Орта салмақта WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (36-0, 33 КО) ESPN телеарнасындағы «A los golpes» бағдарламасына қатысты.
Бағдарламада қазақстандық боксшы Сауль «Канело» Альварес пен кіші Хулио Сезар Чавес арасындағы айқаста кімнің жеңіске жететіні жайлы пікір білдірді.
«Хулионың жеңіске жеткенін қалар едім. Бірақ оған бұл салмақта Альвареске қарсы тұру қиын болатын сияқты. Ал «Канело» 164 фунтта жұдырықтасып үйреніп қалған. Сондықтан ұпай бойынша жеңеді деп ойлаймын. Бірақ өзім кіші Чавеске жанкүйерлік етемін», – деді Головкин.
Қос мексикалықтың арасындағы жекпе-жек 6 мамыр күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile Arena» аренасында өтеді. Бір қызығы, екі боксшының арасындағы ауызша келісім бойынша жеңгені өзінің ғана емес қарсыласының да гонорарына ие болады.
«Біз екеуіміз бұл шешімге келістік, әрі журналистер алдында нағыз жігіттер секілді қол алыстық. АҚШ-та ауызша келісімнің өзі ресми болып есептеледі деген ойдамын. Бәс тігілді. Не ол, не мен ақшасыз қайтамыз», – деді Альварес.