• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2017

«Наурызнама» тойы Түркістанда өтеді

161 рет
көрсетілді

Биыл Ұлыстың ұлы күні – 22 нау­рыз мерекесі Оңтүстік Қазақстан облысында жылдағымен салыс­тырғанда ерекше өтпек. Дәлірегі түркі ел­дерінен келетін мәртебелі мейман­дар Түркістанда бас қосады. Былтыр Түркістан Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып таңдалғаны белгілі. Мұндай мәртебеге бұған дейін Астана, Түркияның Ескішахар, Татарстанның Қазан, Түрікменстанның Мары және Әзербайжанның Шеки қаласы ие болған. Елдің абыройын асыратын бұл жауапкершілікті жақсы сезіне білген ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы, Мәдениет және спорт министрлігі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев тарапынан аталған жоба аясында атқарылатын іс-шаралардың жоспары бекітілген. Түркістанда биыл 40 шақты ауқымы зор мәдени іс-шара жоспарлануы осының айғағы. – 21 наурызға жоспарланған «Наурыз­намаға» 22 түркітілдес елден шақырылған мыңға жуық адам қатысады. 230-дан астам өнер ұжымы шақырылған. Сондай-ақ, еліміздің 16 облыс, қалаларынан және облыстың барлық аудан, қалаларынан арнайы делегациялар қатысады, – деді облыстағы әз-Наурызға әзірлік шарасына тоқталған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте. Осы шара барысында Түркістанда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет орталығында ресми қонақтардың қатысуымен «Түркістан және түркология» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді. Жалпы, биыл Наурыз мерекесі Оңтүстікте бір апта тойланады. Іс-шаралардың легі 15 наурызда «Наурыз патидан» бастау алмақ. Бұл шараның аясында түрлі ұлт өкіл­дері наурыз көже дайындаудан жарысса, Ұлттық өнер күнінде қолөнершілердің қолынан шыққан кәдесыйлардың жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ұлттық анимация мен кинотуындылардың көрсетілімі де осы екінші күнге белгіленіп отыр. 17 наурызда «Қош келдің, әз-Наурыз» мерекелік шарасы аясында жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен мектептерде жастардың бойын­да патриоттық сезімді қалыптастыратын түрлі мерекелер өтеді. Тазалық акциясы мен қайырымдылық шараларына да бір-бір күн арналады. 19 наурызда жұрт Ұлттық өнімдердің жәрмеңкесіне барады. Ұлыстың ұлы күнін тойлау 22 нау­рызда Шымкенттегі Наурыз алаңында жалғасады. Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Егемен Қазақстан»