Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран ұшыруына байланысты Нью-Йоркте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Бұл маңызды басқосуға Қазақстан делегациясы да қатысты.
Жиын барысында Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері бірауыздан Солтүстік Корея (КХДР) билігінің баллистикалық зымыранды сынауға қатысты бұл өрескел әрекетін бірауыздан айыптады. Сондай-ақ, жедел өткізілген кеңесте КХДР тарапының БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының талаптарын тағы да бұзғанына алаңдаушылық білдірілді. Айта кетейік, КХДР бұған дейін де бірнеше рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тарапынан қарарды көзге ілмеген болатын.
Сондай-ақ, отырыста Солтүстік Кореяның гуманитарлық саладағы күрделі жағдайына, елдің билігі халқының нашар тұрмысына қарамастан, ядролық және әскери бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында қаржы бөлуді жалғастырып отырғанына назар аударылды.
Қазақстан тарапы Солтүстік Кореяның бұл жөнсіз іс-әрекеттері жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке қатер төндіретінін, сондай-ақ, әлемдік ядролық қарусыздану үдерісіне кері әсерін тигізетінін қатаң ескертті. Осыған байланысты еліміздің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің КХДР-дың баллистикалық зымыран ұшыруын айыптап арнайы мәлімдеме жасағанына Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің назарын аударды.
Сондай-ақ, дипломат халықаралық қоғамдастықтың аталған мәселеде сындарлы шешім шығарып, тиісті шаралар қабылдауы тиіс екенін, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы бойынша алтыжақты келіссөздерді қайта бастау қажеттігін жеткізді.
Сонымен қатар, Қ.Омаров әлемнің шынайы қауіпсіздігінің кепілі қарусыз әлем құру екенін атап көрсетті. Осы орайда, ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына дейін (2045 ж.) ядролық қарусыз әлем құруға БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттерді, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесіне қатысушы елдерді шақырғанына екпін берді.
Бұдан бөлек, тұрақты өкіл Қазақстанның бастамасымен бірінші практикалық қадам ретінде 2015 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға бірдей декларациясы қабылданғанын еске салды.
Жиында Қазақстан бастамалары мен ұсыныстары Қауіпсіздік Кеңесі мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Отырыс қорытындысында, Солтүстік Кореядағы жағдайды бақылауда ұстау, ондағы ядролық бағдарламаның дамытылуына қарсы шаралар қабылдау, әсіресе, алтыжақты келіссөздерді қайта бастау және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарының қатаң орындалуын қамтамасыз ету сынды мәселелер атап көрсетілді.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»