• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2017

Иранға шетелдік инвестия көлемі арта түсті

490 рет
көрсетілді

Иран мен P5+1 елдері (Қытай, Франция, Германия, Ресей, Ұлыбритания және Америка Құрама Штат­тары) Иранның ядролық бағдар­ламасы жөніндегі 2 жылға созылған келіссөздерден ке­йін, 2015 жылғы 14 шіл­деде «Бірлескен іс-қимыл кешенді жоспарына» қол қой­ды. Келі­сімге сәйкес Иран байы­тыл­ған уран қорын айтар­лық­тай дәре­жеде азайтуға келісті. Ал Еуро­палық одақ (ЕО) пен Аме­ри­ка Құрама Штаттары (АҚШ) Тегеранға қарсы санк­ция­лар­ды алып тастау туралы шешім қабылдады. 2016 жыл­ғы 14 қаңтарда Иранның келі­сімге сәйкестігі Атом энер­гиясы жөніндегі халық­­ара­лық агенттік (МАГАТЭ) тара­пы­нан мақұл­дан­ған­нан кейін ЕО және АҚШ келісім аясында санкцияларды алып тастады. Санкцияларды алып тастау туралы келісім Иранға тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) ағындарын тарту арқылы экономикалық өсімді ішінара арттырып, Иранның Еуропа елдерімен сауда қатынастарын жақсартуға септігін тигізді. Санкциялардан кейінгі кезең­нің бірінші жылында Иран 11,8 млрд доллар көлемінде ТШИ тарта алды. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 6 есе жоғары. 2016 жылы ақпанда Иранның экономика министрі Әли Таебниа Тегеран елдегі қаржы жылының соңына дейін (2017 жыл 20 наурыз) 15 млрд доллар көлемінде ТШИ ағынын күтуде деп хабар­лады. Сонымен қатар, санк­циялардың алынуы Иран­ның шетел банктерінде бөгеу қойылған 150 млрд доллар­лық активтеріне қол жет­кізуін қамтамасыз етті. Бүгін­гі күнге дейін Иранның 30 млрд дол­лардан астам бөгеу қо­йыл­ған активтері босатылды. Бекітілген ТШИ ағын­дары­ның сала бойынша бөлінуінде ең үлкен үлес 35 түрлі жобаға 8,1 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылған су және энергетикалық секторға (жаңар­тылатын энергия көз­дерін қоса алғанда) тиесілі. Қыз­мет көрсету және туризм сала­лары 17 жобаға 1,53 млрд доллар көлемінде ТШИ тартса, өнеркәсіп және тау-кен секторларына 48 жоба үшін 1,53 млрд дол­лар бөлінді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы сек­торын­­да 8 жоба үшін 512 млн доллар, ал тасымалдау және теле­коммуникация сек­торын­да 3 жоба үшін 259 млн дол­лар көлемінде инвестиция жасал­ды. Аймақ бойынша бөлінуінде Солтүстік Хорасан про­­вин­­циясы 3,37 млрд дол­лар­­лық көрсеткішпен инвес­ти­ция­­лардың ең үлкен үлесін ал­ған аймақ болып табылады. Шы­ғыс Әзербайжан провин­ция­сына 1,5 млрд доллар, ал Сис­­тан және Белуджистан про­­­вин­­циясына 1,2 млрд дол­лар кө­ле­мін­де инвестиция құйылды. Иран лауазымды тұлға­лары­ның инвесторларды өтелу мерзімі қысқа болған сала­ларға инвестиция салуға ынта­ландырғандарын атап өткен жөн. Мысалы, Иранда қонақ үй секторы үшін өтеу мерзімі шамамен 3-5 жыл болса, мұнай өнеркәсібі үшін әлдеқайда ұзағырақ. Сонымен қатар, 2016 жылы шағын және орта бизнес (ШОБ) Түркия, Әзербайжан, Қытай, Германия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа елдерден 653 млн дол­лар көлемінде инвести­ция тарт­ты. Бұған қоса, Үкімет 2016 жылы ШОБ-қа көмек реті­н­де 3,5 млрд доллар несие берді. Нәтижесінде, Иран үкі­меті­­нен қа­ражат алу ар­қы­лы 3 319 кә­­с­іп­­орын қайтадан ашылды. Санкциялардың алынуы ЕО мүшелерінің Иранмен эконо­микалық қарым-қаты­настарын дамыту жолындағы кедергілерді алып тастады. Мысалы, 2016 жылы мамыр­да 300-ден астам неміс компа­ния­сының өкілдері машина жасау, денсаулық сақтау, автомобиль және энергетика салаларына инвестиция салу әлеуетін