Сонымен, кезектен тыс президенттік сайлау мәресіне жетті.
Шетелдерден мыңнан астам байқаушы келді. Сайлау барысын қадағалап, сайлау ережелерінің мұқият сақталуын бақылау үшін оларға барлық жағдайлар жасалды. Олар сайлау өткізудің барысына, сайлау учаскелерінің жұмыстарына елеулі сын-ескертпелер жасаған жоқ. Сайлау өз дәрежесінде, таза әрі әділ өтті деген қорытындыға келді.
Назарбаевтан басқа сайлауға қатысқан үш кандидат өздерін насихаттауға, өз ойларын халыққа жеткізуге толық мүмкіндік алды. Мемлекеттік теледидарлар мен газеттер оларға өздерінің тұғырнамасын насихаттауға кеңінен мүмкіндік берді. Бұларды насихаттау барысына мониторинг жүргізілді. Сол бойынша бұл кандидаттар радио мен телевизиядан, газет беттерінен ұдайы көрініп отырды, плакаттар мен билбордтары, үндеу-хаттары мен өмірбаяндары жиі жарияланды. Президенттікке үміткерлердің бірде-біреуі де үгіт-насихат жүргізуіме кедергі болды деп айта алмайды. Олар өздерінің идеяларын, ұстанымдарын баяндауға толық мүмкіндік алды. Соған сай дауыс жинады. Халық таңдауы бүгінгі Елбасы, ұлттың лидері, тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы әрі оның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа түсті.
Сайлау алдында Н.Назарбаев қауырт науқан ашып, үлкен дүрбелең туғызған жоқ. Әріптестерінің мысын басқан жоқ. Солардың сайлаушылармен кездесіп, өз бағдарламаларын еркін таныстыруына кедергі болған жоқ. Керісінше, өзінің сайлауалды бағдарламасының «Қазақстан-2030» Стратегиясында, еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарында және өзінің Қазақстан халқына биылғы Жолдауында баяндалғанын жария етті. «Менің сайлауалды бағдарламам да, болашаққа деген жоспарым да, міне, осылар» деп ағынан жарылды.
Сайлауалды үгіт науқаны басталды деп, Елбасы жаңаша ұран тастап, жаңа уәделер, құлаққа жағымды сөздер айтумен әуестенген жоқ. Керісінше, ол: ешқашан құрғақ қиялға берілген емеспін және қолымнан келмейтін істі тындырам деп уәде берген жоқпын... Қазір де біздің жоспарлағанымыздың бәрі нақты және жүзеге асырылатын мақсаттар. Менің мұратым еліміздің әрбір азаматы біздің ортақ еңбегіміздің жемісін сезінуі тиіс, деді.
Міне, Елбасы елдің гүлденуін жеке адамдардың мүддесімен ұштастырды. Халыққа жасаған жақсылығы Отанның гүлденуіне, тәуелсіздігінің нығаюына қызмет етеді. Отан мен азаматтардың тағдырын бір-бірінен ажыратып қарауға болмайды. Сондықтан да ол тәуелсіздіктің 20 жылында еткен еңбегін ел мен халық үшін жасалған тірлік деп санайды. Сондықтан да биылғы Жолдауында мұны ашып айтты: «Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес. Маған Сират көпіріндей қылпылдаған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тапсырылды. Сондықтан, мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым. Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым. Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін... Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес», деді Елбасы.
Н.Назарбаевтың сайлауда жеңіске жету себептерін осы сөздерінен іздеу керек. Оның саяси өмірбаянын тәуелсіз Қазақстанның өмірге келуінен, одан әрі бұғанасы бекіп, тұғырының нығаюынан, әлемдік қауымдастықтың ортақ үйіне еркін кіріп, көрнекті орын алуынан, қазақтың атын барша әлемге паш етуінен, халықаралық сахнада өз ұлтының мүддесін қорғап, оның жарқын болашаққа үмітпен қарауынан бөліп алуға болмайды. Қазақстан мен Назарбаев ұғымы бұл күнде тұтасып бір символға айналып кетті. Оның бар мұраты – өз халқына қызмет ету. Сондықтан да сайлаушылар оған өз тағдырларын тағы да сеніп тапсырды.
Ол 20 жылдан бері билік басында отыр. Азия мен Солтүстік Африканың бірқатар елдері мұншалық ұзақ мерзімде билікте болған басшыларын күштеп қызметтен кетіріп, сенімсіздік көрсетіп жатқан жағдайда қазақстандықтар өз Президентіне тағы да зор сенім артып, елді бұдан былай да басқаруды аманат етіп тапсырып отыр. Бұл деген сөз Елбасының стратегиялық жүйелі саясатын толық қолдау, ұлт көшбасшысының жеке өзіне деген риясыз сенім білдіру деген сөз. Көп отырып, өз басының баюынан басқа халыққа ешнәрсе жасамаған Солтүстік Африка елдерінің басшыларынан артықшылығы сол, Н.Назарбаев бүкіл өмірін, күш-жігерін елінің гүлденуіне, халқының әл-ауқатының жақсаруына арнағандығында. Өз сайлауалды бағдарламасында атап көрсеткеніндей, азаматтардың әл-ауқатын арттыру ел саясатының басым бағыты болды.
Бір сөзбен айтқанда, кезектен тыс президенттік сайлау нәтижесіз болған жоқ. Елдің саяси белсенділігі артты, қоғамда тың серпілістер сезілді. Ел өздері қалаған басшысын сайлап алды. Сайлау кезінде ел ұлт көсемі маңайына бұрынғыдан гөрі тығыз топтала түсті, оның саясатына қолдау көрсетті, өз ықыластарын ашық танытты. Жастар Елбасын кездесулерде жылы жүзбен қарсы алып, біз сізбен біргеміз, деп үн қатты. Өз саясатына түсіністікті, қолдауды ашық сезінген Елбасының көңілі өсіп, өз саясатының халыққа жақындығына көзі тағы бір жеткендей болды, мерейі өсіп, жігерленді.
Халық сенімінен артық Ел басшысы үшін қандай бақыт бар, қандай абырой, қандай мәртебе бар? Соған лайық болудан артық ұлт көсемінде не мақсат болсын. Ол халық үшін, ел үшін әлі де тер төгуге, еңбек етуге әзір.
Шынын айту керек, үш үміткердің сайлауалды бағдарламаларында, сайлаушылармен кездесу кезіндегі сөздерінде бірқатар ойлы пікірлер, көкейге қонымды пайдалы ұсыныстар болды. Оларды да іске жаратуға әбден болатын секілді.
Н.Назарбаев кәнігі саясаткер, прагматик, өзім білемінге, тіземен басуға әуес емес, көп пікіріне, пайдалы ұсыныстарға зейін қойып, олардың өзегін іске пайдаланудан қашпайды. Елбасының өз тәжірибесі де, өмірден түйгені де көп. Бірақ ол білім мен білік, жаңа ізденіс пен тың жоба артықтық етеді деп ойламайды. Біздің басшы жүз жасасаң да, ғұмыр бойы үйренуден жалықпауды өмірлік қажеттілік деп түсінеді.
Талмай іздену, өмірді терең зерделей білу, жылт еткен жаңалықты сезіне білу – Назарбаевқа тән қасиет. Тоқмейілсу, бәрін көрдім, бәрін білемін деп самарқаулық таныту оның табиғатына тіптен жат. Өтірік мақтануға да бой алдырмайды. Құрғақ сөзге жаны қас, ол нақтылықты сүйеді. Фактімен, дәлел-дәйекпен сөйлегенді ұнатады. Ол ұсыныстарын нақты есепке құрады. Бұл жоба қаншаға түседі, шығыны қанша, пайдасы қанша? Қанша жыл жұмыс істей алады, беріктігі, сақталу мерзімі қандай? Сондықтан да жұрт Елбасын цифрмен сөйлем құрай алатын шешен деп бағалайды.
Н.Назарбаев сайлауалды кездесулерінде «сендерді жарылқаймын, бәрін ертең-бүгін жақсартамын, бәрін шапшаң ретке келтіремін», деп оңды-солды уәде берген жоқ. Халықпен кездесу кезінде іс барысымен танысты. Сайлаушылармен әңгіме-дүкен құрды. Олардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Соған орай, өз пікірлерін ортаға салды. «Ижевск» шаруа қожалығында болғанда, ауыл тұрғындарымен әңгімелесті. Шаруашылық жайын, мал тұқымын асылдандырудың тиімділігін сөз етті. Түркістан қаласында зиялы қауым өкілдерімен, жергілікті ақын-жазушылармен мәдениет жайын, тіл, тарих, ұлттық бастауға оралу жайын қозғады. Ақтөбеде жастармен сыр бөлісті. Жастар саясатына үлкен мән берді. Өскеменде жұмысшылармен, зейнеткерлермен, жаңа қоныс иелерімен әңгіме-дүкен құрды, дастарқандарынан дәм татты. Қатардағы қарапайым жұмысшының отбасына кіріп, хал-жағдайымен танысуы бұлар үшін қандай ұмытылмас шақ болды десеңізші.
