• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
06 Наурыз, 2017

Екі есімді еншілеген

281 рет
көрсетілді

Кіндігін Арқада қиып, түндігін Алатауда түрген Дәуітәліні Қасым ағасының ізін жалғаған дауылпаз десек те артық айтқан болмас едік. Бұған біз жуырда, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Дәуітәлі Стамбековтің туғанына 70 жыл толуына орай Қарағандыдағы маңызды білім беретін «Болашақ» колледжінің ұйымдастыруымен өткен «Уақыт сөз беріп тұр бүгін маған» атты әдеби-сазды еске алу кешінде куә болдық. Іс-шараға Ақтоғай мен Алматының арасындағы түгел жұрт жапырылды. Ақынның өлеңге жаны құштар көз көрген ет жақындары мен ең жақындары есті сөзден естелік құрап, емен-жарқын кездесу сәтіне бізді куә қылды. Оған дейін де «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Әбілхаятынан» Дәуітәлі ағамен жақсы таныс едік. Ақынның «Кіп-кішкене бөлтірікті ұрадан, Алып келді біздің үйге бір адам. Сыйға тартты шын қызықты біздерге, Сол сыйлығы бәрімізге ұнаған. Бірте-бірте бөлтірік те өзінің, Кетті ұмытып бөрілік бір сезімін. Шөп қорада ойнап жүріп бір күні Көзі түсті жанарына қозының. О, ғажап-ай, тұрып қалды таңданып, Есі кетіп, көзі жанып, жанданып! Содан кейін жалт бұрылып, жоқ болды, Бұл қорада жүргеніне арланып» дейтін өлеңі бар. Ұлықбек ақынның мына естелігі жоғарыдағы өлеңнің тәпсіріндей еді: «1972 жылы КазГУ-де үлкен поэзия кешінде қалың елдің көзінше Дәуітәлі «менің байқауымша, бүгінгі поэ­зия екі бағытпен дамып келеді. Бірі – азаматтық лирика, екіншісі – нәзік лирика. Алғаш­қысының негізін салған Маяковский, кейінгісінің бастауы – Есенин. Осылардың қайсысын таңдаған жөн? Егер, алда-жалда Кеңес үкіметі құлай қалса, Маяковский қоса құлайды. Оның жолы уақытша. Ал, Есениннің поэзиясы мәңгілік. Сондықтан, мен осы соңғысын таңдадым» деп барып өлеңін оқып кетті» дейді. Аталмыш кешті де Мемлекеттік сыйлық­тың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы сол Ұлықбек Есдәулет ашты. «Дәуіт-Әлі» атты өлеңін оқып, есімінде екі Пайғамбардың аты бар ақынды ерекше құрметпен еске алды. Сөзінің соңында «Алматыдан Қазақстан Жазу­шылар одағы сәлем жолдап жатыр. Алла қаласа, алдағы уақытта Алматыда бір үлкен кешін өткізуге дайындалып отыр» деп сүйін­шіледі. Осы ретте біз де Дәуітәлі ақынның алдағы бұдан да үлкен тойы туған топы­рағы – Ақтоғайда дүркіреп өтетінін хабарлар едік. Одан кейінде сахнаға сөз сөйлеу­шілердің көшін бастап, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ақын Серік Ақсұңқарұлы мен Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты ақын Несіпбек Айтұлы шықты. Серік Ақсұңқарұлы «Ежелгі эпос­тан бастап, жыраулар поэзиясы, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағалилары бар қазақ поэзиясының босағасын аттап кіріп, өз орнын алу – жердің тартылыс күшін жеңумен пара-пар құбылыс. Егер алдымда Дәуітәлідей ағам жүрмесе, дүниеде Серік Ақсұңқарұлы деген басы жұмыр пенде болғанымен, ақын болмас еді...» деп ақын ағасына арнаған адуынды жырын оқыды. Сондай-ақ, республикалық «Қасым» журналының жыл басында жарық көрген тұтас бір нөмірі Дәуітәлі Стамбековке арналғанын қаперледі. Несіпбек Айтұлы болса, ақынның алдамшы дүниеге бой суытпаған періште көңілін көп айтты. Өз естелігінде Несіпбек досы «Үй алу деген – қиямет-қайым заманда, Үкімет тегін беріп тұрған пәтердің кілтін алуды да Дәуітәлі ұмытып кетіп, Фарида екеуміз барып алғанбыз» дейді. Бір жағы, бұл күнде екі ақын