Конституцияғы енгізілген өзгерістер бойынша Әділет министрін бекіту және қызметінен босату Парламентке беріледі. Ал Ішкі істер министрін тағайындау және қызметінен босату өкілеттігі Президент құзыретінде қалады.
«Біріншіден, Ішкі істер министрі мемлекеттегі қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың жеке басының қауіпсіздігіне жауап береді. Елбасы - Қазақстан Республикасының Президенті өзінің жоғары мәртебелі лауазымына байланысты ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып саналады. Ал Ішкі істер министрлігінің құрамында Ұлттық гвардия бар. Ол тікелей әскери мекеме. Сондықтан бүгінгі таңда Елбасының жеке құқымен тағайындалатын және қызметінен босатылатын Ішкі істер министрі, Қорғаныс және Сыртқы істер министрі де осы тәртіппен қала береді", деді Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі бірлескен комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы қабылданды.