Рас, Елбасының сайлауалды қоғамдық штабының белсенділері облыстарды аралап, бірқатар үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Сайлаушылармен кездесті, Н.Назарбаевтың бағдарламасымен таныстырды. Халықтың сұрақтарына жауап берді, ұсыныстарын жинақтады. Мұның бәрі пайдалы болды. Оны жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен де сөз орайы келгенде бірер ескертпе жасауға тура келеді. Орталық телевизия арқылы олардың әр облыста сөйлеген сөздерін тыңдағанда бір-біріне ұқсастығы байқалды. Әр аймақ түгіл, әр аудиториядағы сөз бір-бірін қайталамауы керек. Сонда ғана оның табиғилығы артып, әсері күшті болады.
Жалпы насихатта жалаулатып, ұрандатудың ХХІ ғасырда пәрменділігі жоқтың қасы екендігін ескерген жөн. Бұл алғашқы революция кезеңдерінің қалдығындай әсер қалдырады. Бұқаралық митингі әлемдік бір қолайсыз құбылысқа, оқиғаға халықтың наразылығын, тікелей қарсылық білдіруін көрсетуге әсерлі формат болып есептеледі.
Бүгінгі үгіт-насихат негізінен кандидаттың тұғырнамасын, қазіргі қызметін нақты фактілермен қалың жұртқа жеткізу болып табылады. Мұны ұрандатудың, салтанатты мереке-тойға ұластырудың қажеті жоқ. Заман өзгерген сайын үгіт-насихат, түсінік жұмыстарының да әдіс-тәсілдері, мазмұндары өзгеріп, жаңарып, қазіргі жағдайға үндесіп, жаңғырып тұрулары керек.
Қысқасы, Елбасының сайлаудағы тамаша жеңісін үгіт-насихаттың әсерлі жүргізілуінің, әкімшілік ресурстарды пайдаланудың нәтижесі деп қарауға болмайды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы халық алдында сіңірген орасан зор еңбегін бағалаудың, Елбасы беделінің айқын көрінісі деп түсіну керек.
95,55 пайыз дауыс жинау – Назарбаевтың еңбегіне берілген баға. Римді біз құтқардық деген қаздар құсап, Елбасын біз жеңіске жеткіздік деп ешкім де айта алмас. Назарбаевты жеңіске жеткізген Қазақстан халқы, солардың сенімі, ыстық ықыласы, оған деген сый-құрметі.
Сайлау өз мәресіне жетті. Нәтижесі көпшілік күткендей болды. Енді оның қорытындысы бойынша билік көп ойланулары, үлкен істерді жүзеге асырулары керек. Жаңадан жасақталатын жаңа Үкімет жаңа міндеттерді орындауға қабілетті іскер әрі жас менеджерлерден іріктелуі тиіс. Бұлар үшін ойланатын жайлар жеткілікті. Назарбаев өзіне дауыс бергендердің, «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің ғана Президенті емес, бүкіл халықтың, бүкіл қазақстандықтардың Президенті. Сондықтан да көңілі толмағандардың да, биліктің бүгінгі саясатына риза еместердің де көңілін табуға тиіс. Себепсіз салдар жоқ. Әр құбылыстың да ішкі мәні бар. Қарсылықтың да, реніштің де себебі бар. Сондықтан да қайтадан сайланған Президент бұл себептердің де мәнісін, түпкі тамырын анықтауға тиіс. Неге олар реніш білдіреді, оларға бүгінгі саясат несімен ұнамайды? Неге олардың мүдделері назардан тыс қалған? Мұны дер кезінде ескеруге болмады ма? Тұрмысы ауырлардың жағдайын жақсартудың барлық шаралары толық қамтылып па еді? Орталық, жергілікті билік өкілдері бұл жөнінде өз құзыреттері мен ішкі мүмкіндіктерін түгел пайдалана алды ма? Олар тарапынан бойкүйездік, самарқаулық орын алған жоқ па? Бұл мәселелердің бетін ашып, себебін анықтау шарт. Енді осы сайлаудың қорытындысының ел өміріне оң ықпалын іс жүзінде көрсете білуіміз керек. Ол – ең алдымен халықтың көңіл күйінің жақсаруы. Бұл – тұрмыс дәрежесінің артуы деген сөз. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, еліміздегі ілгері өрлеудің нақты жемістерін қалың көпшілік өз көзімен көрулері керек. Бұрынғы шағын топтардың одан әрі баюына қызмет етпей, билік қалың бұқараның тұрмыс күйінің, әлеуметтік жай-жапсарының жақсаруын қамтамасыз етуі үлкен парыз. Ол үшін экономика қарыштап дамуы керек. Үдемелі индустриялық-инновациялық үрдіс белең алуға тиіс. Өз жерімізде азық-түлік молшылығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Сырттан тасуды азайтып, өз арбамыздың тегершігін іске қосу көп пайда беретіні мәлім.
