Шығыс Қазақстанның балықшылары Жарма ауданына былтыр да жиналып еді. Биыл тағы да бас қосты. Аудан әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Мұз астынан балық аулау-2017» сайысына облыстың түкпір-түкпірінен келген жетпістен астам балықшы қатысты.
– Қыстыгүні балық аулау оңай шаруа емес. Шеберлік пен ептілікті қажет етеді. Турнирге алыс-жақыннан ат арытып келген барлық балықшыларға алғыс айтамыз, - деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов.
«Қарамай-ақ жауынға, той басталды ауылда» дегендей, бұл күні өңірдің қармақтың құлағында ойнаған 70 балықшысы күннің суықтығына да қарамастан бетін мұз бүркеген Шаянды көлінің әр тұсынан ойық жасап, қармақ салып, балық аулап, бәсекенің көрігін қыздырды. Бәрінің де көңілі көтеріңкі.
– Мұз ойып, қармақпен балық аулаудың өзі бір рақат дүние ғой. Мұны қысқы спорттың бір түрі десек те болады. Күнделікті күйбең тіршіліктен құтылып, таза ауаға, табиғат аясына шыққанға не жетсін?! Өзім жиі болмаса да, анда-санда қармақ салуға шығып тұрамын. Әуесқой балықшылардың басын қосып, осындай сайыс ұйымдастырған азаматтарға алғыс білдіреміз, – дейді Ермек есімді жарысқа қатысушы.
Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге аудан әкімінің марапат қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы