• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2017

Қазақстан оқушыларының жобалары таныстырылды (фото)

310 рет
көрсетілді

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Талғат Бек елордада өткен «Ұлы Дала мұрагерлері» атты көрмеде өз командасының жобасын таныстырды. Бүгінде аталған жобаға АҚШ ғалымдары қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Талғаттың айтуынша, өткен жылы ол өз командасымен бірге ғарышта күл-қоқысты жинайтын аппаратты ойлап тапты. Аталған спутник арнайы зонт арқылы орбитадағы күл-қоқысты жинап, ғарыш аппараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алады. «Бүгінде жыл сайын жер орбитасында миллиардтаған бөлшектер айналып жүреді. Ондай күл-қоқыстар сағатына 27 мың шақырым жылдамдықпен қозғалады. Сондықтан ұсақ нәрсенің өзі жер серіктеріне үлкен зақым келтіре алады. Ал біз ойлап тапқан аппараттың арқасында орбитаны барлық күл-қоқыстан тазарта алмасақ та, ғарыш аппараттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Ол зонт арқылы диаметрі 70 сантиметр болатын бөлшектерді атмосфераға бағыттайды. Сол жерде күл-қоқыстар толығымен жанып кетеді», – деді өнертапқыш. Оның айтуынша, өткен жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен робототехникадан Халықаралық олимпиадада команда осы жобамен бас жүлдені жеңіп алған. Сол жерде АҚШ-тың ғалымдары жаңа аппаратқа қызығушылық білдіріп, тағы бір жобаны іске асыруды ұсынды. Назарбаев зияткерлік мектептерінің жетістіктеріне арналған «Ұлы Дала мұрагерлері» атты көрмеде ұлттық қолөнер, көркемсурет, гобелен, панно және тағы басқа қолданбалы өнер саласындағы мектеп оқушыларының өз қолымен жасаған бұйымдары, сондай-ақ робототеxника, ғарыш, мұнай-газ, инфрақұрылым және өңдеу өнеркәсібі бойынша ойлап тапқан жобалары таныстырылды. Мәселен, Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Владимир Коряк көпдеңгейлі автотұрақ бекетін құрастырып шықты. «Бұл жобаның негізгі идеясы, бекет автөкөліктерді автоматты түрде тұраққа қоя алады. Жүргізуші өз көлігін жылжымалы бекеттің платформасына қояды да, тұрақтағы орынды көрсетеді. Автоматты жүйе көлікті өзі тиісті боксқа жеткізеді. Осы іспетті автотұрақтың тағы бір артықшылығы, ауданы жағынан қарапайым автотұрақпен бірдей болса да, одан да көп көлікті сыйғыздыра алады», – дейді Владимир. Көрмеде таныстырылған тағы бір жаңалық – бүгінгі зымырантасығыштардың жанар-жағар майын үнемдеуге мүмкіндік беретін жоба. Оны Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ұсынды. Ал Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әділбек Абылайхан «Smart home», яғни «ақылды үй» жобасын таныстырды. Ол бүгінгі технологиялардың негізінде үйдегі температураны реттеп, сөндірмей кеткен жарықты ұялы телефонның көмегімен өшіруге мүмкіндік береді. «Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін ондай қызметтердің болғаны аса қажет. Міне, мен ұялы телефоннан сигнал жібердім. Қазір негізгі компьютер оны қабылдап, Bluetooth арқылы жарықты өшіреді. Тура осы жолмен жарықты сөндіруге болады. Қазіргі кезде көз қимылымен де біраз нәрсені істеуге болады», – дейді Әділбек. Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Ақнұр Бағланова болса, өз әріптестерімен мұнай саласына аса қажетті мобильді қосымшаны жасап шығарды. «Бүгінде цистернадағы мұнайдың көлемін өлшеу мен есептеуді қолмен жүргізіп отырады. Ондай жұмыстар уақытты үнемдеуге мүмкіндік бермейді. Ал біздің мобильді қосымшамыз арқылы барлық өлшеу мен есептеуді автоматты түрде жүргізуге болады», – деді Ақнұр. Көрмеде өсімдік майларын тазалау технологиясы да таныстырылды. Оны Павлодар қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Аделия Мақашева әзірлеген. «Алдымен табиғи сазды қышқылмен модификациялайды. Сосын мен оны бір жуып шығамын да, сілті арқылы өткіземін. Одан кейін балшықты тағы жуамын. Сөйтіп, модификацияланған таза балшықты аламын. Ол арқылы өсімдік майларын тазартуға болады», – дейді Аделия. Айта кетейік, Астанада өткен «Ұлы Дала мұрагерлері» көрмесі аясында мұғалімдерге арналған шеберлік сабақтары да ұйымдастырылды. Одан бөлек, оқушылар қолданысқа енгізген техникаларымен де таныстырды. Мәселен, Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы Сәттіғали Жолдасбай өз атасына «ақылды тақияны» жасап берді. Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әділ Ордаев өзінің роботтарын «Қара жорға» билеткізіп қойса, Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы Абай Лоран Әлмұхамбетов отты дыбыспен өшіретін құрылғыны құрастырған.