басқа заң жобаларында (қазір заңдар) орын алды.
Заң жобаларын қарау кезінде жекелеген жағдайларда олардың тұжырымдамасын өзгерту қажеттігі туындады. Атап айтқанда, сотқа дейінгі оңайлатылған іс жүргізу мәселелері бойынша заң жобасының (қазір заң) тұжырымдамасы өзгертілді. Тұжырымды қателерге жол берілуіне байланысты Әкімшілік іс жүргізу кодексінің жобасын Үкімет қайтарып алды. Заң жобалары бойынша жүргізілетін ғылыми сараптамалардың сапасы көбіне белгіленген талаптарға жауап бермейді. Бұл жоғарыда көрсетілген заң жобаларына (қазір заңдар), сондай-ақ Жер кодексіне толықтырулар, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесі және айрықша қорғалатын аумақтар мәселелері жөніндегі және басқа заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі сараптамалық қорытындыларға қатысты. Әзірлеушілердің сараптамалық қорытындыларда айтылған ұсыныстарды ескермейтін жағдайлар кездеседі. Сыртқы барлау туралы, мемлекеттік мүлік туралы, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес пен жеке меншікті заңсыз тартып алуға (рейдерлікке) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша, норма шығармашылық қызмет бойынша және басқа заң жобаларына (қазір заңдар) қорытындылар осы жағдайларға мысал болып табылады.
Орасан зор бюджет қаражатының жыл сайын бөлінетіндігіне қарамастан, заңнамалық шешімдердің тұрақсыз әрі нашар әзірленетіндігін Әділет министрлігі де атап көрсетеді. Осыған байланысты аталған министрлік Қаржы министрлігімен бірлесіп заң жобаларын дайындау және оларға ғылыми сараптама жүргізу үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін қаражаттың тиімді пайдаланылуына талдау жасауды жоспарлап отыр. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге және оларға сараптама жасауға арналған бюджеттік қаражаттардың тиімсіз пайдаланылуы туралы мәселені Парламент депутаттары да бірнеше рет көтерді. Мұндай мәселенің қойылуына белгілі бір құқық саласы сарапшылары құзыретінің жеткіліксіздігі, сараптама қорытындысының белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі, сараптама жүргізудегі қазіргі тетіктің жетілмегендігі және көптеген басқа да жәйттер себеп болды. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және оларға сараптама жасау мемлекеттің норма шығармашылық қызметінің маңызды құрамы болып табылатынын және осы мәселеге принципті түрде қарауды қажет ететінін атап өтуіміз қажет. Уәкілетті органдардың нормативтік құқықтық актілерді және олардың ғылыми сараптамасын дайындауға бөлінген қаражатты тиімді пайдалануы мәселесі мұқият қарауды қажет етеді деп ойлаймын, өйткені, аталған мақсаттарға мемлекет едәуір қаржылай қаражат бөліп отыр.
Баяндалғанды ескере және Бюджет кодексінің 141-бабының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті бақылауды жүзеге асыру тәртібімен уәкілетті органдарға соңғы үш жылда нормативтік құқықтық актілерді дайындауға және олардың ғылыми сараптамасын жүргізуге бөлінген қаражатты пайдаланудың тиімділігін тексеруі қажет деп есептеймін.
Берік ИМАШЕВ, Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы.