• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Ілияс ақынның іздері

381 рет
көрсетілді

Алты Алаштың ардағы Ілияс Жансүгіров «Кеудесі асқар, қоңы құм, аяғы көл» жер жаннаты – Жетісудың тумасы екені белгілі. Ақиық ақын өзендер өрнектеген өлкенің тамылжыған табиғатын, тарихи тұлғаларын, тіпті жүгірген аң, ұшқан құсына дейін асқан сүйіспеншілікпен асқақтата жырлаған. Оларды оқысаңыз Отанға ода арнаудың тамаша үлгілерін табасыз. Талдықорған қаласына ат басын бұрған ағайын арасынан мұндағы қазақ әдебиеті классигінің музейіне соқпай кететіндер кемде-кем. Жақында сол жаққа жолы түскен сіздердің тілшілеріңіз де бұл дәстүрді бұзған жоқ. Әңгімеміздің әлқиссасын мұражай орналасқан ағаш үйден бастайық. Оны кезінде кеудебасы көпес саналған Рахметолла Бұғыбаев дейтін татар салды­рыпты. Қантөгісті Қазан төң­керісінен кейін қалталы бай қанаушы тап өкілі ретінде өкімет тарапынан қуғын-сүр­гінге ұшырап, айдалып кетіпті. Қапалдың қарағайынан қиып салған ғимаратқа алдымен қы­зыл әскер отрядының штабы қоныс теуіпті. Кейінірек кедей-кепшіктің басын біріктірген «Қос­шы» одағының, одан соң уездік оқу бөлімінің кең­сесі болған. Халық ағарту комис­сариатының аға инспекторы лауазымын атқарып жүргенінде Ілекең осында аймақтағы мектеп директорларымен бірнеше мәрте мәжіліс құрыпты. Қазақстан Үкіметінің қау­лысымен 1984 жылы ашылған айтулы мәдениет ошағы бүгінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, еліне елеулі арыс­тарымызды ардақтайтын, сон­дай-ақ сөз өнерін қадірлейтін кө­кірегі ояу көпшілік жиі жиналатын рухани орталыққа айналған. Мекеме меңгерушісі Нұр­гүл Жауынбаеваның айтуынша, жыр дүлдүлінің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында «Ілияс­тану» сабақтары ұдайы ұйым­дастырылады екен. Дәрістер маз­мұнды, мағыналы өтуі үшін тартымды тақырыптар таң­далып алынады. Арнайы ғы­лыми-зерттеу жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді. Іргелі ізденістер арқасында І.Жан­сүгі­ровтің 10 томдық шығар­ма­лар жинағы жарыққа шыққан. Абыроймен жүзеге асқан басқа да баянды істер баршылық. Экспозициялық залдарға енген бойда поэзия Құлагерінің туып-өскен, ат жалын тартып, азамат атанған ортасы, өлең құрап, өнер қуған өндір шағы, қалам қуатымен қалың қа­заққа танылған тарлан кезі туралы шежіре шертетін құнды құжаттар, сирек суреттер, көр­некті жәдігерлер бізді бірден баурап әкетті. Асқар Алатаудың апайтөс құз-шыңдарынан арқырай құ­лаған ағынды Ақсу бойында атақ-даңқтары алысқа тараған небір жақсы-жайсаңдар өткен ғой. Ақынжанды Берсүгір атасының алдында отырып аңыз-ертегілерге, қисса-дастандарға қаршадайынан құлақ құрышын қандырған Ілияс сол дүлдүлдер мен бұлбұлдардың біразын жастайынан біліп өскен. Кейін шайырлық шабытының шал­қыған тұсында күйшілік дарынын «Қобызшы Молықбай шал Матайдағы, Матайда, Кенже, Тұңғат, Сақайдағы. Қазақта қобызшының қалғаны сол, Жорға еді, маймаңдаған бақайшағы», – деп дәріптеген дәулескер өнерпаз есімін қойыпты. Ауыл­дары аралас-құралас болған­дықтан қалың қазаққа қадірлі Сара Тастанбекқызының сал Бір­жанмен айтысын жатқа соққан. Сондай-ақ, Жетісуда өмір сүрген Қаблиса, Сүйінбай, Бақтыбай секілді сөз сүлейлерінің жырларымен