Облыс экономикасына инвестиция тарту жұмысына аса мән беріліп отыр. Осыған орай облыс басшылығы және белгілі кәсіпкерлердің халықаралық қаржы институттары – Азия даму банкі, Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі, Қазақстанның даму банкі өкілдерімен кездесуі болды. Маңызды шараны ашқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әріптес қонақтарға өңір экономикасын дамыту үшін сырттан инвестиция тартуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті. Инвесторлар үшін облыста қолайлы жағдай бар екендігін де еске сала отырып, соңғы жылдары қол жеткен жетістіктерге шолу жасады.
Облыстың өнеркәсіп құрылымында соңғы жылдары өңдеу саласының үлесі артып, ол 52 пайызға жетті. Құрылыс индустриясында, машина жасауда, металилек саласында қуатты кәсіпорындар ашылды. Өңдеу кәсіпорындарын іске қосу инвестициялық мол қаржының арқасында мүмкін болады. Сондықтан, облыс әкімінің жаңа орынбасары тек сыртқы байланыс, индустриялық даму, инвестиция тарту мәселелерімен айналысады. Уақытында осы инвестиция тарту жұмыстарының ақсауы салдарынан аудандар мен қалаларда жұмысы басталмай жатып тасталған кәсіпорындар қазір қаңырап тұр. Өткен жылы бір кездері мемлекеттік бағдарлама аясындағы жоба деп саналған, кредит алып, қаншама қаржыны желге ұшырып, қазір жұмысы тоқтап тұрған осындай нысандар қайта тексеріліп, олардың тізімі жасалды. Облыс басшылығы мен мамандар инвестиция тартып, мүмкіндіктер қарастырылса, оларды әлі де қатарға қосуға болады деп түйген еді.
– Қазір төлқұжатталған осындай 152 нысанды назарға алып отырмыз. Бұлар біздің үстеліміздің үстінде жататын кітапшамыз секілді, оларды түрлі форумдар мен кездесулерде инвесторларға ұсынамыз. Инвесторлар ынта білдірсе, мемлекет те қарап қалмайды. Бұл іске әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация, мемлекеттік бағдарламалар арқылы мемлекеттің қатысуы қамтамасыз етіледі. Демек осы өндірістік нысандарға газ, су жүргізу, жол төсеу керек болса, инфрақұрылымын жақсартуға барынша көмек береміз, сонымен қатар инвестициялық субсидия ұсыну да болады, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Өңір басшысы дәл қазір инвестицияға мұқтаж жобалардың бірсыпырасын атап та өтті. Мысалы, Қостанай қаласының солтүстік-батыс бөлігінде салынатын агроөнеркәсіп паркі 40 пайыз қаржыландырылды, қалғанына инвестиция тарту көзделген. Сонымен қатар, Елизавета және Қарабалық кенттеріндегі бройлер құс фабрикалары, облыс аудандары мен қалаларынан түсетін бірнеше жылыжай, бірнеше желілік элеваторлар, Қостанай қаласындағы май сығатын зауыт та инвесторын күтіп тұр.
Кездесуде «Тобол» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облыстағы инвестиция қажет ететін өндірістік нысандарды қаржы институты өкілдеріне жақынырақ таныстырды, ал өз кезегінде банктер өкілдері де өз ұсыныстары мен мүмкіндіктері туралы айтып берді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Азия даму банкінің директоры Джованни Капаннелли ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»