бір-бірімен қан-жыны араласып, сүйек-шатыс құдалығы бар. Тағ­дыр тамашасы бұйырған деген осы-ау! Сөзінің соңында Несіпбек ақын Дәу­кеңнің «Ұлы дала» өлеңін оқып, ондағы Ұлы дала философиясының тереңіне үңілді. Кешті тамылжыған таңғы әуенге бөле­ген Екі Әлінің жазған жауһары «Таңғы тілек» әні болды. Неге «Екі Әлі» дерсіз? «Таңғы тілектің» әнін жазған белгілі композитор Темірәлі Бақтыгереев болса, сөзін жазған Дәуітәлі Стамбеков. «Сен дегенде, сен дегенде таңмен бірге ояндым» деп келетін тамаша туындыны «Бо­лашақ» колледжінің оқытушысы Әлия Түсіпбаева нәшіне келтіріп орындады. Келесіде кештің құрметті қонағы, жазушы, драматург Роза Мұқанова болды. Роза қарындасы «Мен «Ағатай» деген сөзді алғаш рет және соңғы рет Дәуітәлі ағатайыма қолдандым. Жетінші сыныпта оқып жүргенімде, ең алғаш шығармамды «Қазақстан пионеріне» бас­тырып, ә дегеннен ағалық қамқорлығына алды. Оспанхан Әубәкіровпен жақын дос­тар. Сол кісіден естіген бір композитор жайлы тағдырлы оқиға желісін маған берді. Поэмаға сұранып тұрған сюжетті маған әңгіме қылып жазуымды өтінді. Кейін төсек тартып жатқанда, көңілін сұрап барып, «өлеңдеріңіз бар ма, кітабыңызды шығарайық?» дедім. Дәуітәлі ағатайым сонда жиырма баспа табақ өлеңдері «Жазушы» баспасында 12 жыл жатқанын айтты. Баспаның басшысы ақын Есенғали Раушановтан сұрағанымда, ыңғайы келмей жатқанын жеткізді... Содан ол кітап сол кездегі Мәдениет министрі Алтынбек Сәрсенбаевтың қолдауымен «Жұмағым мен тамұғым» деген атпен жалғанның жарығына шығардық. Өкініштісі, ағатайым ол кітаптың мұқабасын бауырына басып, мазмұнын парақтай алмады... » деді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғының лауреаты ақын Абзал Бөкен Алма­тыдағы ғұмырының 14 жылы Дәукең­мен дәуірлегенін айтты. Қимас та сыйлас ағасын ақтық сапарға аттандырған сәтін зор өкінішпен әңгімелеп «Қара томға ғана бізді қаратпай, Жүре тұрған жөн еді» деген өлеңімен сөз түйді. Аталмыш кештің жуан ортасында Сәкен сарайының ордалы төрін толтырған тағы бір топ, Астана мен Алматыдан келген ой қонақтары сөз алды. Ақын-жазушылардан кейін сөйлеген қаламгер-журналистердің көшін филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсын Жұртбай бастап шықты. Қарымды қаламгер Жанболат Аупбаев, ардагер журналист, қоғам қайраткері Есен Сафуани, ақмылтық журналист Сәу­лебек Жәмкенов – бәрі Дәуітәлі жай­лы дәмді де мәнді естеліктерімен бөлісті. Тү­гелі Дәуітәлімен группалас, парта­лас, тағ­дырлас, әріптес. Естеліктері жүрек­тер­ді елжіретіп, жанарларды мөлдіретіп кетті... Шын сөзді шыңыраудан шығарған достар Дәуітәлінің мәрт шығатын көңілі мен морт сынатын мінезін әзілмен әдемі өрнектеді. Дәуітәлінің дәуірін көз алдымызға әкелді. Ізгі-жарғы лебіздердің арасында сту­денттердің оқуындағы Дәуітәлінің жыр­- л­а­­ры мен дүлдүл әнші Дәуренбек Әркенов пен бұлбұл әнші Дана Мақшонова салған әндер сахнаға сән келтірді. Ақтоғай ауда­нының «Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблі салған әндерге де ел ек­піндете қол соғып, ризашылық танытты. Кеш соңында сахнаға ақынның жары Фарида ханым шығып, жан толқытар жалқы сәтпен бізді қауыштырды. Елге, жерге деген ризашылығын кестелі орама­лының жиегі жанарындағы маржан шықты тергенде байқадық. Екі Пайғамбардың есімін еншілеген ерек тұлғаға елі әлдеқашан жүрек төрінен орын ұсынған. Ол – Дәуітәлінің Жұмағы еді. Тамұғы – таршылық тағдыры деп тәпсірледік. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