Орта салмақта WBA (Regular) белбеуінің иегері америкалық Дэнниэл Джейкобс (32-1, 29 КО) алдағы қарсыласы WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкинді (36-0, 33 КО) кезекті рет сынға алды.
Америкалық боксшыға қазақстандықтың алдын ала Сауль Альвареспен (48-1-1, 34 КО) жекпе-жек жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны ұнамапты, деп хабарлайды BoxingScene.com.
«Меніңше, біздің айқасымыз өтпей жатып, «Канеломен» бокс кешін ұйымдастыру қисынсыз сияқты. Келіссөздер алдын ала жүргізілгені дұрыс емес деп ойлаймын», – деді америкалық боксшы.
«Дегенмен, оның мұндай әрекеті мені қайта жеңіске құлшындыра түседі. GGG-ді жеңу үлкен армандарымның бірі. Әрине, Головкин өз ісінің шебері, сондықтан арамыздағы жекпе-жек жайлы ұмытып кетті деп ойламаймын. Бірақ бұл әрекеті маған мүлдем ұнамады», – деді Джейкобс.
Головкин мен Альварес өкілдері бокс кешін ұйымдастыру туралы келіссөздерді өткен жылдан бері жүргізіліп келеді. Қос тарап әлі күнге дейін қаржы мәселесі бойынша ортақ ымыраға келе алмай жүр. Қазақстандық боксшының промоутері Том Леффлер бұл шара осы жылдың қыркүйек айында өтуі мүмкін екенін айтқан болатын.
Айта кетейік, 18 наурызда Головкин АҚШ-тың Madison Square Garden аренасында Дэнниэл Джейкобспен қолғап түйістіреді. Ал Альварес 6 мамыр күні Лас-Вегастағы «T-Mobile Arena» аренасында отандасы кіші Хулио Сезар Чавеспен шаршы алаңға шығады.