Астана қаласындағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі мен «Адам құқығы үшін хартиясы» қоғамдық қоры қолдауымен және Конституциялық Кеңестің қатысуымен «Конституциялық реформа – мемлекеттік басқарудың қазіргі заманға сай және тиімді жүйесін құрудың негізі» атты тақырыпта дөңгелек үстел отырысы өтті.
Оған мемлекеттік билік тармақтарының арасындағы өкілеттіліктерді үйлестіру мәселелері бойынша жұмыс тобының мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Парламенттің, Үкіметтің, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің қызметкерлері, сонымен қатар үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері мен ғалым-заңгерлер қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысын «Адам құқығы үшін хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ж.Тұрмағамбетова ашты. Бұдан кейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Т.Донақов, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.Рогов, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Ж.Асанов және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалары кеңсесінің басшысы Дьердь Сабо сөз сөйледі.
Отырыста «Қазақстан Республикасының Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы: адам құқығы мен бостандығын қорғау тетігін күшейту; Парламент пен оның палаталарының рөлдерін арттыру; Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір өкілеттіктерін Үкімет пен Парламент арасында үйлестіру; сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негізін анықтау; жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару органдары өзара іс-әрекеттерінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіру; конституциялық құрылысты қорғау тетіктерін ұлғайту сияқты мәселелерге қатысты талқылау болды.
Осыған орай Парламент Мәжілісінің заң шығару және сот-құқықтық реформасы бойынша комитетінің төрағасы Н.Әбдіровтің, Әділет министрінің орынбасары Ә.Әзімовтің, сонымен қатар үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Шараға қатысушылар дөңгелек үстелдің жұмысына жоғары баға беріп, еліміздің Негізгі Заңының басымдығын қамтамасыз ету, жаһандық сын-қатерлер шеңберінде оны әрі қарай жетілдіру мен еліміздегі демократиялық үдерістердің даму деңгейі мемлекет пен қоғамның үдемелі және тұрақты өсіп-өркендеуінің басты шарты болып табылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау бірлестіктерінің, ғалым-сарапшылардың және қоғамдық көпшіліктің конституциялық институттар жөніндегі жұмыстары билікті бөлу қағидаларын, Негізгі заңның өзгермейтін тірегі – унитарлылығын, республиканың аймақтық тұтастығын, оны басқару түрлері мен мемлекеттің тәуелсіздігін сақтайтын жүйелерін ескере отырып, конституциялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құқықтық тетіктерін жетілдіруге бағытталуы тиістігі айтылды. Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар мен өтініштер әзірленді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»