Қазақия десе, біз осы топырақтағы тарихи-мәдени көне шаһарлар мен қорықтарды, кесенелер мен мазарларды, әртүрлі ескі заман ескерткіштерін еске түсіреміз. Солардың жуан ортасында Көне Отырар, Түркістан, Сайрам, Тараз, Қарнақ, Сығанақ, Бекет ата, Айша бибі, Қарахан, Баба Түкті шашты Әзиз, Оқшы Ата, Бестам, Көккесене, т.б. секілді тарихи жәдігерлерді елестетеміз.
Қазақия десе, бүгінгі әсем қалалар: Алматы, Астана, Тараз, Ақтау, Қарағанды, т.б. көз алдымызға келіп тұра қалады. Бұл қалалардағы жекелеген әсем ғимараттар мен көрікті көшелер, жаңа ескерткіштер мен жайлы қонақ үйлер тағы да ойыңды бөле береді, санаңа сәуле құяды.
Қазақия десе, ұлтымыздың дипломатиясының көш басында тұратын, білгір де көреген қолбасшы, елдіктің іргетасын бекітуге ерен еңбек сіңірген атышулы хан – Абылай, еуропалық мәдениет пен ұлттық дәстүрді қатар еншілеген ғалым-этнограф, саяхатшы Ш.Уәлиханов, ұлтымыздың тұңғыш білімді ұстаз-оқытушы, ағартушы, қаламгері Ы.Алтынсарин, қазақ поэзиясының қара нары, ұлттың ар-ұятына айналған Абай көз алдымызға келіп тұра қалмас па!
Қазақия десе, осы елдің әдебиет-мәдениет һәм спорт саласында ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп, ХХ ғасырда әлемді таң қалдырған алдыңғы қатарлы ұл-қыздарын ойлайсыз. Заңғар жазушы М.Әуезовті, үлкен ғалым Қ. Сәтбаевты, жезтаңдай әншілер К. Байсейітованы, Ә.Қашаубаевты, атақты балуан Қ.Мұңайтпасовты, тарихшы-ғалым Ә.Марғұланды, т.б. есімін құрметпен ауызға алғың келіп тұрады.
Қазақия десе, ХХ ғасыр ішінде тұлғаланып көрінген мемлекетшіл-ұлтшыл азаматтар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М. Шоқай, Н.Төреқұлов, С.Меңдешев, М.Тынышбаев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Н.Оңдасынов, Ж. Шаяхметов, Д.Қонаев, І.Омаров, Ж.Тәшенов, Ө. Жәнібеков, т.б. есімі ойыңды бөле береді.
Қазақия десе, өз тәуелсіздігіне қол жеткізіп, оны баянды ету жолында аянбай тер төгіп келе жатқан, осынау бұралаңды жолдың ыстығы мен суығына тоңып та, күйіп те көріп, бірақ жасымаған, әлі де туған халқын жаңа биіктерге бар ынта-ықыласымен бастай беруге бейілді басшы Н.Назарбаев бастаған бүгінгі күннің көптеген қоғам, мемлекет қайраткерлері тіл ұшында тұрады.
***
Біз, міне, биылғы жылы өз тәуелсіздігіміздің жиырма жылдық белесіне шыққанымызды марқая айтып, мақтана тойлау үстіндеміз. Әр күні айға, әр айы жылға бергісіз осы жиырма жыл – Қазақ елі үшін жай ғана дата ма? Әлбетте, жоқ. Бұл қысқа кезеңде біздің халық қиындықты да, таршылықты да көре отырып, сара бағыт, сәтті істің арқасында қиын өткелден аман-есен, еш шығынсыз, қан-төгіссіз өте алды. Бұл – жетістік! Бұл – қуана айтарлық жақсы қадам!
Дүние жүзіндегі мойны озық, тәжірибесі мол, көргені көп талай-талай елдер жас, тәуелсіз Қазақстанға күдікпен, тіпті сенімсіздікпен қарағаны да өтірік емес. Осы жылдар ішінде ел ішіндегі қиыншылықтарды сылтау етіп, ұрыс-жанжал өрті тұтанып кетуі де ықтимал еді. Қантөгіс те аяқ астынан басталып кетуі мүмкін болатын. Тіпті, ашығын айтқанда, кейбір жымысқы ойлы «саясаткерлер» солай ойлап, ел арасына іріткі түскенін де іштей қалағаны жасырын емес.
Біздің бұлай батыл сөйлеуіміздің шын сыры мен бет-бейнесі мынада: тоқсаныншы жылдары ел ішінде анау айтқан жақсы жағдай қалыптаса қоймады, елде азық-түлік тапшылығы байқалды, ет-шұжық, май өнімдері дүкендерден көрінбей кетті, тіпті қарапайым сабынның өзі көзден бұлбұл ұшты, құны қанша болса да, сабын көрсе сатып алуға бейілді болды жұрт...
Біздің бұл саланы түбірлей жазуымыздың тағы бір ішкі себебі – сондай қиын күндерде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші, өз ішімізден де әртүрлі әңгіме-өсекке ерік беріп, ел арасына іріткі жүгіртушілер де табылып қалып жатты.
Біздің қинала сөз сабақтап отыруымыздың сосынғы бір сыры мынада: сол тұста әр-әр жерден бас көтеріп, ұлтаралық араздық алауын тұтатуға бейіл жандар байқалды, өздерін «оппозиция өкілдеріміз» деп алып, елге теріс үгіт жүргізушілер де бой көрсетті, халық шын жанашыр кім екенін түсіне алмай, дағдарып қалған шақтар да көз алдымызда...
Қарапайым азаматтар арасында рухани күйзеліске тап болып, болашаққа сенімнен гөрі күдікпен қараушылар да табылып қалып жатты. Олар Қазақ елінің өз бетінше бейтарап, тәуелсіз, еркін өмір сүріп кетіп, жаңа заман тудыра алатынына, жаңа жетістіктерге жете білеріне көбіне күдіктене көз тікті. Бұл, расымен-ақ, қиын жылдар болды. Сол шақта ел басқару, ел тізгінін қолға ұстау, сөйтіп барша қиыншылықтарды жеңуге білек сыбана кірісу – кез келген азаматтың қолынан келе бермес батыл шаруа екені айтпаса да түсінікті.
Еліміз 1991 жылдан бастап өзінің жаңа жолын – сара жолын таңдап қана қойған жоқ, сол жолмен қалай қадам басып, қалай биікке көтерілуге болатынын да алдын-ала болжады. Өзіңіз-ақ ойлаңызшы, сол жылдардағы әртүрлі экономикалық һәм саяси шешімдерді қабылдаудың астарында қаншалық тартысты ойлар мен тайталас пікірлер бүркемеленіп жатыр еді.
Басты бағыт – ел әл-ауқатын көтеру, зейнетақыны уақтылы беру, айлық жалақы көлемін көтеру, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қолдау көрсету, зауыт-фабрика мен ірі кәсіпорындардағы жұмысшыларға жағдай жасау – міне, осылай тармақталып кете беретін-ді. Ал осы айтқан салалардың әрқайсысы өзінше өзекті мәселе һәм күрмеуі қиын жауапты істер болатын.
Содан да болар, Елбасы Н.Назарбаев өзінің жыл сайынғы кезекті жолдауларында осы салаларды жіліктеп талдап, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып отырды.
Айта кету керек, Президент жолдауларының ішіндегі ерекшесі – 2030 жылдарға дейінгі кешенді бағдарлама еді. Міне, осы жолдауда біздің еліміздің негізгі жолы мен барар бағыты һәм жетер биігі тайға таңба басқандай айтылып өтті, өз көрінісін молынан тапты.
Елбасы жолдаулары әр жылдарда ауылды өркендетуге, тарихты тірілтуге һәм әлеуметтік саланы көтеруге, т.б. салаларға бағытталып отырды. Әрбір жылдардың өткен жиырма жыл ішіндегі өсу жолдарына тигізген ықпалы мен белестерге көтерілуге мұрындық болғаны айтпаса да түсінікті ақиқат.
***
Қазақ елін бұл күнде әлем жұртшылығы танып қана қойған жоқ, тіпті бұл елге қызыға да, құмарта да қараушы елдер табылып жатқаны рас. Бұл, әрине, ең алдымен елдегі саяси тұрақтылық пен экономикалық қарышты өсу бағытымыздың айшықты көрінісі екені даусыз.
Ұлтымызды ұлағаттап, әлемге таныстыруда әртүрлі саяси, экономикалық һәм діни басқосулар мен конференциялардың да рөлі басым болды. Ондай толыққанды іс-шаралар шеңберінде біздің ауызбірлігіміз, бірсөзділігіміз бен татулығымыз тағы да сырт елден келушілерді таң қалдырды.
Ең үлкен форум – 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете отырып, сол ұйымның кезекті саммитінің біздің елде, оның ішінде Астанада өтуі болды. ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті екі күнге созылса, сол екі күнде әлем назары біздің Қазақияға ауды. Бүкіл ақпарат құралдары Қазақия топырағынан барша әлемге шұғыл хабарлар таратып жатты.
Қазақстан биыл Ислам Ұйымы конференциясына төрағалық етеді. Дүниежүзіндегі 57 мемлекет мүше болып саналатын бұл Ұйым жұмысы кезінде де еліміз әлем назарына ілігетіні анық десек, осы күндердің өзінде-ақ интернет арқылы Қазақ елінен әртүрлі жағымды хабарларды көптеп оқуға болады.
Соның бір парасы мынаған саяды: Қазақстан тұрақтылық пен татулық берік орын алған бірлігі күшті ел, бұл елде өткен жиырма жыл ішінде экономикалық, саяси һәм мәдени өрлеу орын алды, халықтың әл-ауқаты артып, тұрмыс деңгейі жақсарды, зейнетақы тұрақты беріліп тұрады және жылма-жыл оның көлемі өсіп келеді, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына өкімет тарапынан қолғабыс көрсетілуде.
