Өзен мен теңізге шығатын жүзу көліктерінің рұқсат етілген қуаты бұрын 40 ат күшіне тең еді. Биылдан бастап жаңа ереже енді де, бұл меже екі есеге қысқарды. Негізі Үкімет су айдындарында қуатты жүзу көліктерінің қозғалысына шектеу қою туралы осыдан төрт жыл бұрын қаулы шығарған, алайда оны қаперге алғандар аз. Соның кесірінен бағалы балық қоры нағыз көбейетін уақытында шығынға ұшырады. Атырау облысында 1300 моторлы қайық тіркелген, оның 900-ден астамы талапқа сай емес болып қалды. Балықшы кооперативтеріне бұл жаңалық алдын ала айтылғанымен, екі мыңға жуық балықшы жаңа маусымға бұрынғыдай дайындалған. Солардың бірі – Рысбек Тайыров. Қуатты көлікті қымбат бағаға несиеге алған ол енді не істерін білмей дал. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев наразылық білдіріп отырғандар заңсыз балық аулаушылар екенін айтады. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жалпы, облыс бойынша 19 кооператив балық аулау саласында қызмет етеді. Олардың арасында құрал-жабдықтары жаңа ереже талабына сай келмейтіндері де бар. Жергілікті атқарушы билік енді қуаты 20 ат күшінен артық су көліктерін Жайыққа жақындатпаймыз деп отыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