Шетелдік инвестиция тарту, әрине, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында өте қажет болды. Ол аяқтан тұруымызға көп көмектесті. Енді еліміздің экономикасына ішкі инвестицияны, өз кәсіпкерлеріміз бен алпауыттарымыздың қаржыларын іске қосуға да бар жағдайды жасаудың маңызы күшті. Оларды осыған ынталандыра білген жөн. Өйткені, олардың инвестициясының сырттікіне қарағанда артықшылығы бар: ашылған өндіріс өз халқымызға қызмет етеді, елдің әлеуеті арта түседі, шикізаттық бағытты біртіндеп еңсеретін боламыз. Отандық өнеркәсіп дамиды. Осындайда И.Сталин мен америкалық жазушы Г.Уэллстің 1934 жылғы әңгімесі еске оралады. Г.Уэллс Кеңес Одағына іштартқан. Сталин мен Рузвельтті өте жоғары бағалаған. Әңгіме арасында ол президент Рузвельттің өз елінде социализм принциптерін жүзеге асыра бастағанын сөз етеді. Сонда И.Сталин АҚШ президентін өте жоғары бағалайтынын, ол әлемдегі ең беделді тұлға екенін айта келіп, оның социализм принциптерін жүзеге асыра алмайтынын айтады. Өйткені, банктер Рузвельттікі емес, өнеркәсіп те онда емес, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, үлкен экономика оның құзыретінде емес. Бұлардың бәрі жеке адамдардың қолында. Темір жолдар мен сауда флотының да өз қожайындары бар. Ең ақыры кәсіби еңбектің ірі мамандары, инженерлер, техниктер – бәрі де Рузвельттікі емес, олардың жеке қожайындары бар, бұлар соларға қызмет етеді. Буржуазия әлемінде мемлекеттің өз функциясы бар. Бұл – елдің қорғанысын қамтамасыз ету, ішкі «тәртіпті» сақтауды ұйымдастыру, салық жинау. Шаруашылық жағының шын мәнінде капиталистік мемлекетке қатысы шамалы, экономика мемлекеттің қолында емес. Керісінше, мемлекет капиталистік шаруашылықтың қолында. Сондықтан да Рузвельт өзінің бүкіл күш-жігері мен зор қабілетіне қарамастан, сіз айтқан міндетті орындай алады деп айтуға батылым жетпейді... Егер Рузвельт пролетариаттың мүдделерін капиталистер есебінен қанағаттандыруға әрекет жасаса, оны капиталистер басқа адаммен алмастыра салады. Капиталистер: президенттер келеді, кетеді, ал біз, капиталистер, қала береміз, егер бір немесе екінші президент біздің мүддемізді қорғамаса, басқасын табамыз, дейді. Бұл капиталистердің еркіне қарсы президент не істей алады? – дейді И.Сталин («Большевик» журналы, №12, 1934), Г.Уэллс болса ойланып қалады. Әңгіме соңында ол Сталинге ризашылығын білдіріп, оның атына жылы сөздер айтады.
Бұл әңгіме өткен ғасырдың басында болғанына қарамастан, оқушыны ойға қалдырады. Бұған қарағанда, мемлекетті экономикадан біржола қол үзуге үндейтін либералдық демократтардың жетегінде кете беруге болмайтын секілді. Күшті мемлекеттің қолында қуатты қаруынан, қорғаныс күштерінен басқа мықты экономикасы, дамыған ғылымы мен озық техникасы болуға тиіс. Бұлардың бәрін жеке алпауыттардың меншігіне беріп қою мемлекеттік басшылықтың икемділігін, кез келген уақытта маневр жасау қабілетін кемітеді. Мемлекеттік биліктің халыққа барынша шапшаң, тезірек жағдай жасауына қолбайлау болатыны анық.