сусындап, рухани нәр алған. Құйса толмайтын, төксе ортаймайтын байлығын меценаттық мақсаттарға бағыт­таған Маман-Тұрысбек тұқым­дары Уфадағы «Ғалия» медре­сесінің үлгісімен ашқан мектепте білім алып қана қоймай, сонда сабақ берген, қасиетті шаңыраққа арнайы шақырумен қалаулы қонақ болған Әсет, Майра сынды әйгілі тұлғалардың мәлике жүздерін көріп, мәнді әңгімесін тыңдаған. Оларға оң сапар тілеп, бірер шумақ өлең­мен інілік ілтипатын білдірген. Санкт-Петербургте университет тауысқан сарсүйек зиялы Барлыбек Сырттановтың әлдебір себептермен Қайнар мешітінде сақталып қалған кітаптарын оқып, ой-өрісін кеңейткен. Әу баста әркімге еліктеп-солық­таған жас талапкер бірте-бірте оң-солын айырып, адастырмас айқын жолын табады. Оған 1916 жылы қағазға түсірген мына бір жазбасы куә. «Көрген, оқыған әдебиетімнің бәрін Абай кітабы жоққа шығарғандай болды. Ойым ояна бастады. Қанбай қайта-қайта оқи беретін болдым. Жазуға талабым оянды». Ілекең сөйтіп ұлы ойшылдың ізіне ерген. Мұражайда мұқият хатталған деректер мен дәйектер еріксіз осындай ойларға жетелейді. Көз тоқтатып, көңіл толқытарлық тағы қандай дүниелер бар бұл жерде? Ақынның әкесі Жансүгір қолына қыран қондырған саятшы адам болған көрінеді. Сонымен қатар, қолөнермен айналысып, темірден түйін түйген, қайыстан қамшы өрген, етік тігіп, тон пішкен. Жарықтықтың көзіндей болып артында қалған қара балғасы, ат аяғына арналған өрме шідер, әйелдердің асыл тастармен апталған әшекей-үшекейлері және басқа бағалы бұйымдар көрермен көзайымына айналыпты. Ал енді аяңдап Жансүгіров отбасы күнделікті тұрмыста тұтын­ған заттарға келейік. Ал­дымен назар аудартқаны – Ілияс отау құрғанда әке-шешесі сыйға тартқан жез леген мен құмған. Жазушының жанына жары Фатиманы ертіп Мәскеуге барғандарында сатып алған сары самаурын, қызыл кілем де келмеске кеткен кешегі күндерді қайта еске салып тұрғандай. Қымбат қазынадай қызыға қарар ескі экспонаттар қатарына сондай-ақ қаламгердің тері сіңген былғары плащын, күміспен күптелген асатаяғын, жұмыс кабинетіндегі «Мерседес» жазу мәшеңкесін, қабырға сағатын, пайдаланған әдебиеттерін, қолжазбаларын жатқызуға болады. І.Жансүгіровтің ізбасар­лары­на арналған бөлім­дегі Жеті­судан түлеп ұшқан ақын-жазу­шылардың кітаптары арыдан жеткен алтын арқаудың үзіл­мейтінін аңғартқандай. Алайда, қабырғаға суреттері ілінген қаламгерлер ішінен қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Ақсуда туып-өскен ақтаңгер, ең бастысы Ілияс ағасы жайлы «Қазақтың маңдайына өлең бітсе, Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен» деп өшпес өлең жазған Тұрсынзада Есімжанов туралы мәліметтер кездестіре алма­ғанымыз өкінішті-ақ. ...Музейдегі «Құлагердің өлімі» атты диарама алдында ұза­ғырақ аялдап қалыппыз. Сана­мыз сан саққа жүгірді. Көсіле шапқан Құлагердің көмбеге жетпей құлауын бей­нелеген көрініс көңілді көш­кен елдің жұртындай құла­зытады. Ал Ақан Серідей Алаш ардағының жел жетпес жүйрігіне жауһар жырдан мәңгілік ескерткіш қойған ақын поэмасын оқығанда селдей шалқып-тасыған сезім шір­кіннің сені сеңгір биіктерге алып ұшары анық. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН Суреттер І.Жан­сү­гі­ров­тің әдеби музейінен алынды