Тағы бір сала мынадай: Қазақ елі өзінің болашағын алғыр жас кадрлармен байланыстырып, білімді де білікті жастарға үлкен үміт артып отыр, осы күнге дейін шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен әлденеше жүздеген жастар оқып, өз еліне қайта оралды. Олардың алдыңғы толқыны қазірдің өзінде билік бұтақтарынан өз орнын тауып, оң істерімен мейлінше көзге түсе қызмет ете бастады.
Сосынғы бір сала мынау: Елбасы осы күні әдебиет пен мәдениет һәм спорт саласына да барынша көңіл аударуда. Шығармашылық жастарға жыл сайын шәкіртақы тағайындалады, спортшыларға тиісті көмек көрсетіледі.
Сөз ретіне қарай айта кетуге болады, Қазақ елінің Президенті өнерге жақын адам, ол өзі де өлең жазады, содан да болар, Елбасы өз халқынан шыққан ең талантты һәм ойлы қаламгер қауыммен бір емес, бірнеше рет кездесіп, ой-пікір алмасты. Соның алғашқыларының бірі – 1993 жылы болды, ол кезде қазақ әдебиетінің көптеген абыз-ақсақалдары тірі еді, солармен ой бөлісті.
Елбасының ерекше қадап айтар тағы бір қасиеті – жазушылармен тек сөйлесіп қана қоймайды, олармен хат та жазысып отырады, бұл көңілге қуаныш ұялатар ізгі қасиет емес пе!
***
Кезектен тыс Президент сайлауының алғашқы қорытындыларына көз жүгіртер болсақ, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе, Қызылорда облысындағы сайлаушылардың ұйымшылдығы мен белсенділігі байқалды. Бұл көрсеткіш әсіресе халқы тығыз орналасқан аудандарда, ауылдарда барынша айшықтала көрінгенін айтуға тиіспіз. Мысалы, Алматы облысының Панфилов, Ұйғыр аудандарында, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Созақ ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында, Қарағанды облысындағы Нұра, Жаңарқа аудандарында, т. б. елді мекендерде сайлаушылардың 99 пайыздан астамы дауыс беруге белсене қатысса, Қазақстанның көптеген селолары мен ауылдарында сайлаушылардың бұл додаға 100 пайыз қатысуы көрініс беріп, оң нәтижелі болды.
***
Алдымызда қандай асулар күтіп тұр?
Ең алдымен 2020 жылға дейін ел экономикасы барынша өсіп, халықтың тұрмысы бұдан да жақсара түспек. Базар нарығы мен айлық жалақының тепе-теңдігі орын алып жатса, бұл үлкен жетістік болмақ!
Қай мемлекеттің болсын ең үлкен байлығы – адам! Халқының саны өскен елдің бағы да өсе түспек. Әрине, әлемде аз ғана саны бар елдер де өзінің өркениеттегі орнын іздеп, шарқ ұрып отырғанын білеміз. Бірақ, аздың аты – аз, көптің аты – көп. Осы орайда мемлекетіміз өзінің алдына ұлт санын өсіруді де үлкен мақсат етіп қойды. 2020 жылдары қазақ халқының саны 20 млн болып жатса, бұл тек қолдауды қажет ететін үрдіс болмақ.
Мемлекет бар жерде билік бұтақтарымен бірге оппозициялық бағыт ұстанған топтар да болатыны даусыз ақиқат. Әрине, ашығын айту керек, билікте отырғандар да барлық уақытта тек дұрыс жолды таңдап, ешқашан қателеспейді десек, бұл артық сөз. Елдегі әртүрлі саяси-экономикалық жағдайларға байланысты кейде асығыс шешімдер де қабылданып кетіп жатуы әбден мүмкін. Алайда, оны өз халқын сүймегендіктен һәм жаны ашымағандықтан істелген іс деп біржақты баға бере салсақ – бұл да артық пікір! Демек, ел бар жерде пікір алуандығы мен ой тайталасы қатар жүре береді. Бұл ретте оппозициялық бағыт ұстанғандарды да жерден алып, жерден салу орынсыз болмақ. Олар да өз көзқарасын білдіріп отырғаны дұрыс-ақ. Әйткенмен, еркіндіктің жолы осы екен деп аузына не түссе соны айтып, тіпті арға тиетін әңгімеге ерік берсе – бұл мәдениетсіздік!
Иә, елге ең алдымен, бес саусақтай біріккен бірлік керек! Ал бірлік үшін – тамырлы татулық қажет. Соның бәріне ие болып, жұртшылықты бұлжымас сара жолға бастау үшін көреген басшы керек! Ондай басшыны ел өзі таңдады.
Жолтай ЖҰМАТ, жазушы.