тал­қылау үшін Иранға барып қайтты. Сонымен қатар, Иранға ТШИ ағындарына инвестиция мөлшері тұрғы­сынан қараған кезде Испа­ния­ның 3,2 млрд дол­лармен бірін­ші орында екенін байқауға болады. Екінші орында 2,96 млрд доллармен Германия тұр. 2016 жылы Франция мен Ұлыбританиядан келген ТШИ тиісінше 389 млн доллар және 260 млн долларды құрады. Иран билігі елдің түрлі сек­тор­ларына ТШИ-дің елеу­лі көлемін тарта алса да, не­ғұр­лым көбірек ТШИ тартуға кедер­гі келтіретін бірқатар жағ­дайлар бар. 2016 жылғы қаңтар айында Бірлескен іс-қимыл кешенді жоспары келі­сімі жүзеге асырылғаннан кейін Батыс инвесторларының Иранмен сауда байланыстарын қайта жандандырғаны мәлім. Мысалы, KBC Банк және DZ Банк сияқты Еуропа банк­тері жергілікті клиенттер мен ирандық компаниялар ара­сында транзакциялық қызмет көрсете бастады. Алай­да, санк­ция­лардан кейін АҚШ инвес­тор­лары мен банктер әлі күнге дейін Иранмен биз­нес жүр­гізуден қалыс қалу­да. Себебі, америкалық ком­па­ния­лар «Арнайы тағайын­далған ұлт­тық тізім» (SDN) және «Шетел­дік санкциялардан жал­­тарған­дар тізіміне» (FSE) кір­­ген иран­дық ком­па­­ния­лармен істес болып, санкциялар тізіміне ену қаупі­не ұшырағысы келмейді. АҚШ Қазынашылық депар­таментінің «Шетелдік актив­терге бақылау жүргізу жөнін­­дегі департаменті» (OFAC) және санкцияларды іске асыру жөніндегі өзге де жауапты мекемелер АҚШ санк­ция­­лары Иранмен заңды биз­нес жүр­гізетін компа­ния­лар­ға кедергі ретінде қарас­тырыл­мауы тиіс деп мәлім­деген болатын. Алайд, бұ­ған қара­мас­тан, тізімдерге ен­ген және бизнес жүргізуге тыйым салын­ған тұлғалармен бай­қаусызда істес болу қаупіне қатысты алаңдаушылықтар әлі де бар. Сондай-ақ, АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың сыртқы сая­саты АҚШ-Иран қарым-қатынас­тарының болашағына қатысты белгісіздік туғызуда. Дегенмен, санкциялардан кейінгі кезеңде, АҚШ инвести­цияларының жетіспеу­шілігіне қарамастан, Иран өзінің ұлттық экономикасын нығайта бастады. Мысалы, 2012 жылы теріс өсімде (-6,8%) қалған ел­дің ІЖӨ-сі 2016 жылы 4,2%-ға дейін өсті. Сонымен қатар, тұтыну бағасының индексі (ТБИ) негізінде өлшенген инф­л­яция қарқыны 2012 жылы 45,1% болса, 2016 жылы 12,6%-ға дейін төмендеді. Сон­­дықтан, Тегеран көп мөл­шер­де ТШИ тарту арқылы ел­дің банк секторында маңыз­ды рефор­маларды жүзе­ге асы­рып, Иранның халық­ара­­лық нарықтарға одан әрі интегра­ция­лануына мүмкіндік берген бизнес-ортаны жақ­сарта алды. Алайда, экономикалық дамуды одан әрі арттыру үшін елге көбірек ТШИ тарту қажет. Мысалы, алтыншы 5 жылдық даму жоспарына (2016-2021) сәй­кес, Иран электр энер­гия­сын өндіру әлеуетін 75, 000 МВт-тан 105,000 МВт-қа де­йін арт­тыруды көздеп отыр, ал бұл үшін 50 млрд доллар көле­мінде инвестиция қажет. Иран тау-кен саласын дамыту үшін де 50 млрд долларлық ин­вес­тицияға мұқтаж. Бұл сома­ның 30 млрд долларын болат құю өнеркәсібіне, ал қалғанын мыс, алюминий және басқа да са­ла­ларға инвестициялау қажет. Қорытындылай келе, Иран үкі­меті мұнай, газ, тау-кен өнер­кәсібі және электро­ни­ка­ны қоса алғанда, жалпы 12 негізгі секторға 250 млрд дол­лар көлемінде инвестиция тар­туды жоспарлап отыр. Ал бұл жоспардың іске асуы Теге­ран­ның шетелдік инвес­торларға нық сенім ұялатуына және елдің саяси элиталарының ТШИ ағындарын экономи­ка­лық жы­лыстау емес, керісінше, мүм­кіндік екеніне илануларына тәуелді болып өрбитіндігін болжауға болады. Женгизхан ЖАНАЛТАЙ, Ахмет Ясауи университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар