• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2011

Дүңген сюитасы

595 рет
көрсетілді

Мұхаммед-Омар Паншаев – дүңген ұлтының өкілі. «КСРО Суретшілер одағының мүшесі» деген билетті жас кезінде-ақ қолына ұстаған талант иесі Жамбыл ауданындағы Жалпақтөбе ауылын­да 1957 жылы дүниеге келген. Ол 1972-1976 жылдары Чуйков атындағы Бішкек мемлекеттік көркемсурет училищесінде оқы­ды. 1976 жылы Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркем­су­рет институтына түсіп, оны Ресей халық суретшісі В. Г. Цып­ла­ковтың класы бойынша 1982 жылы ойдағыдай бітіріп шықты. Мұхаммед-Омар Бішкекте оқып жүрген кезінен бастап-ақ республи­ка­лық, халықаралық көрмелерге өз шығармаларын ұсына бастады. Бү­гін­де оның жүзден астам туын­ды­лары ТМД мен Еуропа, Қытай және Араб елдерінің музейлері мен га­ле­реяларында талғампаз қауым на­за­рын өзіне аударуда. Ол бүгінде ға­жап полотноларды өмірге әкелумен бірге жамбылдық талапты жеткіншектерді сурет салу өнеріне баулумен де шұғылданады. Яғни 1989 жылдан бері Тараз қалалық көркем­сурет мектебінің директоры болып абыроймен қызмет етуде. Суретші Мұхаммед-Омар Паншаев өнерінің «екінші тынысы» Қа­зақ елі тәуелсіздік алғаннан кейін ашылды. Ой бостандығы, шығарма­шы­лық еркіндік, «жабық тақырып­тар» тізімінің жойылуы оны шы­ғармашылық тың ізденістерге құл­шын­дырды. Әсіресе, дүңген ұлты­ның халық болып қалыптасу та­рихы­на үңіліп, оны өзінше өрнек­теуге ден қойды. Аңыздағы араб жігіті мен қытай қызынан дүниеге келген ұрпақтан тараған ұл-қыздар, бүгінде, Қытай мен Қазақстанда ормандай халық болып отыр. Бұл тарихи әфсана оның «Араб сериясы» және «Иран сериясы» деп аталатын суреттерінде шынайы көрініс тап­қан. Туған халқының төл тарихына байланысты осы тақырыпты ол, мысалы, Кеңес өкіметінің тұсында батылы барып жаза алмас еді. Бұл қазір ғана мүмкін болып отыр. Дүңген суретшісіне Қазақ елінің тәуелсіздігі сыйлаған тағы бір бақыт – алыс-жақын шет елдерге бару, көрме ұйымдастыру бұрынғыдай қиын болмайтын болды. Қазір кез келген талантты жан үшін Шы­ғыс­тың да, Батыстың да «есігі» ашық. Суреттерін сатып алушылар мен көрмесін ұйымдастыруға ықылас білдірушілер төл қаласы Тараздан бас­тап Астана, Алматы, Мәскеу, Бей­жін, тіпті, Тунис, Сауд Ара­бия­сы, Иран елдерінен де табылды. Өткен жылы оның «Шығыс ырғақ­тары» атты жеке көрмесі Алма­ты­дағы Ә.Қастеев атындағы музейде табыспен өтті. Суретшінің «Дүнген сюитасы» атты портреттер серия­сын толқымай, тебіренбей көру мүм­кін емес. Туған жердің ғажайып көріністері, бір атаның баласындай болып біте қайнасып кеткен ауыл тұрғындарының шынайы келбеттері және еңбекқор дүңген халқының ықылым замандардан бері ұстанып келе жатқан салт-дәстүрі суретші көзінен өткенде, жұрт байқай бермейтін жаңа қырынан айшықталады. Мұхаммед-Омар Паншаев өткен жылы «Президент Нұрсұлтан Назарбаев дүңген тойында» деген еңбек жазып бітірді. – Мұха, бұл еңбек қалай дүниеге келді?  – дегенбіз біз бірде кездескенде. – Сурет мынадай оқи­ғадан ту­ды. 90-шы жыл­дар­дың ба­сын­да Президент Нұр­сұлтан Назарбаев Тараз қа­ла­сының іргесіндегі біздің ауыл­­да болып, дүңген отба­сын­дағы отау құр­ған жас­тар­ға бата берді. Оны фотоқұжат арқы­лы дәлелдеп те бере аламын. Бірақ фотоқұ­жатқа қарағанда ғажай­ып сурет өнерінің жөні бөлек қой. Сондықтан қолы­ма еріксіз қылқалам алуыма тура келді, дейді ол. Мұхаммед-Омар Пан­шаев­­­тың айтуынша, Елбасы Жам­был облысына жолы түскен сайын еңбекқор дүңген ауы­лына со­ғып тұрады екен. Мы­салы, өт­кен жылғы сапарында көпба­лалы отбасының жағ­дайы­мен танысып қайтыпты. Дүңген халқының бір бөлегі сонау ХІХ ғасырда Қытайдан Тянь-Шань тауы арқылы қа­шып, қазақ халқынан жансауға сұрай келген. Қонақжай қазақ халқы қуғын көрген дүнгендерді жатсынбай Жал­пақтөбе деген жерге орналас­ты­рыпты. Содан Тараз қаласының іргесіндегі ауылды орыс ағайындар «Дунгановка» деп атап кеткен. Бүгінде Жам­был облысында дүңген ұлтының 30 мыңнан астам диас­порасы шоғыр­ланған. Олар өзде­рінің ана тілі мен салт-дәстүрлерін ұмытпау үшін «Вын­хуа» деп аталатын этномәдени бірлестік ұйымдастырған. Жас дүнген қыз-жігіттерінің «Гуонлен» атты бірлестігі бар. – Тәуелсіздік жылдары біздің ауыл бұрынғыдан өсіп, өркендеп кетті. Ал діні бір, яғни, мұсылман қазақ пен дүнген тамыр-танысқа, құда-жекжатқа айналды, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Мәскеу бейнелеу өнері академиясының профес­соры және академигі Мұхаммед-Омар Паншаев. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылы. ----------------------------------------- Суретте: Мұхаммед-Омар Пан­шаев­тың «Араб сериясы» тақыры­бына кіретін картинасының бірі.