Кеше Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы плей-офф кезеңінің 1/8 финалында «Трактор» командасымен бесінші рет күш сынасты.
Челябіде өткен бұл ойында есепті астаналықтар ашты. Кездесудің 12-минутында Константин Пушкарев қақпа алдындағы қарбаласта қақпашыдан айласын асыра білді.
Екінші кезеңде «Трактордың» басымдығы байқалды. Оның үстіне, біздің хоккейшілер ойын тәртібін жиі бұзып, төрешілер тарапынан қатаң жазалауға ұшырап отырды. Сондай сәттің бірінде, яғни «Барыстың» бір ойыншысы айдыннан қуылған кезде челябіліктер таразы басын теңестіріп кетті. Голды 29-минутта Артем Бородкин өз атына жазды.
Осы есеп матчтың соңына дейін өзгермей, командалар қосымша тайм ойнауға мәжбүр болды.
Ал овертаймда, яғни 70-минутта Сен-Пьер Мартен соққан шайба «Барысқа» жеңіс әкелді.
Сонымен, «Барыс» жалпы есепте 3:2 есебімен алға шықты. Енді бір ойында жеңіске жетсе, Астана хоккей клубы турнирдің келесі кезеңіне жолдама алады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»