Өмірдің шалқар дариясында шебер жүзе білудің өзіне ерекше қуат, жігер, қайрат керек екені рас. Мұның бәрін Жаратушы Иеміз әр адамның тағдырына қарай әрқилы етіп пешенесіне нәсіп еткен. Алайда, қызығы мен қиындығы үнемі қатар жүретін, кейде көңілдің аспанын күлімдетсе, енді бірде адамның жанарына мұң мен қайғыны қосақтататын өмір жолы ғажап бір құпия әлем болып мәңгі қала бермек. Ол құпия әлемнің жолы кейде даңғыл болса, кейде қылкөпір іспетті адамды үрейлендіреді. Үрейлендіріп қана қоймай, жолдың қиылыстарына келгенде адамды тіпті адастырып жібереді де. Осындай сәттер кімнің де болса басынан өтетіні шындық. Өмірдің біраз белестеріне жетіп, талай жолды артқа тастап, бұрылып бір қарап көрсек, үңіліп емес, жай ғана басымызды ақырын ғана бұрып арттағы іздерімізді шолып шықсақ көп нәрселерді аңғарамыз. Күліп те, жылап та көрдік, шаттанып та, өкпелеп те көрдік, мұңайып та, қуанып та көрдік. Алайда, осындай сәттердің бәрінде жүректерімізге ең жақын, ең абзал, ең ардақты әрі мейірімді жандар қасымызда болды. Тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай, қашан да бізді алға сүйрелеген, өздері кейде аш жүрсе де балапандарын тамақсыз қалдырмаған әкеміз бен анамыз қасымызда болды. Бізді жарық дүниеге әкелді, бақты, қақты, тәрбие берді, оқытты. Ең бастысы, адам, азамат болып қалыптасуымызға еңбектерін аямады.
Есейген сайын адам үшін әке мен ананың орны даралана түседі екен. Самайларындағы қырау іспеттес шаштарын, бет-ауыздарындағы қатпарлы әжімдерін көргенде, шыны керек, жүрегіміз сыздап кететіні бар. Тіпті жанарымызға жас та келіп қалады. Анамызды қашанда жас келіншек ретінде, ал әкемізді сымбатты әрі қайратты ер жігіт ретінде елестеткіміз келеді. Бірақ, уақыт әрқашанда өзінің қаталдығын істемей қоймайды екен. Мың жерден қиялданып армандағанымызбен өмірдің заңдылығы өз дегенін істеткізеді. Сұңғақ бойлы, жауырынды, қайратты жігіт шөберелердің қызығына тоймай жүрген бір ауылдың ақсақалына айналды. Қыпша белді, жүрісі шапшаң, қимылы ширақ анамыз кимешек киген, шөбере келіннің қолынан шай ішуге асыққан ардақты әже болды. Мінеки, өмірдің бар қызығы осында жатыр емес пе!
Әкеміз бен анамыз қартайса да көзімізге сондай сүйкімді көрінеді. Көмекейі ашылса жүрегі көрінетін, жүздері жарық, айналасындағы жандардың бәріне нұр сәулелі шапағатын сыйлайтын әкеміз бен анамыз биыл қол ұстасып бір күнде туған күндерін, торқалы тойларын бала-шағаларына тарту етіп жатыр. Әкеміз 75 жасқа келіп жатса, анамыз 70-ке толады. Осындай сәттерде еріксіз Алла Тағалаға іштей риза болып, «Е, Аллам, Құдіретті Раббым, осындай күнді көрсеткеніңізге мың да бір шүкір. Әке-шешемізге денсаулық бере көр»-деп жан-жүрегімізбен Алладан сұрайтынымыз жасырын емес. Ол кісілердің арайлы жүздеріне қарап өзіміз де бір марқайып қалатынымыз бар. Өмірдің ең тәтті, ең бақытты сәттері деген осы ғой!
Әкеміз бен анамыз екеуі де Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Әкем –Өнербаев Әлтай Өнербайұлы 1936 жылы 15 сәуір күні бүгінгі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Төлеби ауданы Көксайек ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келсе, анамыз Өнербаева Жанат Орынбайқызы 1941 жылы 15 сәуірде Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылында өмірге келеді. Анамыз 17 жасқа келгенде Өнербай атамыз Атбұлақ ауылына барып анамызға құда түсіп, ауылға алып келіп үлкен той жасап береді. Содан бері дәм-тұздары жарасып, тату-тәтті өмір кешіп өзгелерге үлгі болып келеді.
Біздің анамыз он құрсақ көтерген Ардақты ана. Ол 33 жасына дейін 10 баланы дүниеге әкеліп, КСРО кезінде Жоғарғы Кеңестің шешімімен «Ардақты Ана» атағына ие болған киелі ана. Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен 2004 жылы «Алтын алқаны» да алып отыр. Анамыз үй шаруасын былай қойған күннің өзінде он баладан кейін ауыл тіршілігіне белсене араласқан еңбекқор Ана. Әкеміз болса ешқашан да қабағын шытып көрмеген. Кісілік келбеті өзіне сондай жарасып тұратын сұлу жігіт болатын. Қанша жерден қиналып жатса да өмірден түңілмеген. Қолда жоқ болса да ешуақытта «жоқ» деп айтып көрмеген, барын елге бөліп берген жомарт болды. Қызметін С.Сейфуллин колхозында бастаған әкеміз зейнеткер атанғанға дейін осы ауылда «Казселхозтехника» деген үлкен мекемеде еңбек етті. Әрине, бірінші Алланың, содан барып әкеміз бен анамыздың арқасында біз де өстік, көктедік, көбейдік.
«Ана жүрегін сезе біл, оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың» – деп В.А.Сухомлинскийдің осы айтқан бір ауыз сөзін өте жиі еске аламын. Өз балаларыма да әрдайым ескертіп отырамын. Аналарын сыйласын, әкелерін аяласын дегенім ғой.
Тәңір берген сегіз ұл мен екі қызды әке-шешеміз жетектеп жүріп қоғамның бір кірпіші етіп қалады. Ұлдың үлкені Әлжан әке-шешеміздің үмітін алғашқы ақтаған бала болды. Неге дейсіз ғой?! Өйткені мектебін бітіргеннен кейін ол Мәскеудегі жоғары оқу орнына түсті. Сөйтіп, Мәскеуге барып оқуын тәмамдап қайтқан болатын. Әке-шешемнің бұл қуаныштарын енді сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын шығар. Өйткені кезінде қарапайым отбасынан шыққан баланың Мәскеуге барып оқуға түскені деген ол енді керемет ғажап абырой әперетін оқиға, мәртебе болатын. Ал бүгінде бұл ағамыз ірі кәсіптің басын қайырып, өз берекелі несібесімен бәрімізді қуантып жүр. Нұрлан ағамыз болса халыққа әйгілі өнер майталманы. Өнер саласынан бөлек қолына алған екінші дипломымен бүгінде еліміздің заң шығарушы органында елдің ертеңін ойлап депутат қызметін атқарып жатыр. Нұрланнан кейінгі Ерлан ағамыз ішкі істер қызметкері болған. Тағдырдың ауыртпашылығы әкем мен анамның бастарына түспегенде бүгінде Ерланның да қызығын көруші еді. Ерлан ағамыздың қызы Линура бүгін Лондонда оқып жатыр. Әттең, сұм ажал әке мен ананың өз баласына деген махаббатына аяушылық танытпады.
Ерланнан кейінгі ұлдар да белгілі, айбынды қызмет иелері. Ұшқышты да, заңгерді де, Жоғарғы Соттың қызметкерін де, оқу-ағарту саласына адал еңбек сіңіріп жүрген ардақты ұстаздарды да осы әулеттен таба аласыз.
