• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
22 Ақпан, 2017

Абай шығармалары және адамгершілік тәрбие

1203 рет
көрсетілді

Рухани-адамгершілік тәрбие­­нің өзек­тілігі неде? Ел тәуел­сіздігін ал­­ғ­анға дейін біз ұлт ре­тінде ұрпақ тәр­­биелеу, ұлттық қасиетімізді дә­ріп­­теу, толық адам ретінде әлеу­мет­те­ну деген мәселелерді кең түрде тол­­ғап та, кең түрде халықтың са­на­­сына беріп те жарытпадық. Әри­не, өткенге топырақ шашпаймыз. Ол кездегі тәрбиенің де жақсы тұс­тары болғанын ешкім жоққа шы­ғар­майды. Рухани-адамгершілік тәр­биенің өзектілігі – ол барлық пән арқылы жеке тұлғаның адами қа­сиеттерді меңгеруін, ыстық қай­рат, нұрлы ақыл, жылы жүректе бо­луын талап ететін, адамның өзін өзі реттеуін жүзеге асыруын, әлеу­­меттенуін қамтамасыз ететін ұлт­тық құндылықтар арқылы ата-бабамыздың қанында бар қа­сиет­терді бойға сіңіруді көз­дей­тіндігінде. Өзек­тілігі – бұл тәр­бие­нің еш­уа­қытта қатып қал­ған қа­ғида­лар­ға сүйен­бей­­ті­ні, нә­ти­же­сі­нің бір­ден көзге көрін­­бей­тіндігі. Біз­дің ха­лық сөзге мән бер­ген, сөз­ге тоқ­та­ған, үлкенін құрмет тұт­­қан. Сол қа­сиет­терімізді мек­теп қа­быр­ға­сында бой­ға сіңі­ру жауапты да үл­кен мін­­дет болып саналады. Мен өзім қыз­­мет ететін мектептегі ру­­хани-адам­гершілік тәрбиенің ба­­ры­сына тоқталуды жөн көрдім. Ру­­хани-адамгершілік тәрбиенің мақ­­­­саты жалпыадамзаттық құн­ды­лық­­тармен, нормалармен және дәс­түр­­лермен үйлесетін моральдық қ­асиеттер мен көз­қарастар қа­лып­тас­тыру болып табылады. Осы мақсаттарды жүзеге асы­ру үшін «Өзін өзі тану» пәнінен бө­лек, қазақ тілі мен әдебиеті, та­рих пәндері арқылы да ұлттық құн­ды­лықтарды пай­далана отырып, ру­хани-адам­гершілік тәрбие бе­ру­ге болады. Қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасында ұлы Абай шы­ғар­ма­лары бірнеше сағатқа бе­ріл­ген. Абай шығармаларын тәр­бие тұ­жы­­­р­ымдамасына кіріктіру ру­хани-адам­­гершілік тәрбиенің қай­нар көзі бо­л­­ары сөзсіз. Осы ба­ғыт­ты жүзеге асы­­ру мақсатында «Ақыл, қайрат, жү­ректі бірдей ұс­та, Сонда толық бо­ласың елден бө­лек» атты Абай шы­ғармаларына не­гіз­­делген тәрбие бағ­дарламасын құ­рас­тырдым. Тәр­биенің тұ­жы­рым­дамалық негіздеріне сүйен­ген бұл бағдарлама Абай шығармалары ар­қылы жеке тұлғаның нағыз адам бо­луын, ізгі қасиеттерді ұлттық тұр­ғыда меңгеруін, ар-ожданды сақ­тап, адамдарға риясыз қызмет ету, мінез-құлықты жетілдіру сияқ­ты мін­деттерді көздейді. Абай сөз­­дері адам­зат тарихында ес­кір­мей­тін, мәнін жоймайтын сөз­дер бол­ған­дықтан, оның ұрпақ тәр­биелеуде ат­қарар рөлі де орасан зор. Мысалы, Абай «Ойға түстім, толғандым Өз мінімді қолға алдым», – дейді. Осы өлең жолдарының жас ұр­пақ­қа берер өнегесі – адам бала­сы­­ның өз мінез-құлқын көре білу қа­­білетімен, жеке тұлға ретінде та­н­ы­лу қасиетінде. Адам – осындай ерек­шелігімен де адам. Абай 18-қарасөзінде «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғы­лым, ар, мінез деген нәрсе­лермен оз­бақ», – дейді. Жас ұрпаққа осы сөз­дің мағынасының өзі өнеге. Сөз ар­қылы жас ұрпақ санасына сілкініс жасау, ойландыру мектепте жұмыс істейтін әр мұғалім парызы болса керек. Оқушыға қазақтың ұлт ре­тін­дегі бейнесі қандай болуы ке­рек екенін ұғындырып, адами қасиетке жат қылықтар жөнінде Абай болып ой тастау, әрине, сөзге тоқтайтын әрбір қазақ баласына әсер етері сөз­сіз. Мәңгілік Ел азаматы болуға ұм­тылған қа­зақ баласының бойында ата-бабамыздан келе жатқан қай­сар­­лық, уәдеге беріктік, бұзылмас дін мен діл әбден керек-ақ. Мәң­гі­­лік ел идеясын, әсіресе, әдебиет са­­бақтарында көбірек айтуымыз қа­­жет. Өйткені, біріншіден, әде­биет – ардың ісі, екіншіден, адамға жақ­­­сы мен жаманды, ұлттық рух­ты сі­ңір­тетін осы пән. Рухани-адам­гер­ші­лік тәрбие арқылы Мәңгілік Ел идея­сын ұғындыру мектептерден бас­тау алуы тиіс, сондықтан Абай шығармаларын тәрбиеде пайдалану тиімді нәтиже береді деп ойлаймын. Тағы бір мысал, азаматтық-па­т­­риоттық, құқықтық тәрбиені тек сынып сағаттары арқылы беру сы­ңар­жақтық болар еді. Ұлтына адал қыз­мет етіп, ақыл, қайрат, жүректі бір­дей ұстануға өсиет айтқан Абай­дай тұлғаның сөзі өміріміздің шам­шы­рағына айналуы тиіс. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының басты мақ­с­аты – отанын сүйетін жеке тұлға тәр­биелеу. Мектеп қабырғасында жүр­ген оқушы келешекте өз елінің бір «кетігін тауып қалануы тиіс». Жет­кін­шекті осы бағыт­та тәрбиелеу үшін мектептегі түр­лі шаралармен қа­тар, қазақы қа­сиетімізді, асыл сөз­дің құдіретін де оқушыларға жеткізе білу шарт. Жас ұрпаққа әлеуметтік бағ­дар беру – үлкен жауапты іс. Оқушыға Абай сөздері әсер етуі үшін мектепте пікірталас, топтық жұмыстар, әдеби кештер, тренингтер, кездесулер өткізу орынды болмақ. «Өзің үшін еңбек қылсаң өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың», деп Абай айтқандай, на­ғыз адами құндылықтарды меңгер­ген жасөспірімнің Мәңгілік Ел­дің азаматы болып шығары сөзсіз. Мірболат МЫРЗАҒАЛИЕВ, А.Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы Суретті түсірген Ерлан Омаров, "Егемен Қазақстан"