Экономиканың шешуші, стратегиялық салаларын (байланыс, көлік, әуе, теңіз қатынасы, космос және т.т.) өз қолдарына шоғырландырып алған алпауыттар мемлекеттік биліктің саясатына керек кезінде қолдау көрсете бермеулері де ықтимал. Керісінше, И.Сталин айтқандай, өздеріне ыңғайлы, аттөбеліндей шағын топтың мақсат-мүдделерін қорғайтын билікті саясат сахнасына әкелуі ғажап емес. Сондықтан да экономиканың маңызды салалары, қаржы және ақпарат органдары мемлекет қарамағынан сытылып шығып кетпеуі керек. Қазір бұған талпыныс бар.
Сайлау өтті. Президент халық қолынан үлкен карт-бланш алды. Енді батыл да шұғыл шаралар жүргізуге әбден құқылы.
Конституция бойынша сайлаудан кейін Президент ескі үкіметті отставкаға жіберіп, жаңа үкімет құрамын жасақтайды. Осыған орай кадр мәселесіне көпшіліктің селсоқ қарай алмайтыны анық.
Бұл сала қоғамда көбірек сынға ұшырап жүр. Кадрлардың рокировкасы, бір орыннан екіншіге ауысып отыруы және өзімен бірге командасын шұбатып жүруі тыйылмай келеді. Жаңа есімдерге ел зәру. Керісінше, кез келген жиынды жарамазанға айналдырып жіберетін, жүргізілген шараның ішкі мәніне, келтірер пайдасына емес, сыртқы пішініне, көзге ұрып тұруына көбірек көңіл бөлетін сырдаң басшылар бізде баршылық. Ұзақ-сонар сөзге үйір, нақты іске, оның ақырғы нәтижесіне емес, өзін, өзінің ұнамды имиджін қалыптастыруға себін тигізеді-ау деген шараларға әуес, сәл нәрседен көрініп, көзге түсіп қалуға тырысатын «іскер» басшылардың қатары азаймай келеді. Сонда да болса, соңғы уақытта қуанарлық жәйт, бұларға ұқсамайтын, сыртқы әсерге, құр мақтанға малданбайтын жас басшылардың жаңа генерациясы өсіп жетіліп келеді. Мәселен, Жамбыл облысының жас әкімі Қ.Бозымбаев, Қарағанды облысының әкімі С.Ахметов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов, Индустрия және жаңа технология министрі Ә.Исекешов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықовалар сабырлы да салиқалы мінезімен, нақты іспен айналысуға икемділігімен, бұл жолда жасандылыққа ұрынбай, бар ынта-жігерімен өз ісімен айналысып жүргенін халық ұната бастады. Елбасы төңірегінде осындай жаңа әрі іскер жас басшылар көбейе түскенін қалар едік.
Тамағы қарлыққанша мінбеден түспей, жалаң-жадағай, өнімсіз бастамашылдыққа бауыр басқан, нақты ұйымдастыру ісін осы әдіспен алмастыруға үйір басшылардан біртіндеп арылу керек. Әрбір басшы осы ісім, бастамам маған қандай абырой әпереді деп емес, халыққа, қоғамға нендей пайда келтіреді деген оймен толғатуы керек.
Біздің Елбасымыз сайлау науқаны сәтті аяқталды, енді аяқ-қолға дамыл беріп, белді босатып, біраз тыныстап алайын дейтін адамның санатынан емес екені көпке аян. Сайлаудағы жеңіс оған жаңа міндет, жаңа жауапкершілікті қоса ала келді. Ол – бұрынғыдан да тиімдірек, бұрынғыдан да пәрменді жұмыс істеуге машықтанған саясаткер. Ол – өзін ешқашан жайбарақат сезіне алмайды. Әрдайым өзін жауынгерлік сапта тұрғандай сезінеді. Бұл – оның ежелгі қасиеті. Жаңа ойлар оны үнемі мазалайтыны сөзсіз. Ол жаңаруды, алға басуды бір сәт те естен шығарған емес. Ұзақ жылдарғы өмір тәжірибесі оны осыған үйреткен. Халық сенген сайын ол өзін қамшылай түседі, жаңа іске құлшына беріледі. «Нұр Отан» партиясының соңғы съезінде Президент ел сенім артып, халықтың еркі осыны талап етсе, мен елім үшін жұмыс істеуге дайынмын, деді.