Ұл-қыздардың ішінде екі бірдей өнер иелерін жұрт көргенде біздің әулетке өнер құдіреті қалай дарыған деген сұрақтың туындауы да заңды. «Әу» демейтін қазақ жоқ демекші, әрбір қазақ, соның ішінде біздің отбасымыздың әрбір мүшесі әнді жақсы айтады. Кезінде, балалық шағымызда әжемізге көмектесіп жүн түтісетінбіз. Жүн түтіп жатқан кезде әжеміздің қоңыр да назды дауысы бәрімізді де тамсандыратын. Белгілі композиторлардың әндерін жаттатқызып, қатар-қатарымен айтқызатын еді. Осындайда туындаған қызығушылық болу керек, ағаларымыз өнер жағына бейімделе бастады. Мектептегі барлық мәдени шараларға белсене қатысып, өнер жолын таңдады.
Бүгінде әкеміз бен анамыз Жеңіс деген ұлдарының қолында. Жеңіс бауырымыздың өмірлік жары Зәуренің атын ерекше атап өткім келеді. Өйткені әке-шешемізді өз қолына алып, тамақтарын істеп, шайларын беріп, қолдарына жылы су құйып, бағып-қағып жатқан алтын келініме өте ризамын. Әке-шешемізді күтіп, бағудан бөлек өздерінің 5 баласы бар. Бүгінгі таңда келіндердің қайын атасы мен енесіне қарауының өзі бір қиямет-қайымға айналғаны шындық қой. Сондықтан да әкем мен шешемді алақандарына салып отырған Жеңіс бауырым мен Зәуре келініме ерекше ыстық ықыласымды білдіргім келеді.
Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған әкеміз бен анамыз қазір он баладан тараған 31 немере, 4 шөберенің қызықтарын көріп жүр. Ай сайынғы алатын зейнетақыларын сол ұрпақтарының қызықтарына жаратып жүр. Егер той-томалаққа барып жатса той иелеріне зейнетақыларымен сыйлық та алып барады. Қолұстасып тойға бара берсе екен деймін. Алда болатын талай той мен думанның ортасында шашу шашып жүрсе адамның жанын сүйсіндіреді емес пе! Әкеміз бен анамыз алғашқы немеренің қызығын 1982 жылы Мақсат пен Айдостан бастап көрсе, тұңғыш шөбере көру қызығы Алла Тағала 2007 жылы бұйырды, алғашқы шөберенің есімі Илигай.
Ерлан ағамыздың қазасы кімге де болса оңай болмағаны рас. Баласын өздерінен бұрын шығарып салу әке мен шешеге өте қатты ауыр келеді. Осы оқиғадан кейін әкеміздің де, анамыздың да денсаулықтары сыр бере бастады. Сергек, тың жүретін әке-шешеміз әлсіреп қалды. Бұрындары дәрі деген атаулыны көрмеген әкем мен анам Ерланның қазасынан кейін дәрі-дәрмекті жиі ішетін болды. Ал мұның бәрі біздің жанымызды жегідей жеді. Әкеміз бен анамызды қатты аяп кеттік. Қолымыздан келгенше сол кісілердің көңілдерін аулауға, ел қыдыртып жер көруге алып шыға бердік. Мұның бәрі көңілдерін жасайық деген ниеттен шыққан әрекеттер ғой. Әрине, әке-шешенің балаларын аралап, немере-шөберелерінің қолдарына кәмпит ұстатып жүрген бақыттан басқа қандай бақыт болуы мүмкін?!
Қазір адам есейген соң ойында түрлі қиял-армандары болады екен. Бірақ бәрінің де алдында әкеміз бен анамыздың денсаулығы, амандығы бірінші кезекте тұрады. Сол кісілердің күліп-ойнап араларымызда жүргенін, ұлына ақыл айтып, келініне кеңес беріп, ұрпақтарының тілеулерін тілеп отырған көрінісі қандай тамаша десеңізші!
Ләйім, солай бола берсе екен! Денсаулықтары мықты болып шөбере келіннің қолынан шай ішіп, оның баласын әлдилетіп бесік жырын айтса екен дейміз. Ауырмаңыздаршы. Сіздер сәл бір жеріміз ауырып тұр десеңіздер біздің жүрегіміз ауырады. Жүрегімізге ине қадалғандай шаншып маза бермейді. Сондықтан да аман-есен жүріп, үйден үйге қыдырып, Астана, Алматы, Шымкент қалаларын аралап, балаларыңыздың қастарында жүре берсеңіздер бізге сол да жетеді. Одан асқан байлық, одан асқан арманымыз болмайды біздің.
Жеке өзім барлық балалар мен немерелердің, шөберелердің аттарынан сіздерге перзенттік алғысымызды білдіргім келеді. Бізді өсіріп, бағып, ешкімнен кем етпей қатарға қосқандарыңыз үшін өмір бойы сіздерге қарыздармыз. Міндетті түрде перзенттік борыштарымызды өтейміз. Бас иіп, сіздерге алғыстан бөлек амандық, денсаулық тілегім келеді. Күндеріңіз қуанышқа, көңілдеріңіз шаттыққа толы болсын. Алдағы көретін күндеріңіз көрген күндеріңізден де шуақты, нұрлы болғай!
Ал енді Сіздерге жүрегімді жарып шыққан мына жыр жолдарын арнаймын.
Шөбере келін шай берсін
Бозала таңда бозторғай сынды шырылдап,
Он балаға орнаттыңдар-ау шырын бақ.
75-пенен 70-ке келген ата-анам,
Торқалы тойға толғана келдім жырымды ап.
Бұл тойдың мәнін демеймін бәрі ұғынар,
Бақыт қой өмір, көрсетер бірақ дығы бар.
Балалар үшін көтерген Сіздер жүкті артса,
Нар қоспақ түйе шыдамай, бәлкім, жығылар.
Шалдығып, шаршап, жұмыста жүріп күн ұзын,
Тағдырдың көріп талай да талай шыжығын,
Өздері үшін ұмытып өмір қызығын,
Аяулы менің ата-анам, өсірген он бұзығын.
Отаншылдарым, елінің жайын ойлаған,
Түз қамы бітсе, шаруасын үйдің жайлаған.
Қол ұшын беріп туысқа, әрбір досына,
Қатпарлы заман тереңіне бойлаған.
Қайғы да болды өмірде мынау, не айтам?
Келгенше шама мұңдарыңызды азайтам.
Түгесілмесін Әке мен Ана шуағы,
Дегендей тілек, балалық ерке наз айтам.
Өнербай жұрты дәстүрі де, салты да,
Шетінен бәрі, қадірлі туған халқына.
Ұлыңыз Нұрлан кәусар ән шашып еліне,
Парламентте отыр заңдарды салып талқыға.
Заңдылық сақтау ісіне ерен құлшынған,
Ұлдарың Ерлан көрінер ме еді бір шыңнан?
Генерал болып жүрер еді ғой жарқылдап,
Қиылмаса, әттең, отыз жасында қыршыннан.
Тұңғыш ұл Әлжан кәсіпкер болды баста нық,
Әулетке – жомарт. Көрген жоқ одан жасқанып.
Жоғарғы Сотта бір балаң жүрсе заң қорғап,
Дүние ұшағын бір ұлың отыр басқарып.
Марқайып достар, дұшпандар әбден күйіпті,
Ұрпақты көріп өсірген Сіздер сүйікті.
Тәуелсіз елде өркенін жайған ата-анам,
Сіздерге қарап ұрпақтар көп ой түйіпті.
Қызық қой өмір, толады көңіл-кенере,
Болсыншы қамқор отыздан астам немере.
Шөбере төртеу, көбейе берсін көбейе,
Айтыңыздаршы, бұл бақыт емей немене?!
Демеңіздерші «Қажыдым, шаршап, қартайдым»,
Қаратау – әкем, ал анам – шыңы Алтайдың.
Ұландарыңыз айтады әркез мақтана
«Ұрпағымыз, – деп, – ардақты Жанат – Әлтайдың!»
Ойламаңыздар «Думанды өмір тарқады»,
Ұрпақтар барда алдыға үміт тартады.
ЖҮЗ жасқа келіп, шөбере келін шәй берсін,
Ал, құтты болсын мерейтой мынау торқалы!
Бахтияр ӨНЕРБАЕВ, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының бірінші орынбасары.