• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2017

Көзіңізді күтіңіз

718 рет
көрсетілді

«Босағасын алтыннан соқсаң-дағы, перзент сүймей адамның мейірі қанбас», деп Шал ақын айтқандай, сүйген перзенттің саулығын сақтау мәселесі қазір оңай болып тұрған жоқ. Жаңа заман техникасы бір жағынан «айшылық жерден жылдам хабар алғызғанмен», екінші жағынан денсаулыққа, әсіресе, жас ұрпақтың ағзасына залалын тигізуде. Баяғыда жазда шаң-шаң болып, қыста жалаң аяқ қар басқан шатақ бала қатарға қосылып кетіп жататын. Қазір үкідей үлпілдетіп ұстасаң да, орап-шымқасаң да, желге қақтырмай, күн түсірмей бақсаң да – екі күннің бірінде түшкіріп, қызуы көтеріліп, естен тандырады. Мұның бір емес, көптеген себебі бары белгілі. Экологияның бүлінуі, табиғи астың орнын жасанды тағамның басуы, тағы басқалар дер едік. Бұрын «Ас – адамның арқауы», «Ас тұрған жерде – ауру тұрмайды» дейтін атам қазақ. Қазір үңіліп қарамасаң, құрамын зердеңнен өткізбесең, абайлап ішпесең, ауру астан болатынын жиі естиміз. Бұл бір десек, екінші мәселе, киесі бар дейтін қос жанарға да телмірген техниканың қатысы болып тұр. Ата-бабаларымыз «Көзді күтпесең, шамданып қалады» деген екен. Қазір сол көзді күту үлкен мәселеге айналып барады. Осы ғасырдың басында Лондонда болғанымызда Англия азаматтары ұялы телефонды қойып, радиотелефонды қолданбайтындарын айтқаны бар. Бұл қалай дегенімізде, адам ағзасына зияны шаш-етектен деген жауап алып, екіұдай ойға қалғанбыз. Ол кезде біз ол шіркіннің біреуін емес, бірнешеуін ұстап, мақтангершілікпен жүргенбіз. Енді сол зиян деген сөздің ақиқатына көз жеткізе бастадық. Әсіресе, бұл бүлдіршіндерімізге ауыр тиіп жатыр. Көзін аша салып телефонға үңілу үрдісі аяғын енді басқан сәбиден бастап, қарттарымызға дейін жаулап алды. Онсыз күн кеше алмайтындай күйге түстік. Сөзіміз жалған болмас үшін мысалға жүгінелік. Қазір мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 5 пайызының, бастауыш сыныптан өткен балалардың 12 пайызының көзі нашар көретін болса, олар мектепті бітіріп шыққанда көру қабілеті 60 пайызға төмендейтін көрінеді. Осы мәліметтерге мән бергенде, құдіретті өлең иесі Мағжан Жұмабаевтың «Адам жанын байлап машинаның құрбаны қылуға ұмтылу – адамзат дүниесінің соңғы ауруы» деген сөзі ойға оралды. Машинасы бала ағзасына зиян келтіреді деп отырған смартфон емес пе екен? Ұлы ақын оны қалай болжаған? Көріпкел дегендеріміз осындай кісілер шығар? Әрине, біз бұл арада заманның ағымына, техниканың жаңа құралдарына шек келтірейік деп отырғанымыз жоқ. Тек соны тиімді пайдаланып, аласапыран заманда денсаулықты сақтасақ, ұрпақ қауіпсіздігіне от басынан, ошақ қасы­нан мән берсек дейміз. Сонда ғана ұлты­мыздың ертеңгі тірегі болатын жастар жақсы болып өседі. Енді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейбір мәліметтеріне көз жүгіртіп көрелік. Телефоннан шығатын электромагнитті құрылғылар түрлі ауруларға түрткі болады екен. Ұялы телефонның сан түрін сәнге айналдырғандар табар «табыс» көңіл көншітпей тұр. Бұл құрал ғалымдардың зерт­теуін­ше бас ауруына, қатерлі ісікке, өзге де дерттерге шалдықтырып, көз жанары­ңа кері әсер етеді. Еуропа ғалым­дары электромагнитті толқыннан сыр­­­қат­­тар санының соңғы кезде өске­нін жиі айта бастады. Көрші Ресей оқы­мыс­тылары электромагнитті тол­қын­­ның көзге кері әсерін тышқанға тәжірибе жасау арқылы айқындапты. Тәжірибенің нәтижесінде тышқан көз жанарынан айырылған. Тіпті, кейбір хайуанаттардың иммундық жүйесі әлсірегенінен де мысалдар келтіреді. Мына бір дәлелді алға тартар бол­сақ, ұялы телефоннан шығатын электро­магнитті толқын теледидардан, радиотелефоннан, компьютерден бөлінетін сәуледен 10 есе күшті көрінеді. Осындай байламдарын айтып, сақ­тық жайын ұсынған ғалымдар, әсі­ресе, мектеп жасындағы ұл мен қыз­дың смартфон мен компьютерді 3 сағат­тан артық қолдануға болмай­ты­нын ес­кер­тіп отыр. Ең бірінші – олар көз жанарың­ды сақтауды ұсына­ды. Себе­­бі, үңіле беру жанардың қуа­тын ке­мі­­тіп, ол бірте-бірте бұлыңғыр­ла­нып, соңы зағип­тыққа апаратынын ескертеді. Ал жапон ғалымдары операция жасат­қан адамдарға біраз уақытқа дейін ұялы телефонға рұқсат бермейді екен. Себебі, телефоннан бөлінетін электро­магнитті толқын денсаулыққа кері әсерін тигізетін көрінеді. Сол секіл­ді психо­логтар студенттер білімі­нің төмен­деп кетуіне себептердің бірі смарт­фон деген байламға келіп­ті. Өйткені, ұялы телефон оқуға сеп­ті­­гін тигізумен қатар, ондағы өзге де ақ­парат­тар­ды, түрлі ойындарды ермек ету уақыт алып қоятынын алға тартады. ...Ойланатын-ақ жайт.

Сүлеймен МӘМЕТ, 

«Егемен Қазақстан»