• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Сәуір, 2011

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы № 118

518 рет
көрсетілді

2011 жылғы 10 ақпан, Астана, Үкімет үйі Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының сараптамасын жүзеге асыру қағидасын бекіту туралы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабының 35) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республика­сының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобалары­ның сараптамасын жүзеге асыру қағидасы бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі    К. МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2011 жылғы 10 ақпандағы  № 118 қаулысымен бекітілген Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының  сараптамасын жүзеге асыру қағидасы 1. Жалпы ережелер 1. Осы Қағида «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Рес­публикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының (бұдан әрі – Заң) 16-бабының 35) тармақшасына сәйкес әзірленді және жер қой­науын пайдала­нуға арналған келісімшарт жобасына экономикалық, эко­логия­лық және құқық­тық сараптама жүргізудің тәртібін белгілейді. 2. Осы Қағидада мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады: 1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы – жер қойнауын пайдалану жөніндегі опера­циялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган немесе облыстың, республи­калық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы шарттың жобасы; 2) құзыретті орган – егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзгеше белгіленбесе, кең таралған пайдалы қазба­ларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспа­ғанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жаса­суға және орындауға бай­ланысты құқықтарды Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орталық атқарушы орган; 3) құқықтық сараптама – келісімшарт жоба­сының құрылымы мен мазмұнының Қазақ­стан Республикасының Үкіметі бекіткен модельдік келісімшартқа және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін тексеру мақсатында жүзеге асырылатын талдау және бағалау; 4) экономикалық сараптама – келісімшарт талаптарының конкурста жеңіске жетуге негіз болған конкурстық ұсынысқа немесе тікелей келіссөздер талаптарына сәйкестілігін тексеру мақсатында жүзеге асырылатын талдау және бағалау, жер қойнауын пайдалануға жасалатын келісім­шарттың экономи­калық тиімділігі мен орындылығын, жер қойнауын пайдала­нушының кен орындарын игеру кезінде бекітілген жобалау құжаттарына жоспарланатын салымдар мен шығындардың негізділігін, жобаны жүзеге асыру­дың әлеуметтік маңыз­дылығын талдау және бағалау; 5) экологиялық сараптама – көзделіп отырған шаруа­шылық және өзге де қызметтің қоршаған орта сапасының нормативтері мен экологиялық талаптарына сәйкестігін белгілеу, сондай-ақ осы қызметтің қоршаған ортаға тигізуі мүмкін қолайсыз әсерінің және солармен байланысты әлеуметтік зардаптардың алдын алу мақсатында экологиялық сараптама объектісін іске асыруға жол берілуін айқындау; 6) жұмыс тобы – келісімшарттар жобаларының шарт­тарын қарау және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу бойынша ережелері мен құрамын мемлекеттік органдар ұсынған ұсыныстар мен кандидатулар негізінде құзыретті орган бекітетін жұмыс тобы. Осы Қағидада қолданылатын өзге де терминдер мен анықта­малар Заңда қолданылатын терминдер мен анық­тамаларға сәйкес келеді. 3. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына экономикалық сараптаманы экономикалық даму және сауда саласындағы уәкі­летті орган, ал кең таралған пайдалы қаз­балар бойынша облыстың, республикалық ма­ңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқа­рушы органы­ның тиісті бөлімшесі жүргізеді. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жоба­сына экологиялық сараптаманы қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы уәкілетті орган, ал кең таралған пайдалы қазба­лар бойын­ша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкі­летті органның аумақтық бөлімшесі жүргізеді. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жо­басына құқықтық сараптаманы мемле­кет­тің қызметін құ­қықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті орган, ал кең таралған пайдалы қазбалар бойынша мемлекет­тің қызме­тін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органның аумақтық органы жүргізеді. 