• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

Өзбекстан үшін жаңа өзгерістердің маңызы жоғары

980 рет
көрсетілді

2016 жылдың соңы мен 2017 жылдың басында Орталық Азия елдерінің тарихы және келешегі тұрғысынан елеулі оқиғалар орын алды. 2016 жылғы 5 желтоқсанда Өзбекстан қоғамы елдің жаңа президентін сайлады, 2017 жылдың қаңтар айында Қазақстан Көшбасшысы өз елінің жарқын болашағын айқындайтын ауқымды реформалар туралы Жолдау жасады және ақпан айында Түрікменстанда президенттік сайлау өтті. Міне, осы өзгерістер жоғарыда аталған маңызды оқиғалардың ең бастылары. Аталған оқиғалармен қатар, соңғы үш ай көлемінде Қырғызстан мен Тәжікстанда болған оқиғалар тізбегі Орталық Азиядағы даму мен тұрақтылықты қамтамасыз етудің жаңа негіздері қаланған кезең ретінде аймақ тарихында айқын із қалдыратын болады. Соңғы айларда біздер куә болған ірі өзгерістерге Өзбекстан мысалында баға берер болсақ, аймақтың жаңа кезеңге аяқ басқанын байқауға болады. Өзбекстанның жаңа көшбасшысы Шавкат Мирзиёевтің президент болған күннен бері басты назарды көршілес Орталық Азия елдеріне аударып, аталған елдердің экономикалық және мәдени интеграциясын нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдап, бірқатар шаралар атқаруы соның алғашқы көрінісі болды. Мәселен, әртүрлі себептермен 25 жыл жабық болып келген Ташкент – Душанбе әуе жолы қайтадан іске қосыла бастады, Тәжікстан – Өзбекстан темір жол желісін жандандыру үшін екіжақты жұмыстар жүргізу қолға алынды. Осындай байсалды қадамдар аймақтағы елдер арасындағы тарихи, туыстық байланыстарды қайтадан күшейте түсері анық. Қырғызстан мен Өзбекстан арасында жоғары деңгейдегі екіжақты үкіметаралық делегациялардың қатысуымен бірқатар кездесулердің өтуі бауырлас елдерде тұрақтылықты сақтауға бағытталған ал­ғаш­қы қадам болды. Қос мемлекеттің ше­кара мәселелерін түсіністікпен және байыппен шешуге негізделген ортақ шаралар атқаруы, саясаткерлер мен зия­лы қауым өкілдерінен құралған өзбек де­ле­гациясының Қырғызстанның Ош пен Бішкек қалаларында жоғары деңгейде қар­сы алынуы және тура осылай Ферғана алқабындағы қалаларға барған қырғыз делегациясына шынайы құрмет көрсетілуі бұдан кейінгі туыстық байланыстар­дың беки түсетіндігінен хабардар етсе керек. Өзбекстан үкімет деңгейінде бастамалар көтеріп, көрші Ауғанстанмен қарым-қатынастарын жаңа қалыпқа кел­тіруге талпынысы Орталық Азияда эко­номикалық мүмкіндіктерге мән беріле бас­тағанын білдіреді. Осы жылдың 23 қаң­тарында Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Абдулазиз Ка­ми­лов Кабулға ресми сапармен барғаннан кейін Ауғанстан үкіметінің делегация­сы Өзбекстан астанасына жасаған сапа­ры нәтижесінде ресми Ташкенттің «Өзбек­стан мен Ауғанстан қатынастарын дамыту және жаңа деңгейге көтеру тура­лы» үкімет қаулысын жариялауы аса ма­ңызды оқиғалардың бірі болды. Ау­ғанстанға электр қуаты, астық, азық-тү­лік, тағы басқа тауарларды экс­порт­тау­дың мүмкіндіктері Орталық Азияның оң­түстігінде үлкен нарықтың барын және сол нарықтың аймаққа ашыла бастағанын көр­сетеді. Ш.Мирзиёев қысқа уақытта мемлекет ауқымында жүзеге асырған шараларды бір шолып өтер болсақ, әлеуметтік, экономикалық және мәдени салаларда қабылданған шешімдер халықтың оң бағасына лайықты болып, іс жүзінде орындала бастағаны байқалады. Әсіресе, банк және несие жүйесін дамытуға қа­тыс­ты үкімет қарарларының қоғамға тү­сін­діріліп, несие пайызының төмен­де­ті­луі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, жа­ла­қылардың өсуі, кәсіпкерлер үшін не­сиелердің берілуі, студенттерге шә­кірт­ақы тағайындалып, зейнеткерлер үшін жеңілдіктердің ойластырылуы аталған өз­герістердің айқын көрінісі. Халыққа же­ңілдік жасау мақсатымен жаңа үкімет Ташкент қаласы мен орталық қалаларда, облыс және аудан орталықтарында, ауыл­дарда арзан әрі шағын тұрғын үй­лер салу туралы қаулыға қол қоюы Өзбек­стан қоғамы үшін көптен күткен сүйі­н­ші жаңалық болғаны рас. Осы рет­те, тұрғын үйге зәру отбасылардың, жа­ңа­дан отау тік­кен жас жұптардың жаңа үй алуына ба­с­ымдық беріле бастауы өз­бек­стан­дық­тарды үлкен қуанышқа бөлеп отыр. Өзбекстанда әлеуметтік және мәдени салаларда жүзеге асырылып жатқан шаралар алдағы кезеңдерде үлкен өзгерістердің болатындығынан хабар береді. Президент Ш.