112 тегін – анықтамалық емес
Жоғарыда атап өткен 5 млн қоңыраудың 500 мыңнан астамы былтыр құтқару бөлімшелерін, 87 мыңы – өрт сөндіруші-құтқарушы бөлімшелерін шақыртқан. Сонымен қатар 408 мыңы – қоғамдық тәртіпті қорғау, 344 мыңы – медициналық жәрдем бойынша хабарласқан. Десе де, 112 қызметін анықтамалықпен, полиция, жедел жәрдем немесе басқа да қызмет түрлерімен шатастыратындар әлі де көп екен. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар ақылы байланыстан қашып, тегін анықтама қызметін пайдаланғысы келеді. Сала мамандарының айтуынша, кейде «112» қызметіне «Қанша балансым қалды» деп те хабарласатындар бар екен. Өйткені, 911 санын жұлдызшасыз және торкөзсіз жылдам теріп басып қалса, желі автоматты түрде 112-ге келіп қосылады. «Халықтың сауаты әлі де төмендеу. Сондықтан, «112» қызметін өзге жедел байланыстармен шатастырмай орынды пайдалану қажеттігін ескерткіміз келеді. Оның үстіне, сабақтың болмайтыны туралы ақпарды ата-аналар бізден емес, білім басқармасынан, ал трассалардың жабық екендігін жергілікті полиция қызметінен сұрағандары дұрыс. Өйткені, біздің құзырымызға тек ақпараттандыру қызметі кіреді», дейді мамандар. Өз жұмысын 2013 жылдың мамыр айынан бастаған диспетчерлік орталықта қазіргі таңда 14 адам жұмыс істейді. Мамандар бұл аздық етеді деп отыр. «Министрдің бұйрығы бойынша 100 мың адамға 1 оператордан болу керектігі айтылған. Бүгінде елордамызда 800 000 адам бар деп есептесек, демек 8 оператор қажет», дейді басқарма басшысы. Оның айтуынша, қазір мұнда тәулігіне 3 оператор жұмыс істеуде. Жансая СЫДЫҚБАЙ, Суреттерді түсірген Қанат КӨЛБАЕВ
•
14 Ақпан, 2017
2016 жылы «112» құтқару қызметіне 5 млн қоңырау түскен
653 рет
көрсетілді