4. Экономикалық, экологиялық, құқықтық сараптамалар келісімшарт жобасы ережелерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талап­тарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізі­леді. Эконо­микалық және экологиялық сараптамалар жер қойнауын пайдалануға арналған келісім­шарттың қолданысы үдерісінде тиісінше елдің ұлттық, экономикалық және экологиялық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету перспективаларына қатыс­ты қорытындыларды қамтуға тиіс. 5. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт­тардың жобаларына экономикалық, құқықтық сараптамалар құжаттардың толық пакеті түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады. Жер қойнауын пайда­лануға арналған келісімшарттар жобаларына экологиялық сараптама жүргізу мерзімі құжат­тардың толық пакеті түскен күннен бастап үш айдан аспауға тиіс. 6. Сараптама нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол теріс немесе оң болуы мүмкін. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім­шартты жасасуға үміткер тұлға мемлекеттік органның сараптамалық қорытындыда жазған ескертулерін жою мақсатында келісімшарт жобасын пысықтайды. Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда мемлекеттік орган қайта сараптама жүргізеді. Мемлекеттік қайталама сараптама жобалау және өзге де құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін өзгерістер енгізілген жағдайларда да жүргізіледі. 7. Құқықтық және (немесе) экономикалық сараптаманың ескертулерімен келіспеген жағ­дайда жер қойнауын пайдала­нуға арналған келісімшартты жасасуға үміткер тұлға өзінің дәлелді қарсылықтарын Заңның 62-бабына сәйкес құзыретті органға немесе облыстың, рес­публикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына оларды келісім комиссиясында қарау үшін жіберуге құқылы. 8. Құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ұсынылған қарсы­лықтарды қарау үшін қарсылықтар түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде келісім комис­сиясын құрады. Келісім комиссиясының құра­мына құзыретті орган­ның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының, ескертулерді ұсынған мемлекеттік органның және келісімшарт жасауға үміткер тұлғаның өкілдері кіреді. Келісім комиссиясы оты­рыс нәтижелері бойынша хаттамада көрсетілетін ұсыным­дарды әзірлейді. Келісім комиссиясының ұсынымдарын ескере отырып, келісімшартты қайта сарап­тамаға жібереді. 2. Келісімшарттар жобаларына экономикалық сараптама жүргізу тәртібі 9. Пайдалы қазбалардың бекітілмеген қоры бар кен орындары бойынша барлау, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру бойынша жұмыс­тар жүргізуге келісімшарт жобасына экономи­калық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган экономикалық даму және сауда саласындағы уәкілетті ор­ганға, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, аста­наның жергілікті атқарушы органы облыстың, респуб­ликалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқа­рушы органының тиісті бөлімшесіне мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады: 1) тұлғаны конкурс жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екенін көрсететін құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы ор­ганы­ның ілеспе хаты; 2) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы; 3) келісімшарт жобасы; 4) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың құзыретті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы куәландырған көшірмесі немесе тікелей келіс­сөздер хаттамасының көшірмесі; 5) геологиялық және/немесе тау-кендік бөлу; 6) геологиялық ақпаратты сатып алу кезінде құпиялылық туралы келісімнің тарихи шығын­дар сомасының есебі қоса берілген көшірмесі; 7) жұмыс бағдарламасының жобасы. 10. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша бірлескен барлауға және өндіруге, сон­дай-ақ өндіруге келісімшарт жоба­сына экономикалық сараптама жүргізу үшін Қағи­даның 9-тармағында аталған құжаттардан басқа: 1) тау-кендік бөлу; 2) Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның сараптамалық қорытындысы беріледі. 11. Жер қойнауы учаскелері, сондай-ақ пай­далы қазба­лардың бекітілмеген қоры бар кен орындары бойынша барлау жөніндегі жұмыстар жүргізуге, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар жобаларына экономикалық сараптама: 1) келісімшарт жобасы ережелерінің Қазақстан Республикасының экономика және қаржы саласындағы заңнама талаптарына сәй­кестігін тексеруді; 2) келісімшарт талаптарының жұмыс бағдарламасының жобасына, конкурста жеңіске жетуге негіз болған конкурстық ұсынысқа немесе тікелей келіссөздердің шарттарына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жоба­ларының шарттарын талқылау бойынша жұмыс тобы отыры­сының қорытындысына сәйкестігін бағалауды; 3) бекітілген жобалау құжаттарына келісімшарт жоба­сында болжанатын жұмыс көлемі мен тиісті шығындардың экономикалық дәйектілігін бағалауды; 4) жобаны іске асырудың әлеуметтік маңыздылығын бағалауды қамтиды. 12. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орын­дары бойынша өндіру және бірлескен барлау мен өндіруге арналған, өндіру сатысына көшуді көздейтін келісімшарт жобаларының экономикалық сараптамасы 11-тармақта көздел­ген талаптардан басқа мыналарды қамтиды: 1) жобаны экономикалық бағалау (қолданы­латын техно­логияны ескере отырып, жоспарла­натын табыстар мен шығындарда жобаны іске асырудың экономикалық мақсатқа сай болуы және жобаны іске асырудың әлеуметтік маңызы); 2) жобаның қаржылық көрсеткіштерін (ақша қаражаты ағынын, ағымдағы таза құнын, пайда­ның ішкі нормасын, өтелу мерзімін) бағалау; 3) жобаның бюджеттік тиімділігін бағалау. 13. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісім­шарт­тардың жобаларына экономикалық сараптама жүргізу бары­сында экономикалық даму және сауда саласындағы уәкілетті орган немесе облыстың, республикалық маңызы бар қа­ланың, астананың жергілікті атқарушы органы­ның тиісті бөлім­шесі құзыретті органнан немесе облыстың, респуб­ликалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқа­рушы органынан қажет болғанда келісімшарт жобасын іске асыру мәселелері бойынша сараптаманы сапалы жүргі­зуге қажетті қосымша деректер сұрайды. 14. Экономикалық сараптама жүргізу нәти­желері қоры­тынды түрінде ресімделеді. 15. Келісімшарт жобасының қорытындысы мыналарды қамтуға тиіс: 1) жоба параметрлерінің қысқаша сипат­тамасы (жер қойнауын пайдаланушы, келісім­шарттық аумақ, жер қой­науын пайдалану жөнін­дегі жүргізілетін операциялардың түр­лері, келісімшарт жасасу үшін негіздемелер, күрделі шы­ғындардың жоспарланған көлемі, болжана­тын жобалық қуат туралы мәліметтер); 2) ұсынылған құжаттар тізбесі; 3) осы Қағидаға сәйкес келісімшарт ережелеріне жүр­гізілген талдау мен бағалаудың қысқаша нәтижелері; 4) тұжырымдар, ескертулер мен ұсынымдар. 16. Сараптамалық қорытынды мынадай тұжы­рымдардың бірін қамтуға тиіс: 1) қарау нәтижесінде жоба бойынша бол­жанатын шы­ғындар көлемінің негізділігі, оның параметрлерінің кон­курстық ұсынысқа (тікелей келіссөздер хаттамасына) және Қазақстан Рес­публикасының заңнамасы талаптарына сәй­кес­тігі расталғандықтан, оң бағаланған жер қой­науын пайда­лануға келісімшарт жобасын келісу; 2) қарау нәтижесі бойынша теріс қорытын­дының берілуі себепті жер қойнауын пайда­лануға арналған келісімшарт жо­басын келісуден бас тарту. Сараптамада болжанатын шығын­дардың айтарлықтай ауытқулары (көтерілуі немесе төмен­деуі), техни­калық параметрлердің бұзылуы, жобалау құжат­тарына және Қазақстан Республикасы заңнамасының талап­тарына қағи­датты түрде сәйкес келмеу және орын алған жағ­дайда келісімшарт жасасу орынсыз болатын басқа да кемшіліктер анықталды. 17. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа жүргізілген экономикалық сараптама нәтижесі бойынша қорытындыға уәкілетті адам қол қояды және ол құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органның мекен­жайына жіберіледі. 18. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы экономи­калық сараптамаға қайта ұсы­нылған жағдайда, осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжат­тар пакеті енгізілмейді. 19. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойыл­ғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасына қайта сараптама осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі. 20. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша барлау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге келісімшарт жобасына жұмыс бағдарламасының жобасы келісімшарт­тың бүкіл қолданылу кезеңіне жылдар бойынша негізделген және есептелген мынадай көрсеткіш­терді қамтуы тиіс. 1) геологиялық-барлау жұмыстарының кө­лемі; 2) орындалатын геологиялық-барлау жұмыс­тарының түрлері бойынша шығындар; 3) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің техникалық және технологиялық жағдайларын, жабдықтың жалпы сипаттамасын, қосымша және әлеуметтік инфра­құрылымды дамытуды негізге ала отырып, аморти­зациялық аударымдар сомасы көрсетілген күрделі шығындар; 4) тартылған персоналдың саны ескерілген еңбекақы төлеу қоры; 5) тарату қорын қалыптастыру бойынша шығыс­тар; 6) қазақстандық персоналды оқытуға арнал­ған шығыс­тар; 7) қызмет өңірінің әлеуметтік инфра­құры­лымын да­мытуға қатысу бойынша шығыстар; 8) ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар; 9) жанама шығыстар; 10) өзге де шығыстар; 11) жер қойнауын пайдалауға арналған келісімшарт бойынша салық және бюджетке төле-нуге жататын өзге де міндетті төлемдер. 