• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
24 Ақпан, 2017

Салық ала білу үшін оны дұрыс сала білу керек

452 рет
көрсетілді

Кез келген мемлекет үшін салық саясатының маңызы зор. Өйт­кені, осы арқылы мемлекет өз қызметін жүзеге асырады. Халыққа қажетті мәселелерді шешіп, тұрмыс-тіршіліктің дамуына ықпал етеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды ретке келтіріп, қоғамдық тәртіп пен қатынасты қамтамасыз етеді. Қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына көмек көрсетеді. Салық жеңілдіктерін ұсыну – кәсіпкерлікті ынталандырудың, оны белгілі бір мақсатқа жұмылдырудың тиімді құралдарының бірі. Сондықтан, кез келген мемлекет уақыт қоятын талаптарға сәйкес өзінің салық саясатына тиісті өзгерістер жасайды. Дәл қазіргі уақыттары біздің еліміз үшін де жаңа салық саясатын белгілеудің мерзімі пісіп-жетілген секілді. Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл мәселе жөнінде де едәуір сөз болды. Үкіметтің жүргізіп келе жатқан салық саясатындағы кемшіліктерді Елбасының өзі ашып көрсетті. Президент кәсіпкерлікті дамытудың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне қазіргі қолданыстағы Салық кодексінің кедергі жасап отырғандығын айтты. Мысалы, қосымша құн салығы бойынша салық төлеуші аталмыш кодекстің 82 бабын білуі керек екен. Өз кезегінде бұл баптардың 268 сілтемесі бар. Ал олардың 206-сының басқа заңдарға сілтемесі және бар. Осыған орай Елбасы Үкіметке Салық кодексін қайта қарап шығуды тапсырды. Басты талап – оның барынша түсінікті болуы. Сондықтан Салық кодексін оңтайлы етіп қайта жасап шығу керек. Расында да, қазіргі қолданыстағы Салық кодексінің күрделілігі ең алдымен біздің кәсіпкерлік ортамызда сөз болып келе жатқан мәселелердің бірі. Осыған орай «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жөнінде арнайы басқосу өткізіп, жаңа салық кодексін әзірлеу жөнінде бастама көтерген болатын. Сөйтіп, жаңа салық кодексіне қажетті ұсыныстар әзірлеу үшін арнайы сарапшылар тобы белгіленді. Осындай жиындағы сөзінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов Үкіметтің қолдауымен, кәсіпкерлердің қатысуымен еліміздің жаңа салық саясатын белгілеу ісіне үлес қосудың мұндай мүмкіндігі өздеріне бірінші рет беріліп отырғандығын атап көрсетті. Біздегі қазіргі қолданыстағы Салық кодексі несімен күрделі? Сара­пшы­лардың айтуынша, қазіргі күні Қазақ­станда салықтың 13 түрі бар. Бұған 16 түрлі төлемді қосыңыз. Мұның сыр­тын­да бюджеттен тыс тағы да 7 төлем түрі бар. Бәрін қосқанда 36 түрлі салықтар мен міндетті төлемдер пайда болады. «Бұдан біз салық заңдылықтарының шектен тыс күрделене түскендігін көріп отырмыз. Тіпті 2001 жылы әзірленген Салық кодексінің көлемі осындай күрделендіру салдарынан үш есе ұлғая түскен», деп мәлімдеді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қамқоршылық кеңесінің басшысы Рақым Ошақбаев журналистер үшін өткізілген баспасөз мәслихатында. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сарапшы экономистердің бұл бастамасы қоғамнан қолдау тауып отыр деуге болады. Мәсе­лен, жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тіктердің бірінде бухгалтер қызметін атқаратын Бақтина Бисекеева «Мен бұл бастаманы барынша қолдаймын. Бұл біз үшін қазір өткір мәселеге айналып отыр. Бір салықтың есебін табу үшін бүкіл Салық кодексін ақтарып шығуға тура келеді. Оны ақтарып отырғанда, тіпті өзіңнің іздеген дүниеңнен де жаңылып қаласың. Әрбір салықты ешқандай қосымша түсіндірмейсіз, қайдағы бір сілтемелерсіз заңда нақты жазу керек, оның есептеу тәсілін және кімнің төлейтіндігін, қандай декларацияны толтыру керектігін және оны жөнелту уақытын нақты көрсету керек», дейді. Біз жоғарыда мемлекет пен қоғам үшін салықтың қаншалықты маңызды рөлге ие екендігін баяндадық. Олай болса, сол салықты кәсіпкерлер және жеке тұлғалар үшін түсінікті етіп дұрыс белгілеу – мемлекеттік орган­дар­дың маңызды міндеті. Елдің салық төлеу жүйесі мейлінше оңтайлы бол­са, бұл кәсіпкерлік қозғалыстың дамуы­на үлкен үлес қосып қана қоймай, олар­дың өздеріне тиесілі салықтар мен төлем­дерді уақытымен төлеуіне қыз­мет етеді. Сондай-ақ, көлеңкелі биз­нес пен жемқорлықтың алдын алуға жәрдемдеседі. Мәселен, посткеңестік елдер ішінде жемқорлықтың жолы кесілді деп есептелінетін Грузияда барлығы 7 түрлі салық қана бар екен. Осы жағдайдың өзі көпшілікке, әсіресе, еліміздің салық жинау ісімен айналысатын басты органы – Қаржы министрлігіндегілерге ой салуы тиіс.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»