Кеше Денсаулық сақтау министрлігі 2016 жылдың қорытындысы бойынша және алда тұрған міндеттер жайын қарастырған кеңейтілген алқа отырысын өткізді.
Отырыста баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алқалы жиынның жеке министрлік болып құрылған кезеңде өтіп отырғанын айтып, заман талаптарына сай министрлікте жаңа 3 комитеттің өмірге келгенін алға тартты.
Елбасының биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласының алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында министрліктің 5 негізгі бастаманы анықтап, соған сәйкесті көптеген жұмыстардың атқарылуы тиіс екенін назарға ұсынған министр олардың әрқайсысына жеке тоқталып өтті. Сонымен ол қандай бастамалар?
Бірінші бастама – денсаулық сақтау жүйесін пациенттердің мүддесіне қарай интеграциялау деп аталыпты, яғни бұл алғашқы профилактикалық буын деңгейінен бастап, одан кейінгі барлық кезеңдерді қамтитын медициналық көмек көрсетудің біріктірілген жүйесін енгізу болса, бұл ретте атқарылатын жұмыстардың қарасы әжептәуір. Атап айтқанда, адамдардың ғұмыр жасын ұзарту бағытында ұлттық бағдарлама қабылдау жоспарланып, саланы цифрлау және ақпараттандыру жөніндегі шаралар өз жалғасын таппақ, сонымен бірге, емханаларға тіркеу ережелері оңтайландырылатын көрінеді.
Екінші бастама – ЭЫДҰ ұсыныстарына сай стандарттарды сәйкестендіру. Бұл шаралар аясында жеке медицинаны дамытудағы кедергілерді жою, мемлекеттік функцияларды тәуелсіз кәсіби ортаға беру, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдардың бағасын реттеу жоспарланған. Үшінші бастама ресурстарды тиімді қолдану мәселесіне қатысты. Денсаулық саласындағы
инфрақұрылымдық және кадрлық саясатты қайта қарауға, жеке және ше-
телден инвестициялар тарту мен мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытуға, ғылым мен медициналық білімді жетілдіруге мән берілетініне назар аударған ведомство басшысы, төртінші бастаманың қаржыландырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыруға қатысты екенін айтты. Бұл ретте бірнеше міндет алға шықпақ. Мәселен, стационарлық көмекті пайдалану деңгейін төмендету, озық медициналық трансферттерді енгізуді ынталандыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бюджетін қажеттіліктерге қарай бөлумен қатар негізгі қорларды, капиталдық шығындарды, медициналық және ақпараттық технологияларға қызмет көрсетуге кететін шығындарды, қаржылық қызметтердің шығындарын есепке ала отырып, тарифтер мен шығындарды қайта қарау жоспарланып отыр. Бесінші бастама – пациентке есеп беретін және транспаренттілікті қарастыратын жүйені басқару. Осындай қадау-қадау бес бастамаға мән бере сөйлеп, медициналық мекемелерге шаруашылық жүргізу құқын бере отырып, корпоративтік басқару жүйесін енгізу тәрізді өзекті мәселелердің кезекте тұрғанын ведомство басшысының ортаға салуынан сала бойынша алда көптеген өзгерістер жүретінін аңдауға болатындай.
Әрине, денсаулық сақтау саласында жүретін өзгеріске елеңдемейтін жан жоқ. Бас ауырып балтыр сыздай қалса бара қалатын, көмек сұрайтын орның – медициналық мекемелер. Оның үстіне 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел азаматтары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында медициналық көмек алу және медициналық мекемені таңдау құқына ие болады. Азаматтардың бірқатар санаттары үшін МӘМС жүйесіне жарналар мен төлемдер жасау 2017 жылдың 1 шілдесінен басталса, келесі жылдың басынан бастап МӘМС тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) бойынша қаржылық оператор және МӘМС аясындағы медициналық қызметтерді стратегиялық сатып алушы қызметін атқара бастайды.
Алқа отырысынан ұққанымыз МӘМС-ті енгізу бүкіл денсаулық сақтау жүйесін реформалаумен бірге кешенді түрде жүргізіліп отырады. Денсаулық сақтау саласындағы жаһандық мәселелер (жұқпалы емес аурулардың өсуі, жаңа технологиялар енгізілуіне байланысты саладағы ресурс тапшылығының өсуі, егде жастағы тұрғындар санының өсуі) бұл салаға кететін шығындардың көбеюіне әкелуде, сондықтан да мемлекетке де, халыққа да оның ең бір оңтайлы, ең бір тиімді жолдарды қарастырып жүргізілгені басты олжа болмақ.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»