21. Пайдалы қазбалардың бекітілген қоры бар кен орындары бойынша өндіруге, сондай-ақ бірлескен барлауға және өндіруге келісімшарттың жобасына жұмыс бағдар­ла­масының жобасы келісімшарттың бүкіл қолданылу кезеңіне жыл­дар бойынша негізделген және есептелген мынадай көрсеткіштерді қамтуы тиіс. 1) өндірілетін пайдалы қазбалардың түрлері бойынша орындалатын жұмыстар мен шығын­дардың көлемі; 2) инфляцияны ескере отырып, қолданыстағы бағамен ішкі және сыртқы нарықтарға бөлуді көрсете отырып, пайдалы қазбалардың түрлері бойынша өндіру және өткізу көлемі; 3) жоба бойынша және өнім түрлері бойынша жалпы жиынтық табыс; 4) жер қойнауын пайдалану жөніндегі опера­цияларды жүргізудің техникалық және техноло­гиялық жағдайларын, жабдықтың жалпы сипат­тамасын, қосымша және әлеуметтік инфрақұ­рылымды дамытуды негізге ала отырып, аморти­зациялық аударымдар сомасы көрсетілген күрделі шығындар; 5) негізгі баптардың мағынасын аша отырып, өндіру мен шикізатты бастапқы қайта өңдеу кезеңдері бойынша пайдалану шығындары; 6) тартылған персоналдың саны ескерілген еңбекақы төлеу қоры; 7) тарату қорын қалыптастыру бойынша шығыстар; 8) қазақстандық персоналды оқытуға арнал­ған шы­ғыстар; 9) қызмет өңірінің әлеуметтік инфрақұ­рылымын дамытуға қатысу бойынша шығыстар; 10) ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-қонструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар; 11) жанама шығыстар; 12) өзге де шығыстар; 13) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыру шең­беріндегі салық және бюджетке төленуге жата­тын басқа да міндетті төлемдер; 14) салық төленгеннен кейін жер қойнауын пайда­ланушының иелігінде қалатын болжамды таза табыс; 15) инфляция индексіне түзетілген жоспар­ланған жылдық ақша ағыны; 16) дисконттау ставкалары 10, 15 және 20 пайызға тең болған кездегі жобаның ағымдағы келтірілген таза құнының өлшемдері; 17) жоба бойынша жалпы және жылдар бойынша жоба рентабельділігінің ішкі норма­сының көрсеткіші. Экономикалық сараптама жүргізу үшін ұсынылған жұмыс бағдарламасының жобасын міндетті түрде құзыретті орган немесе облыс­тың, республикалық маңызы бар қала­ның, аста­наның жергілікті атқарушы органы растауға тиіс. 3. Келісімшарт жобаларына құқықтық сараптама жүргізу тәртібі 22. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге келісімшарттар жобаларына құқықтық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган мемлекеттің қызметін құқықтық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органға, ол облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы мемлекеттің қызметін құқықтық қам­тамасыз етуді жүзеге асыратын уәкілетті органының тиісті уәкілетті органына мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады: 1) тұлғаны конкурс жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екенін көрсететін құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы орга­нының ілеспе хаты; 2) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы; 3) келісімшарт жобасы; 4) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың құзыретті орган немесе респуб­ликалық маңызы бар қаланың немесе астананың органы куә­ландырған көшірмесі немесе тікелей келіссөздер хаттама­сының көшір­месі; 5) келісімшарт түріне байланысты геоло­гиялық немесе тау-кендік бөлу; 6) жұмыс бағдарламасының жобасы. 23. Пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт жобаларына құқықтық сараптама мынадай талаптар бойынша жүргізіледі: 1) Қазақстан Республикасының Конститу­циясына, Қа­зақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Респуб­ликасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне және ратифика­цияланған халықаралық шарттарға сәйкестігі; 2) келісімшарт жобасының құрылымы мен мазмұнының Қазақстан Республикасының Үкі-меті бекіткен жер қойнауын пайдалануға модельдік келісімшартқа, сондай-ақ ұсынылған құжаттар пакетіне сәйкестігі. 24. Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар жоба­ларына құқықтық сараптама жүргізу нәтижелері хат түрінде ресімделетін сарапта­малық қорытынды болып табылады. Сараптамалық қорытынды мынадай тұжы-рым­дардың бірін қамтуға тиіс: 1) келісімшарт жобасы осы Қағиданың 23-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес болғандықтан, жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасын келісу; 2) қарау нәтижелері бойынша теріс қорытын­дының берілуі себепті келісімшарт жобасы осы Қағиданың 23-тармағында көрсетілген талап­тарға сәйкес келмегендіктен, жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасын келісуден бас тарту. 25. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына құқықтық сараптама жүргізу нәтижелері бойынша хатқа уәкілетті адам қол қояды және құзыретті органның немесе облыс­тың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың атына жіберіледі. 26. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы құқықтық сараптамаға қайта ұсыныл­ған жағдайда осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжаттар пакеті енгізілмейді. 27. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасына қайта сараптама осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі. 4. Келісімшарт жобаларына экологиялық сараптама жүргізу тәртібі 28. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған келісімшарттардың жобаларына экологиялық сараптама жүргізу үшін құзыретті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға, ал облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы оның аумақтық бөлімшесіне мыналарды қамтитын құжаттар пакетін ұсынады: 1) тұлғаны конкурс жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екендігін көрсететін құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы орга­нының ілеспе хаты; 2) құзыретті органның немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының осы тұлғамен келіссөздер жүргізу және операциялар жүргізуге келісімшарт жобасының талаптарын талқылау жөніндегі жұмыс тобы отырысының хаттамасы; 3) келісімшарт жобасы; 4) тұлғаның конкурста жеңіп шығуына негіз болған конкурстық ұсыныстың құзыретті орган немесе республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы куәлан­дырған көшірмесі немесе тікелей келіссөздер хаттамасының көшірмесі; 5) келісімшарт түріне байланысты геология­лық немесе тау-кендік бөлу; 7) жұмыс бағдарламасының жобасы. 29. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру, сондай-ақ бірлескен барлау және өндіруге арнал­ған келісімшарт жобаларына экологиялық сараптама мыналарды қамтиды: 1) жоспарланатын басқару, шаруашылық, инвес­тициялық және өзге қызметті іске асыру­дың қоршаған ортаға және халықтың денсау­лығына келтіруі мүмкін теріс салдарын анықтау және шектеу; 2) экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғаудың мүдделер теңгерімін сақтау, сондай-ақ табиғат пайдалану үдерісінде үшінші тұлғаларға зардаптың алдын алу; 3) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы талаптарының Қазақстан Рес­пуб­ликасының экологиялық заңнамасына, жер қойна­уын және қоршаған ортаны қорғауға қатысты, жер қойнауын пайдалану объектілерін тарату және консервациялау талаптары бөлігінде Заңға, эколо­гиялық сақтандыруға сәйкестігін тексеру. 30. Сараптама жүргізу кезінде қалыптасқан экологиялық жағдайды ескере отырып, жер қой­науын пайдалану жөніндегі операцияларды жүр­гізу ауданына қойылатын талаптар ескерілуі тиіс. 31. Келісімшарт жобасының қарастырылып отырған бөлімдері бойынша ескертулер қорша­ған ортаға да (әуе бассейнін, су ресурстарын, жер ресурстарын, өсімдіктер және жануарлар дүниесін, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау), сондай-ақ халықтың денсаулығын сақ­тау­ға да қатысты болу мүмкін. 32. Сараптамалық қорытынды мынадай тұжырымдардың бірін қамтуға тиіс: 1) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес келетін та­лаптарды қамтитындықтан, жер қойнауын пай­далануға арналған келісімшарт жобасын келісу; 2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасы ережелерінің Қазақстан Рес­публикасының экологиялық заңнамасының, жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау бөлі­гінде Заңның нормаларына сәйкес келмеуі себепті жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасын келісуден бас тарту. 33. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына экологиялық сараптаманың қорытындысына қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы уәкілетті органның сараптама бөлім­шесінің немесе келісімшарт бойынша аумағында көзделіп отырған қызмет жоспарланған оның аумақтық бөлімшесінің басшысы қол қояды. Экологиялық сараптаманың қорытындысы құзы­ретті органның немесе облыстың, республи­калық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органның мекенжайына жіберіледі. 34. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы эколо­гиялық сараптамаға қайта ұсынылған жағдайда осы Қағидаға сәйкес талап етілетін құжаттар пакеті енгізілмейді. 35. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына қайта сараптама осы Қағиданың 5-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі