• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Фариза ақынның аманаты

194 рет
көрсетілді

Жақында Аягөзде өткен бүркітшілер сайысы кезінде Семейде тұратын бел­гілі дәстүрлі әнші Берік Омаров аға­мызбен дастарқандас болғанымыз бар. Дәм үстінде өнерпаз Ақан серінің әй­гілі «Балқадишасын» әуелетті. Әр қа­зақ білетін белгілі ән ғой, әдеттегідей те­бірене тыңдап отырмыз. Алайда, ән­нің орта тұсына келгендегі әншінің орын­дау­ындағы: «Кетті» деп Балқадиша естігенде, Құшақтап құз жартасты шіркін-ай жылағаным-ай, – деген шумақтар ойым­ды еріксіз бөліп жіберді. Ән аяқ­тал­ғаннан кейін дәстүрлі әншіден не­ге бұлайша орындағанының мәнісін сұ­ра­дым. Сөйтсек, мұның өзіндік себебі бар екен. «Осыдан он шақты жыл бұрын Се­мей­ге алаштың аяулы ақын қызы Фа­риза Оңғарсынова апамыздың кел­гені бар. Сол кезде елді аралап, Абай ау­данында болып, ұлыларға тағзым етіп қайтқаны да есімде. Құрметті қо­на­ғымыз Семейге келіп түскенде қарсы алу­шы топтың ішінде өзім де болдым. Кешкі отырыстың бірінде ақынның алдында «Балқадишаны» шырқадым. «Балам, келші, отыршы қасыма», де­ді маған Фариза апам әнді орындап бол­ған­нан кейін. Қасына отырдым. Сосын айт­ты: «Балқадиша» ғажап ән ғой. Бұл ән­ді өзім керемет жақсы көремін. Бірақ осы әннің «құшақтап құс жастықты жы­ладым» деген жеріне өз басым келісе қоймаймын. Ақан қатардағы азаматтың бірі емес, жігіттің төресі, ердің ері емес пе? Сегіз қырлы, бір сырлы тұлға. Сондай азаматтың құс жастықты құшақтап, төсегінде бүк түсіп жылап жатқанын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Жараспайды ғой. Ал енді құздағы бір жартасты құшақтап, тауменен мұңдасып, таспенен сырласып, мұң-зарын, қайғысын табиғатпен бөліссе, мұның жөні бөлек қой. Нағыз сурет осы емес пе? Сондықтан, сен енді «құз жартасты құшақтап жыладым» деп айтшы» деді. Кейбір әншілер: «кер бестіні құшақтап жыладым» деп те айтып жүр. Ол да әдемі. «Құс жастық Ақанда болмаған» деушілер де бар. Қалай болмаған? Әкесі саудагер болған адам. Еншісін үлестірген кезде құс төсекті бермеді дейсің бе? Ақанда құс жастықтың болғаны анық. Бірақ шындап келгенде, ер-азаматтың құс жастықты құшақтап жылағаны қисынға келмейтіндей көрінеді. Фариза ақынның айтқан сөзі көңіліме қонды. Содан бері осылай орындап келемін», дейді дәстүрлі әнші. Мұның анық-қанығын өнерт­а­ну­шы­­ларымыз, өнердің маңында жүрген аза­­маттарымыз жан-жақты зерделеп, бай­ы­п­тап, бір ізге түсірер деп ойлаймыз. Ал біз сөз еткен Берік Омаровтың орын­дауындағы нұсқа да қисынға ке­летін секілді, серіге қара жерді емес, құс жастықты емес, құз жартасты құшақтатқан шумақтар жүрекке жылы тиетін секілді. Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы