• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2017

Дана халықтың дарқандығы

222 рет
көрсетілді

Татьяна Ивановнаның ата-анасы қазақ жеріне тың көтеру жылдары келген екен. Жастар осында бас қосып, қазақ халқына да бауыр басады. Ол кезде де оңай болған жоқ, ұшы-қиырсыз далада маңдайы күнқақты болып еңбек етті. Ата-анасын осы ұлан далада ұстап қалған қазақ халқының бауырмалдығы, қонақжайлылығы, дос дегенде «жалғыз атын беріп, жүген ұстап қалатын» мәрттігі еді. Қостанай төңірегі, оның ішінде өз­де­ріне құт мекен болып қалған Жітіқара же­­рінде өздері секілді көп ұлттың өкілдері тұр­­ды. Барлығы да кеңқолтық қазақ хал­қының мейірім-шуағына бөленіп келеді. Татьяна осы жерде туып-өсті, отбасын құрды, білім алды. Қазір бір емес, екі жоғары білімі бар. Жітіқара қаласының іргесіндегі Пригородный мектебінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істейді. Ауыл балаларының сапалы білім алуы үшін білімін де, білігін де сарп етеді. Татьяна Ивановнаның Украина жерінде туған-туыстары, ағайындары бар. Бірақ олармен хат-хабар болмаса, барыс-келіс баяғыда азайған. – Бүгін мен ең алдымен қазақ жері үшін, қазақ жерінде қалыптасқан тағ­ды­рым үшін, Елбасының бейбіт саясаты үшін алғыс айтамын! Біз «бүгін не болып қалады, ертеңгі күнім не болады?» деп алаң­дамай, бейбіт өмірге үйренгенбіз. Менің ағайындарым Украинадағы қақ­ты­ғысқан, аңдысқан өмірде тұрып жа­тыр. Тыныштық болмаған соң, тұр­мыс­та­ры да онша емес, кедейшілік жайлаған, – дейді Татьяна Ивановна. Қазақстанда өзге ұлт өкілдерінің тілін, дәстүрін ұмытпауына, қайта оларды да­мы­­туға бар мүмкіндік жасалып отыр. Бұл құрғақ саясат емес, өмірдің шынайы кө­рі­нісі екенін Татьяна өз тәжірибесінен бі­леді. Ол Жітіқарадағы украин ұлттық-мә­дени орталығының жетекшісі. Олар жа­қында ғана қалада украин дәстүрі мен мә­дениетінің музейін ашты. Татьянаның қызы Александра қазір Қостанай қаласында университетте оқи­ды. Қазақ тілін кәдімгідей меңгерген. Қы­зы­ның жетістігін Татьяна да мақтаныш етеді. – Қазақтарда «батаменен ел көгереді», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген нақыл сөз бар. Бұл халықтың даналығы керемет қой. Батаның өзі тек тілек емес, адамдар­ды жақсылыққа бағыттап отыратын тәр­бие көзі. Достарымыз, көршілеріміз бар, араласып-құраласып жатамыз, қазақ­тар­дың осы дәстүріне басымды иемін. Қы­зымның қазақ тілін еркін меңгергеніне қуа­намын, өйткені, халықтың батасын, үл­­кендердің алғысын шынайы түсінетін бо­лады, жүрекпен сезінеді. Мен өз қызыма да, мектептегі оқушыларыма да ата-баба алдында кешірім сұрап жүруді үйретемін, – деді Татьяна Кошелюк. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, Жітіқара қаласы