• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2017

Cырт көз – сыншы

373 рет
көрсетілді

Лев Корольков, ресейлік әскери сарапшы

Қазақстан Президентінің бітімгершілік рөлі жоғары

Ресей және Түркиямен әріп­тестігі тұрғысынан Қазақ­стан ­аймақтағы ахуалдың бейбіт шешім тап­қанын қолдайды. Сондықтан, Астана Сирия мәселесінде Анкара мен Мәскеудің ортақ мәмілеге келгеніне мүдделі. Былтыр Ресей мен Түркия қатынасының алшақтаған кезінде Режеп  Ердоған мен Владимир Путин арасында дипломатиялық қатынастың қалпына келуіне Қазақстан Президентінің қосқан үлесі орасан. Осы тұрғыда Қазақстанның Сирия мәселесінде де араағайындық таныту мақсатында жасаған алғашқы қадамдары алдағы уақытта өз жемісін беруі тиіс. Осыдан бірер жыл бұрын Алматыда өткен Иранның ядролық бағдарламасы бойынша ресми  Тегеран мен Германия бастаған бестіктің келіссөзі де кейіннен Иранға қарсы салынған Батыс санкцияларының алынып тасталуына алғышарт жасағаны белгілі. Ал биылдан бастап Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтуі елдің халықаралық аренада төрелік айтуына толықтай құқық береді.   Михаэль Лаубш, немістің Орталық Азия елдері бойынша саяси сарапшысы  

 Ресми Астана аймақтағы тұрақтылыққа мүдделі

Қазақстанның Сириядағы саяси дағдарыста арааға­й­ын­дық танытуы, ең алдымен, бұл елдің аймақтағы бей­біт­шілікті қалайтынын байқатса керек. Бұл тұрғыда рес­ми Астана Башар Асад режімі мен оппозицияның бірінің сойылын соғып отырған жоқ, Астананың мақсаты – Сирияда бейбітшіліктің қайта орнауы. Өңірдегі ең дамушы елдердің бірі ретінде Қазақстанға аймақтағы Ресей, Түркия мен Батыс елдері ықпалының тепе-теңдігі маңызды. Сыртқы саясатта көпвекторлы бағытты ұстанған ресми Астана жоғарыда аталған елдердің ешқайсысымен дипломатиялық қатынасын бұзып алмауға ұмтылады. Екінші жағынан, Сириядағы радикалды түрлі топтардың аймақтағы қауіпсіздікке кедергі келтірмеуі үшін Қазақстан Сириядағы жағдайды Ресей, Түркия мен Иранның бақылап отыруына мүдделі. «Ислам мемлекетінің» (Қазақстанда тыйым салынған) Орталық Азияға төнген ең басты қауіп екенін ескерсек, Қазақстан Сириядағы ахуалдың тезірек реттелуі үшін қолдан келгенін жасайды.   Джелаладдин Явуз, Түркияның отставкадағы полковнигі, әскери сарапшы, бұрынғы сыртқы істер министрі

 Астананың жолы –  дипломатия

Сириядағы саяси дағдарысты тоқ­­та­ту үшін, ең алдымен, Сирия хал­қы­ның бірлігі, қазіргі ресми билік Башар Асад режімінің халықты бір қол астына топ­тастыруы  керек. Халықаралық қоғамдастықтың бұл тұр­ғыда елдегі түрлі топтарды жеке-жеке қолдағанынан гөр­і, шы­ны­мен де аймақтағы бейбітшілікті қалайтын болса, рес­ми биліктің нығаюына мұрша бергені жөн. Бұл тұрғыда Қазақстанның еңбегін атап өту керек. Елдегі қандай да бір саяси топтың сойылын соғудың орнына, барша Сирия халқының бірлігі үшін өңірлік державалардың басын біріктіре отырып, ортақ үнқатысу алаңын ұсынуы Астананың Сирия мәселесінің шешім табуына ықпал етуге ұмтылатынын көрсетеді. Қазақстанның сыртқы саясаттағы бейбіт ұстанымы Түркия мен Ресейдің осы мәселеде өзара ымыраға келуіне жағдай жасайды. Жалпы, өңірдегі саяси мәселелердің оң шешім табуы үшін Қазақстан Батыс елдерімен де ынтымақтастықты үзбек емес. Оған Астанадағы шараға АҚШ елшілігінің қатысуы  дәлел.