Мирзиёев өткен жел­тоқ­сан айының соңында Өзбекстан Ғылым академиясының алдыңғы қатарлы ғалымдарымен және академиктерімен кездесіп, олардың білім мен ғылым саласына қатысты сауалдарын тыңдап, аталған салада алдағы кезеңде атқарылатын шара­лар туралы көзқарастарымен, пікір­ле­рімен танысып, соның негізінде жаңа шешімдер қабылдады. Осыған орай 17 ақ­пан күні үкіметтің тиісті қаулысы қа­былданып, бұдан бұрын Ғылым академия­сы қарауынан шығарылып, Ташкент қа­ла­сындағы университеттерге қарасты зерт­теу институттарына немесе ғылыми ор­та­лықтарына берілген Тарих институ­ты, Әлішер Науаи атындағы Тіл және әде­биет институты, Әл-Бируни атындағы Шы­ғыстану институты, Археология инс­ти­туты және басқа да көптеген инс­ти­тут­тар­дың қайтадан Өзбекстан Ғылым академиясына берілуі ғылым саласында жақсы жаңалықтардың болатынын білдіреді. Аталған өзгерістер Өзбекстан Рес­пуб­ликасы президентінің «Ғылым ака­де­миясының қызметі, ғылыми-зерттеу жұ­­мыстарын ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыруды дамытудың пра­к­ти­ка­лық шаралары туралы» қарарына сәй­кес жүзеге асты. Бұған қоса, 16 ақпан кү­ні Президенттің жарлығына сәйкес ғы­лыми диссертацияларды қорғау және ғылыми дәрежелерді беру саласына жаңа заң­дық өзгерістер енгізілді. Бұған сәйкес кейінгі жылдарда енгізілген PhD жүйесі өзгертіліп, оның орнына ұсынылған жа­ңа жүйе бастапқы докторантура (кез кел­ген ғылым саласынан бастап, диссер­та­цияның қорғалуы және философия док­торы – PhD дәрежесінің берілуі) жә­не докторантурадан (диссертацияның қор­ғалуы және ғылым докторы – Doctor of Science, ScD дәрежесінің берілуі) құ­ралады. Қабылданған қарарға сәйкес PhD дәрежесі магистратура немесе толық жоғары білімге ие болып, диссертация қорғаған кісілерге беріледі. Ал Ғылым докторы (ScD) дәрежесі білім кандидаты немесе шет елдерде диссертация қорғаған және PhD дәрежесін иеленген ғалымдарға беріледі. Өзбекстан үкіметі ғылыми жолмен даму және өркендеу үшін көрші мемлекеттер мен білім жүйесі дамыған шет елдермен қатынастар құруды мақсат тұтып, бір­қатар шараларға дайындық жүргізуде. Осы жылдың ішінде ел үкіметінің қолдауымен бір топ ғалым, зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары бас­шыларынан құралған өзбекстандық де­легацияның жақын айларда көршілес әрі т­уыс Қазақстанға келетіні және осын­дағы басты ғылыми және білім беру ұйым­дары басшыларымен танысып, екі­жақты ынтымақтастық орнататыны бел­гілі болды. Ш.Мирзиёев президент болып сай­лан­ған соң Қарақалпақстанға келіп, ха­лықпен ашық кездесіп, бірнеше мәдени және діни орындарда болып қайтты. Әсіресе, президенттің Нөкіс қаласындағы мешіттердің біріне барып, жасы үлкен кісілер тобымен шынайы сұхбат құруы қоғамның ризашылығын туғызды. Одан кейін Хорезм мен Сурхандария облыстарына келген Ш.Мирзиёев өзбекстандық қоғамның әлеуметтік және экономикалық тыныс-тіршілігімен танысып, бірнеше ауылға барып, жергілікті халықпен тікелей сөйлескен. Өзбекстан президентінің жаңа қарарымен Сурхандария облысының орталығы – Термиз қаласында Ислам әлемінің бетке ұстар ғұламаларының бірі Имам әт-Тирмизидің мұрасын зерттеу мақсатында «Әт-Тирмизи атындағы халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» құрылатын болды. Қысқасы, Өзбекстанның жаңа көш­бас­шы­сы қызметіне кіріскен қысқа мерзімде ел ішінде және сыртқы қатынастарда әлеу­меттік-мәдени және экономикалық тұр­ғыдан маңызды шаралар атқарғанына куә болып отырмыз. Осындай өзгерістер Орталық Азия елдерінің өзара байланыс­тарын нығайтып, аймақта өркендеу мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны анық. Ғайбулла БАБАЯРОВ, тарих ғылымдарының докторы Өзбекстан Республикасы, ТАШКЕНТ