Сайлау алдында Елбасы осындай сөз берді. Ол әрдайым өз сөзіне берік басшы. Әр сөзіне үлкен мән береді, келді-кетті уәде бере салмайды. Сөз берсе, орындап шығуға ұмтылады. Сондықтан да халық өз көсеміне, ұлт басшысына, тұңғыш Президентіне сенеді.
Елбасы болса, ел сенімінен шығуға әрдайым бар күшін салады. Өйткені, алда атқарылар істер көп, шешілмеген мәселелер, алынбаған асулар жеткілікті.
Бізде адамдардың әлеуметтік ахуалын анықтайтын бірқатар көрсеткіштер бар: ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 пайыз, орташа айлық жалақы – 80 мың теңге, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 9 мың доллар және т.т. Осы көрсеткіштер жалпы халықтың, тұтас ұлттың хал-ахуалын дәл сипаттай ала ма? Әрине, жоқ. Орташа көрсеткіш деген сөз дерексіз цифр.
Жекелеген адамның немесе шағын топтың уайым-қайғысыз мамыражай өмірі бүкіл қоғамның, тұтас социумның жалпы ахуалының, көңіл күйінің көрсеткіші бола алмайды. Сондықтан да күнделікті өмірде жалпы дерексіз көрсеткіштерге малданбай, экономикадағы өрлеуді халық өз тұрмысынан аңғаруға тиіс. Сонда ғана ол елдегі реформаның тиімділігіне сенетін болады.
Жұмыссыздық пен кедейшіліктен халық әлі құтылған жоқ. Коррупция ауыздықтатпай келеді, жемқорлардың бірі жазаланса, алты басты айдаһардай екіншісі шыға келеді. Демек, бұл бағытта күрес одан әрі күшейе түсуге тиіс.
Өндірісте еңбек өнімділігі әлі төмен. Өнімнің өзіндік құны жоғары. Дайын өнім шығаруға жұмсалатын шикізаттың көлемі мен шығынның мөлшері көп. Ғылым баяу дамып келеді. Оның жетістігі мен оны өндіріске енгізу арасындағы алшақтық үлкен. Бұл істің тиімді жолдары әлі қалыптасып үлгерген жоқ. Ғылымды дамытуға және оны өндіріске енгізуге жеке кәсіпкерлердің ынта-ықыласы төмен, қызығушылығы аз. Құрылыс ісі және оған пайдаланылатын материалдардың бағасы тым жоғары. Ауылшаруашылық өнімдерін ұқсату мен өңдеудің терең технологиясы әлі іске қосылған жоқ. Мал өнімдері мен оның қалдықтары (жүн, теріден басқа малдың мүйіз, сүйектері және т.б.) кәдеге толық жаратылмай жатыр. Қалдықсыз технология өмірге әлі енген жоқ.
Ауыл азаматтарына дәрігерлік көмек өз дәрежесінде емес. Медициналық қызметтің тегін және ақылы түрлерінің ара-жігі толық ашылмай, коррупцияға жол берілуде.
Мектептерді компьютерлендірудің жайы қағазда жақсы, ал іс жүзінде көп жерлерде көрменің экспонаттарының рөлін атқарып отыр. Маман жетіспейді. Мектеп оқу бағдарламалары жетілдірілмеген, шұбалаңқы, сабақтастық аз. Оқулықтардың тілі ауыр, оқушының түсінуіне қиындық келтіреді. Оқу сапасы көп мектептерде әлі төмен.
Елімізде кітап шығару мәдениет құралы емес, қосалқы табыс табудың, өзін-өзі дәріптеудің қосымша көзіне айналып отыр.
Сайлау барысында, президенттікке үміткерлермен кездесу кезінде бұдан басқа да сын-ескертпелер көп жайдың басын ашты. Ендігі міндет – соларды түзету жолында тиісті шаралар қолдану болып табылады. Сонда сайлаушылар елімізде өткен саяси науқанның маңыздылығына анық көзі жетеді. Өз Отанын, тәуелсіз Қазақстанын әр азамат мақтаныш тұтады.
Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.